Жаңалықтар

Қазақ әдебиеті

  Соңғы редакциялау: 19 қазан, 2012   Қазақ әдебиеті – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерінің асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерінің тегі әріден, түркі тілдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезінен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негізі сол тайпалар шығарған ертегі, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Батырлардың отаншылдық сезімі, туған халқының азаттығы жолындағы күрестерін жырға қосқан батырлық эпостар (“Қобыланды батыр”, “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, т.б.), халық арасына кең тарап, сүйікті шығармасына айналған, жастардың адал махаббаты, алмағайып тағдыры жырланған лиро-эпик. дастандар (“Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, т.б.) қазіргі Қ. ә-нің өз алдына мол мұрасы болып саналады; қ. Ауыз әдебиеті. Ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бірлігі көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғыл. негізде дәлелденді. Сол себепті б.з.б. дәуірлерде шығарылған “Алып Ер Тоңға”, “Шу” батыр, “Атилла”, “Көк бөрі” және “Ергенеқон” дастандары бүгінгі Қ. ә-нің қайнар-бастаулары болып табылады. Сондай-ақ аталған қаһармандық дастандар өзінен кейінгі тарихи кезеңдердегі – Түрік қағандығы тұсындағы (8 ғ.) әдеби жәдігерлердің (“Күлтегін”, “Тоныкөк”, “Білге қаған” жырлары) жазылуына үлгі-өнеге, негіз болды. Түрік қағандығы тұсындағы жазба әдебиет өзінен бұрынғы сақтар мен ғұндардың ауыз әдебиеті үлгілерімен генезистік, типол., дәстүрлік үндестікте дамыды. Түрік қағандығы дәуірінде шығарылған ерлік эпосының бірі – “Қорқыт ата кітабы”. Ал, бұдан кейінгі Қарахан мемлекеті тұсындағы немесе ислам дәуірі (10 – 12 ғ.) деп аталатын тарихи кезеңдегі түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы Қайта өркендеу – Ренессанс дәуірі деуге болады. Бүкіл түркі қауымын әлемге танытқан Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ахмед Иүгінеки, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. осы Қайта өркендеу дәуірінде тарих сахнасына шықты. Олар өзерінің ғыл. және көркем туындыларында гуманистік идеяларды, адамгершілік пен қайырымдылықты, т.б. ізгі қасиеттерді көтерді. Бұған әл-Фарабидің “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”,  ибн-Синаның “Даныш-намесі” (“Білім кітабы”), әл-Бирунидің “Хикметтері” (“Даналық сөздері”), Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғат ат-түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”), Баласағұнидің “Құтты білігі”,  Иасауидің “Диуани хикметі” (“Ақыл кітабы”), Бақырғанидың “Бақырғани кітабы”, т.б. толық дәлел бола алады. Алтын Орда дәуірінде (13 – 15 ғ.) Қыпшақ даласындағы түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениеті мүлдем жаңа сапалық дәрежеге көтерілді. Бұл кезде мемлекет астанасы болған Сарайшық қ-на Батыс пен Шығыстың аса көрнекті ғалымдары, сәулетшілері, ақындары, өнер қайраткерлері, т.б. жиналған еді. Алтын Орда дәуірі әдебиеті тұсында әл-Хорезмидің “Мұхаббат-наме”, Сайф Сараидің “Гулистан бит-турки”, (“Түркі тіліндегі Гүлістан”, Құтбтың “Хосрау – Шырын”, Дүрбектің “Жүсіп – Зылиха” дастандары ерекше мәшһүр болды. Сондай-ақ, Насреддин Рабғузидің “Қисса-сул әнбия” деп аталатын прозалық шығармасы да кең тараған болатын. Қыпшақ тілінің сөздігі – “Кодекс куманикус” атты кітап та заман талабы бойынша өмірге келген туынды еді. Қ. ә. тарихының ежелгі дәуірін танып-білуде тарихи тақырыпқа жазылған көркем шежірелер де ерекше маңызды рөл атқарады. Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан мұндай шежірелерді қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы білген. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетіне тікелей қатысты түркі тіліндегі осындай жәдігерлердің ішінен Әбілғазы Баһадүр ханның “Шежіре-и Түрк” (“Түрік шежіресі”), Қыдырғали Жалайыридің “Жамиғ-ат тауарих” (“Шежірелер жинағы”), Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың “Бабыр-наме”, Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашидиі” ерекше орын алады. Бұлар ежелден-ақ қазақ оқырмандары арасында тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындылар ретінде қабылданды. Қадым замандардағы сақтар мен ғұндардың аңыз-әфсанаға айналып кеткен ерлік тарихынан, көк түріктердің ежелгі қаһармандық шежіресінен сыр шерткен жыр-дастандар бертін келе, қазақтың батырлық жырларының идеялық және көркемдік тұрғыдан қалыптасуына тікелей ықпал етті. Ал, ислам діні дәуірінде өмірге келген этик.-дидактик. мазмұндағы дастандар мен сопылық сарындағы хикметтер, моральдік-филос. трактаттар, ғибрат сөздер, т.б. қазақ ақын-жырауларының толғау-жырларынан өзінің логик., тарихи, көркемдік жалғастығын тапты. Қазақтың ұлттық әдебиетінің төл тарихы қазақтардың ұлт болып қалыптасуы мен дербес мемлекеттігін құрудан басталады. 15–16 ғ-ларда қазақ жыраулары ежелгі түркі поэзиясындағы дидактик. сарынды мазмұндық, тілдік, стильдік жағынан жетілдіре түсті, гуманистік, филос. ой-пікірлерді қоғамдық дамудың жаңа асқар биігіне шығарды; қ. Жыраулық поэзия. 18 ғ-дың соңына қарай, Қ. ә-ндегі жыраулық дәстүр біртіндеп ығысып, жеке ақындық өнерге орын бере бастады. Жыраулық поэзияның қалыптасқан сөз саптауы, ел тағдырын ту етіп ұстап, ерлікті мадақтаған биік үні бір ізге түсіп, жеке ақындық өнер арқылы күнделікті тіршіліктің сан-саласына, адам өміріне, оның ісі мен мінез-құлқына, қоғамдағы орны мен қызметіне көңіл бөлінді. Бұл – әдебиет дамуындағы жаңа дәуірдің басы еді. Ақындар шығармаларының тақырыбын кеңейтіп, өмір шындығын нақты тануға, оған өз көзқарасын білдіруге ұмтылды. Бұл арқылы жеке ақындық өнер байып, өзіндік көркемдік бояу іздеу жолына түсті. Осы жолмен ол ауыз әдебиеті дәстүрлерін сақтай отырып, кәсіптік поэзияның қалыбына кірді. Осындай жеке ақындық шығарм-тың туу кезеңінде өмір сүрген Көтеш, Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) өлеңдерінде жеке адамға бағытталған арнаулар, адам өмірі, оның мәні мен сәні, фәнилік пен бақилық жайы суреттелді, оларда тапқырлық, бейнелілік, шынайы поэзияға тән лирик. “мен” көрініс тапты. 19 ғ-дан бастап қазақтың жазба әдебиеті – әлеумет халін ұғып, ел қамын жақтауға кірісіп, өлең бұрынғыша, қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастады, елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдердің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт санасын құрауға кірісті, бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы бой көрсетті. Осындай әлеуметшілдік сарынды көбейткен тарихи оқиғалар бұл дәуірде орыс отаршылдығымен байланысты туды. Ресей империясына бодан болу, сонымен байланысты туған ел ішіндегі өзгерістер, қанаудың күшеюі, халық тың тіршілік ету аясының тарылуы, ұлттық намыстың тапталуы қазақ ақындары