Ұлттық нақыштағы жәдігерлер көрмесі (видео)
Петропавлда «Әжелер құпиясы» атты сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашылды.
Жұртшылық назарына славян халқының салт-дәстүрін әспеттейтін 150-ден астам түрлі жәдігер ұсынылды. Мұражай бөлмесі негізінен кең қолданыста болған тұрмыстық заттарға толды. Шойын үтік, самаурын, ыдыс-аяқ пен ағаш сандық. Мұның барлығы адамның қолынан шыққан дүниелер. Ұлттық нақышта жасалса, кейбірі түрлі наным-сенімдерге байланысты қиялдан туған. Көне бұйымдардың көбі XIX ғасырдан қалған. Атадан мирас болып қалған заттарды мұражайға тұрғындар тапсырған.
Жібек ЖҮЗЕНОВА, мұражай қызметкері:
- «Әжелер құпиясы» деп аталатын біздің көрмеміз барысында балаларды ең қызықтыратын жәдігер ол – самаурын болып табылады. Самаурындар бастапқы кезде бір-бірден емес, дюжинамен сатылған. Дюжина дегеніміз - 12 дана. Бір үлкен қорапқа салынады. Өлшеген кезде бағасы 98 рубль болған. Сол кездегі мәлімет бойынша бір жылқының бағасы 100 рубльді құраған.