Қазиев Ермек
Ермек Еселұлы Қазиев мәдениет саласында еңбек етіп, өнер жолына түскеніне де 30 жылдан асып барады. Аудандық халық оркестрі мен облыс артистерінің делегациясы құрамында әр жылдары халық шығармашылығының облыстық, аймақтық, республикалық байқау-конкурстарына қатысып, Халық шығармашылығының І,ІІ,ІІІ Бүкілодақтық фестивальдерінің лауреаты атанды. 1980 жылы Москвадағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, 1983 жылы ҚСРО Мәдениет Министрлігінің медалімен марапатталды. 1985 жылы республикалық телевизиялық конкурстің, 3 рет республикалық конкурстың және Москвада өткен Бүкілодақтық конкустың лауреаты атанды. Ермек Еселұлы Астананың, Алматының, Атыраудың, Ресейдің Волгоград, Саратов, Астрахань, Самара, Орынбор сонымен қатар Қазақстанның көптеген қалаларының сахналарында Қазақстан делегацияларының құрамында өнер көрсетті. 1985 жылы Қазақстанның атынан облысымыздың мәдени делегациясы құрамымен Германияның бес қаласында болып, домбыраның қос шегінде күйлерді шебер орындап, көрермендердің ризашылығына бөленді. М.Ташмұхамедов атындағы Бүкілодақтық дыбыс жазу фирмасынан Е.Қазиевтің орындауындағы күйлер жазылған 3 күйтабақ жарық көрді (1979,1985,1989 жж.). 1992 жылы Ермек Қазиевке көркемөнерпаздық шығармашылықты дамытуға сіңірген еңбегі және халыққа мәдени қызмет көрсетуге белсене қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді.
Е.Қазиев Қазақстандағы күй өнері саңылақтары Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек күйлерін баз қалпында орындап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан бірден бір күйші. Ол домбырашылық өнердің Батыс Қазақстанда қалыптасқан дәстүрлі екі бағытын- Құрманғазы стилі мен Дәулеткерей дәстүрін және Динаның стилін тамаша меңгерген.
1998-2007 жылдары Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Қали Жантілеуов, Охап Қабиғожин, Науша Бөкейханов, Мәмен атындағы республикалық конкурстарда қазылар алқасының мүшесі болды. 2006 жылы Алматы қаласында өткізілген «Күй керуен» Көктөбе фестиваліне қатысып, «Алтын» қобызбен марапатталды.
Е.Қазиев 2001 жылдан күні бүгінге дейін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда жеке-солист жетекші-домбрашы, сонымен қатар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің өнер институтында аға оқытушы болып, домбырадан жас өнерпаздарға дәріс беріп жүр.