шығармаларында кеңінен бейнеленді. Осы өзгеріске қарсы анық наразылық Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінен айқын көрінеді. Махамбет жырлары – Исатай Тайманов бастаған көтерілістің  (1836–37) ұраны, үні. Мұнда көтерілістің мақсат-мұраты (“Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем деп”), оған қатысатын ерлердің сипаты (“Ереуіл атқа ер салмай”), соғыс суретттері (“Соғыс”), Исатайдың батырлығы мен оны жоқтауға арналған жырлар (“Тарланым”, “Мұнар күн”), ақынның өз жайына, көңіл-күйіне (“Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, “Қызғыш құс”) байланысты өлеңдеріне жалғасып, тұтастай көтеріліс тарихын, сол кезеңдегі әлеум. жағдайды бейнелейді. Исатай-Махамбет көтерілісіне тілектес ақындар қатарындағы Шернияз Жарылғасұлының Исатайды мадақтап, Баймағамбетті даттайтын өлеңдері батылдығымен, тапқырлығымен бағалы. Исатай–Махамбет көтерілісіне жалғас туған Кенесары–Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысы да (1837 – 47) өзіне тілектес әдебиет тудырды (“Наурызбай – Қаншайым”, “Топ жарған”, “Жасауыл қырғыны”, Нысанбай Жаманқұлұлының “Кенесары-Наурызбай” жыры). Сыр бойында, Бат. Қазақстанда өткен патша отаршылдығына қарсы көтерілістер кезінде жаңа жырлар туды (“Бекет батыр”, “Жанқожа батыр”). Отаршылдыққа қарсы күрес поэзиясы қазақ көркем сөзінің дамуында озық идеясымен, халықтық мазмұнымен жаңа белес саналады. Билеушілерге қарсы наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия туды, адамды суреттеудің жаңа тәсілдері қолданылды. Осы қатардағы ақындар ішінде Жанақ Сағындықұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Сүйінбай Аронұлы елеулі орын алады. Отаршылдық дәуір әдебиетінің ақындары шығармаларында ел байлығының талауға түсіп, халықтың кедейшілікке ұрынып, қоныстың тарылуы, зорлық-зомбылықтың күшеюі, парақорлықтың етек жаюы, адамдар мінез-құлқының өзгеріп, ұсақталып, берекесіздікке түсуі, дін шарттарының еленбеуі, т.б. жағдайлар кең қамтылып, көркем бейнеленді. Оларды заман қайғысы, өткенді ойлап торығу, алдағы өмірден шошыну зары біріктірді. Бұл сарынның көрнекті ақындары – Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір Шоқанұлы, т.б. халықтық поэзияның түрлерін жетілдірді. Оны заман шындығын бейнелеумен шебер байланыстыруда, реализмді байытып, адам психологиясындағы өзгерістерді жарқын суреттеуде, тіл өрнегінде сан алуан жаңалықтар табуда осы топтағы ақындардың еңбегі үлкен. Олардың біразы отарлаушыларға шошына қарады, дегенмен шығыс әдебиетімен, діни әдебиет үлгілерімен жете таныс болуы арқасында көркемдік құндылығы жоғары туындылар жасады; қ. Зар заман ақындары. Қазақ әдебиетінің өскелең бағытын айқындауда 19 ғ-дың екінші жартысында туған демокр. ағартушылық әдебиеттің орны ерекше. Бұл әдебиеттің өкілдері Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов ғылым-білім, оқу-өнер арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдікке жетуге болатынына сенді. Шоқанның ғыл. көзқарасы, қызметі арқылы қазақ елі ішінде ағартушылық, демокр. идеялар тарады. Ыбырай әдебиетке деген ұғым, түсінікті жаңартып, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі ұлы күш екенін көрсетті. Өзі балаларға арналған әңгімелер, өлеңдер жазды. Көркем сөз өнерінің кемелденуі, өлең сөздің қоғамдық қызметін көтеру, сол негізде жаңа көркемдік әдіс – реализмді қалыптастыру ұлы Абайдың үлесіне тиді. Ол