Қытай қазақтары жаңадан құрылған IKAZAKH.COM сайтын қолдана бастады
Сайт құрушысының айтуынша, біріншіден «iKazakh» сөзі ағылшын тілі бойынша мен қазақ сөзін ұғындырса, екіншіден қытай тіліндегі ai(爱) – сүйу, жақсы көру сөзімен үндес келіп, мен қазақты сүйемін деген мәнді де меңзейтін көрінеді. Қолданушылары күннен-күнге артып келе жатқан сайттың «Мен қазақпын – Дүние қазақтары», «Оралман және виза», «Мәдениет», «Дін», «Аударма және шетел тілі», «Жаңалықтар», «Спорт», «Музыка» сияқты 40-қа таяу айдарды қамтитына көз жеткіздік. Көп ұзамай жаңа сайтқа кирилл және латын нұсқасы да қосылады екен. Осы орайда қандасымыздың латын әліпбиіне көшу жайлы көзқарасын да білуге тырыстық. «Меніңше латын жазуына тездеп көшетін болсақ әлем қазақтарының әліпби алуандығын шешер едік. Алфавит – бір ұлттың тіліне, мәдениетіне үлкен өзгеріс әкелетін фактор. Сондықтан, біз жаппай латынға көшу арқылы тек ғаламтор әлеміндегі қиындықтарды ғана шешіп қалмай, қоғамдағы үлкен рухани серпілісті орындайтынымызға күмән келтірмеймін»,-дейді ол.
Соңғы кездері Қытайдағы қазақ тілді сайттары жұмысының уақытша тоқтап жататынын да көріп жүрміз. Біздің білуімізше бұл Қытайдағы қазақ сайттарының басына жиі келетін қиындық. Демек, қазақ сайттары Қытайдағы интернет полицейлері жағынан шектеуге көп ұшырайды екен. Еркебұланның пікіріне сүйенсек, Қытайдағы ресми үкіметтік қазақ сайттары болмаса жекелеген порталдардың халы тым мүшкіл. Ұлттық мәселеге саятын тақырыптар бой көтерсе немесе қазақтың мүддесіне қатысты ойлар айтылса қытайлардың көзіне тез түсетін көрінеді. Қаншама жақсы сайттар осының кесірінен жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Майгүл СҰЛТАН
BAQ.kz