Еуропа мен орыстың классик. әдебиетін еркін меңгеріп, көркемдік таным мен талғамға жаңа талаптар қойды, жаңа сипатты поэзия туғызды. Классик. әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аударып, қазақтың төл әдебиетімен қатар қойды, Қ. ә-нің эстет. принципі Абай шығармаларында жүзеге асты. 19 ғ. әдебиеті ұлттық таланттардың көптігімен және олардың бір-біріне ұқсамайтын сан алуандығымен көзге түседі. Онда айтыс ақындары (Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Бақтыбай, Кемпірбай, Сабырбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәбия, Ақбала, т.б.), әнші ақындар (Біржан сал, Ақан Сері, Сегіз Сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б.), қиссашыл ақындар (Жүсіпбек Шайхисламов, Ақылбек Сабалов, Шәді Жәңгіров, Мәулекей Юманчиков, Кашафутдин Шахмарданұлы, т.б.) жыршы-жыраулар дәстүрін жалғастырып, халықтық әдебиет үлгілерін сақтап жеткізушілер (Марабай, Абыл, Нұрым, Мұрын, Ығылман, т.б.) қатар өмір сүрді. Бұлардың барлығы өз мүмкіндіктерінше әдеби арнаны толықтырды, өмірді өзінше танып жырлады. Қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар осы кезде басылды (“Өсиет наме” – 1880, “Бала зар” – 1890, “Диуани хикмет” – 1896, т.б.), фольклорлық мұралар жинақталып, жарық көре бастады. Қ. ә-нің көрші халықтар әдебиеттерімен байланыстары ұлғайып, жаңа аудармалар пайда болды; қ. Әдеби байланыс. 20 ғ-дың басындағы Қ. ә. ұлы Абайдың ағартушылық, демокр. дәстүрін жалғастыра отырып, отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсіздікті аңсау идеясын ашық және батыл көтерді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қазақ халқының тарихи-мәдени дамудан кенже қалып, қараңғылықта отырған күйін суреттеп, елді өнер-білімге үгіттеді. Жаңалыққа енжар, ұйқыда жатқан қазақты бірі “Маса” боп құлағына ызыңдап, бірі “Оян, қазақ” деп, бар дауыспен жар салды. Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы дүбірмен оянғандар еді. Сұлтанмахмұт Торайғыров Қ. ә-н көркемдік-эстет. тұрғыдан байытып, жаңа жырлардың туып, жетілуіне үлес қосты. Оның “Қамар сұлу”, “Кім жазықты?” атты романдары, “Адасқан өмір”, “Кедей”, “Таныстыру”, “Қала ақыны мен дала ақынының айтысы” поэмалары, лирик. өлеңдері, публицистик. мақалалары ақынның әр саладағы ізденістерін танытты. Әдебиеттегі сыншылдық бағытты дамытып, ағартушылық идеяны көркем сөз арқылы өрістетуге Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы, Бернияз Күлеев, т.б. елеулі еңбек сіңірді. Олар ақындық өнерді әр жағынан жетілдірді. Сәбит шағын, сюжетті өлеңдер мен мысал жанрында өнімді еңбек етсе, Бернияз заман шындығын лирик. өлеңдермен ашуға ұмтылды. Ауыл мектептерінде сабақ берген Спандияр мен Бекет еңбектері олардың ұстаздық, ағартушылық көзқарастарымен байланысты еді. Көбеев “Қалың мал” атты роман жазды. “Айқап” журналын шығарған белгілі журналист Сералиннің әлеум. теңсіздікті бейнелейтін дастандары (“Гүлқашима”, “Топжарған”)  басылды. Отаршылдық қанауды, ел билеу жүйесіндегі саясатты, қазақ қоғамының мешеу күйін сынауда Ғұмар мен Нарманбет өлеңдері едәуір көркемдік табысқа жетті. Бұл дәуірдегі әдебиет ақын-жазушылардың ұстаған жолы мен көркемдік ізденістері, бағыт-бағдары жағынан біркелкі емес еді. Олардың ішінде таза қазақы дәстүрге сүйенген, аракідік шығыс әдебиетінен хабары бар ақындар тобы болды. Олар да ел ішін жайлаған надандықты, ел билеушілердің әділетсіздігін, патшаның отаршылдық саясатын сынады. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, Нұржан Наушабаевтың реалистік өлеңдері дәуір шындығын ашып көрсетті. 20 ғ-дың басындағы әдебиетті толықтыруда “Исатай-Махамбет” дастанының авторы Ығылман Шөрековті де, Қ. ә-нің дәстүрлі саласын дамытқан әнші-ақындар легінде (Майра, Иманжүсіп, Мәди, Кенен, Үкілі Ыбырай) атап айтуға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батырлары Амангелді, Бекболат, т.б. туралы жырлар туды. Көтеріліске байланысты туған халық поэзиясы ғасыр басындағы әдебиеттің демокр.-халықтық бағытын толықтырып, оны жаңа мазмұнмен байытты; қ. Қазақ халық поэзиясы. Қ. ә. тарихында кеңес дәуірі ерекше із қалдырды. Бұл кезең, негізінен, ұлттық әдебиеттің өрлеу жолынан өткен, жанрларын байытқан, одақтық, сол арқылы, әлемдік әдебиетпен қарым-қатынасқа түскен шағы болды. Алайда, әдебиеттің даму қарқыны үнемі біркелкі болмады. “Әдебиеттің партиялылығы” принципі оның тақырып таңдауына кері әсер етті. Әдебиетте науқаншылдық өрістеп, адамзат мүддесіне ортақ мәселелер жеткіліксіз көтерілді, оның алдына бірыңғай кеңестік жүйенің “артықшылығын” дәлелдеу міндеті қойылды. Соған қарамастан ұлттық әдебиет туған халқының өмірімен байланысын үзген жоқ, оның қайшылықты өмір жолын көркемдікпен тануға ұмтылды. Әдебиетшілердің бір тобы Кеңес өкіметінің теңдік, әділдік ұрандарын қолдап жаңа жырлар туғызды. Олардың басында Сәкен Сейфуллин тұрды. Сейфуллин жырларында азаттық, теңдік аңсаған, сол үшін күрескен жаңа адамның бейнесі жасалды. Ол табиғат суреттері мен махаббатты, сезімді жырлаған лирик. өлеңдер, поэмалар (“Көкшетау”, т.б.), прозалық шығармалар (“Тар жол, тайғақ кешу”) жазды. Сәкен бастаған бағытқа Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Шолпан Иманбаева, Сәбит Мұқанов, т.б. ақын-жазушылар үн қосты. Олар қазақ жерінде жаңа туа бастаған кеңестік шындықтың жарқын жақтарына ризашылық білдіріп, шаттық жырын жырлады. Алайда, 20-жылдардағы ашаршылық пен шаруаларды күштеп ұжымдастыру, қолдағы малды тартып алу, содан туған қуғын-сүргін көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігін қиындатып жіберді. Бірақ бұл жағдайды суреттеуге кеңес әдебиеті бара алмады. Осы олқылықтың орнын Мағжан Жұмабаев шығармалары ғана толықтыра алды. Большевиктер билігін қабылдамаған Мағжан демокр. әдебиет дәстүрін жалғастыра отырып, халық басындағы қайғылы тұстарды көркем суретке түсірді. Ол өмірдің мұңды, қайғылы жақтарына көп үңілді, өкініш пен күйінішке бой алдырды. Бір мезгіл орыс декаденттеріне еліктеп өлеңдер жазды. Мағжанның махаббат пен табиғат жырлары да қазақ лирикасының ең жарқын беттері болып саналады. Сәкен мен Мағжан шығармалары 20-жылдардағы Қ. ә-ндегі екі сарынның бейнесі іспетті. Жаңашыл жас ұрпақ Сәкен маңына топтасты. Әдебиеттің өмір жаңалықтарын зерттеп, жаңа тақырыптарды игеруге бет бұрды. Азаматтық, саяси лирика дамыды, лирик.-публицистик. поэмалардың үлгілері туды. Көркем проза, драматургия даму жолына түсті. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов осы екі жанрда бірдей елеулі шығармалар берді. “Қилы заман”, “Қараш-қараш” оқиғасы, “Қартқожа”, “Ақбілек”, т.б. повестер мен романдар, “Еңлік-Кебек”, “Қаракөз”, “Мансапқорлар”, “Шернияз” сияқты пъесалар жазылды. Әңгіме жанрында Майлин жемісті еңбек етті. Әдебиетші кадрлар қатары өсіп шықты. А.Тоқмағамбетов, Ө.Тұрманжанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Шәріпов, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов, М.Дәулетбаев, т.б. шығармалары әрқилы әлеум. көзқарастарына қарамастан, 20-жылдар әдебиетінде жаңа бетбұрыс жасалғандығын көрсетеді. Мұндай қарқынды бұған  дейін  ешбір  әдебиет тарихы көріп-білген емес. Оған азаттық идеясының әсері болғаны даусыз. 30-жылдар Қазақстан экономикасын, мәдениетін кеңес саясатына ыңғайлау ұранымен басталды. Соц. реализм әдісі қабылданып, әдебиет соц. шындықты бекітетін материалдар негізінде жұмыс істейтін болды. Бұл, белгілі дәрежеде, әдебиеттің еркіндігін шектеді. Осы шектеуге алдымен қазақ поэзиясы ұшырады. Ол 30-жылдары, негізінен, жаңа соц. отанды мадақтауға, елді индустрияландыру, ұжымдастыру науқандарын паш етуге бағытталды. Адам ойын, сезімін, сүйіспеншілігі мен күйінішін, табиғатпен байланысын жырлау саясаттан тыс саналды. Халықты “Бесжылдықты төрт жылда орындау” ұранына шақыру орын алды. Істелген істерді тізбелеу, жаңалықты тамашалау сарындары көбейді. Бұл – қазақ лирикасының өсуіне кедергі жасады. Оның есесіне публицист. поэзия ілгерілеп, азаматтық лирика едәуір есейді. Эпик. поэзияның бүгінгі күн тақырыбын жырлаған үлгілері де сәтсіз болды. Тек тарихи тақырыпта ғана (І.Жансүгіров: “Күйші”, Қ.Бекхожин: “Ақсақ құлан”, И.Байзақов: “Ақбөпе”) табысты шығармалар туды. 30-жылдары эпик. проза жақсы өсті. Майлиннің “Азамат-Азаматыч”, Жансүгіровтің “Жолдастар”, Мұқановтың “Теміртас”, “Жұмбақ жалау” (“Ботагөз”), М.Дәулетбаевтың “Қызылжар”, С.Ерубаевтың “Менің құрдастарым”, Ғ.Слановтың “Дөң асқан” романдары жазылып, бұл жанрды Қ. ә-нде орнықтырды. Майлиннің, Әуезовтің, Сейфуллиннің, Мүсіреповтің, Шәріповтің әңгіме-повестері жарияланды. Драматургияда Жансүгіров, Майлин, Әуезов, Мүсірепов жемісті еңбек етті. 30-жылдар әдебиетінде жалпы қоғам өміріндегі халықтық энтузиазмге құрылған жаңа үн бар еді. Әдебиет соны үлгі ете отырып, өмірді толық игеруге бет бұрды. Бірақ, 1937 – 38 ж. қуғын-сүргін кезінде елде қоғамның бүкіл даму заңдылықтары бұзылып, “халық жауларын” іздеу басталды. Сейфуллин, Байтұрсынов, Жұмабаев, Майлин, Жансүгіров атылды. Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов қуғынға ұшырады. Әдебиет саласындағы бұл дағдарыс екінші дүниежүз. соғысқа дейін жалғасты. Бұл жылдардың әдебиетке қойған өз талабы болды. Ол майдан мүддесіне қызмет етіп, халықты басқыншы жауға қарсы отан қорғау рухында тәрбиелеуге, майдан батырларының ерлігін жырлауға  тиіс болды. Өлең саяси үгіт құралына айналды. Қазақ поэзиясы бұл міндетін жаман орындаған жоқ. Сонымен бірге, соғыстың адам басына салған ауыртпашылығын солдаттың сезімі арқылы суреттеу өріс алды. Бұл тұрғыда майдангер ақындар Қ.Аманжолов, Д.Әбілев, Ә.Сәрсенбаев, Бекхожин жақсы жырларымен көрінді. Үлкен прозада бұл кезеңде Қ. ә-ндегі, тіпті кеңес әдебиетіндегі ең үздік туындылардың біріне айналған М.Әуезовтің  “Абай” романының бірінші кітабы жарияланды. Соғыстан кейінгі дәуірде Қ. ә-нің қарқынды ізденістері айтарлықтай табысқа жетті. Партияның идеол. салада біраз қаулылар (“Ленинград” және “Звезда” журналдары туралы”, “Драма театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы”, т.б.) қабылдап, әдебиеттің еркіндігін шектеуіне қарамай, эпик. проза үлкен табыстарға жетті. Әуезовтің (“Абай”), Мұқановтың (“Ботагөз”, “Сырдария”), Мүсіреповтің (“Қазақ солдаты”), Мұстафиннің (“Миллионер”) есімдері Одаққа кең тарады. Олардың кітаптары шет ел тілдеріне аударылды. Осыған жалғас “Абай жолы”, “Оянған өлке”, “Қарағанды”, “Дауылдан кейін” романдары жазылып, жоғары бағаға ие болды. М.Иманжанов, Қ.Жармағамбетов, С.Бақбергенов, С.Шәймерденов, З.Қабдолов, т.б. жазушылардың әңгіме-повестері туды. Қазақ поэзиясы соғыстан кейінгі халық ш-н қалпына келтіріп жатқан еңбек адамдарының жан сезімін суреттеуге қызмет етті. Бұл салада Ғ.Орманов, Аманжолов, Ж.Саин, С.Мәуленов көркем туындыларымен көзге түсті. Т.Жароковтың “Жапанды орман жаңғыртты”, “Қырда туған құрыш”, Х.Ерғалиевтің “Біздің ауылдың қызы”, Әбілевтің “Алтай асулары”, Бекхожиннің “Мәриям Жагор қызы” поэмалары туды. Драматургияда Ә.Әбішев, Ә.Тәжібаев, Ш.Хұсайынов жаңа шығармалар (“Достық пен махаббат”, “Көктем желі”, “Дубай Шубаевич”) берді. 50-жылдарда жеке адамға табынушылықты сынау мен елдің ішкі нормаларын демократияландыру саясаты әдебиетке бірсыпыра жеңілдік әкелді. Әдебиетке қойылған қасаң тәртіп босаңсып, “жылымық” туды. Мұның өзі жазушылардың шығарм. белсенділігін арттырды, олар өмірді боямалап көрсетуден бас тартып, заман шындығын қайшылықты құбылыстар арқылы тануға ұмтылыс жасады. Бұл ізденіс Әуезовтің “Өскен өркен”, Т.Ахтановтың “Қаһарлы күндер”, “Боран”, Т.Әлімқұловтың “Ақбоз ат”, Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тер”, С.Жүнісовтің “Жапандағы жалғыз үй”, З.Шашкиннің “Сенім”, “Теміртау” романдарынан көрінді. Х.Есенжановтың тарихи романдары, Б.Момышұлының әскери прозасы жарық көрді. Идеол. шектеудің әлсіреуі, 60-жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың шығарм. ізденістеріне тың шабыт берді. Олар адам өмірін жан-жақты тереңдікпен, филос. ойшылдықпен жырлауда, оның бойындағы ой, сезім еркіндігін ашуда елеулі табыстарға жетті. Поэзияда Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, прозада Ш.Мұртаза, Ә.Әлімжанов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Жүнісов, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, О.Бөкеев, С.Мұратбеков, Д.Досжанов есімдері қазақ оқырман қауымының сүйіспеншілігіне бөленді. 70 – 80-жылдары Қ. ә. Ф.Оңғарсынова, К.Салықов, М.Айтхожина, С.Иманасов, М.Шаханов, И.Оразбаев, Ж.Жақыпбаев, т.б. таланттар есебінен толыға түсті. Қ. ә-нің үлкен бір саласы – балалар әдебиеті. Сапарғали Бегалин, Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров, М.Қабанбайдың әңгіме, повестері жас оқырмандардың сүйікті шығармаларына айналды. Балалар прозасын бағдарлағанда, қаламгерлердің шеберлігі шыңдалып, психол. талдауларға батыл барғанын және бұл жолда балалар прозасы мен поэзиясы табыссыз емес екендігін аңғаруға болады (қ. Қазақ балалар әдебиеті). 1960 – 90 ж. ішінде Қ. ә-нде тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейін қазақ жазушылары елдің тәуелсіздігі мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкіндік алды. Бұл тұрғыда І.Есенберлиннің (“Қаһар”, “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Алтын Орда”), Мұртазаның (“Қызыл жебе”),  Мағауиннің (“Аласапыран”), Кекілбаевтың, (“Үркер”, “Елең-алаң”) Ә.Әлімжановтың (“Жаушы”, “Ұстаздың орлауы”, “Махамбеттің жебесі”), Жүнісовтің (“Ақан Сері”), С.Сматаевтың (“Елім-ай”) тарихи романдары Қ. ә-нің қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгісі бүгінгі күн тақырыбына шығарма жазушылар үшін де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Жұмаділовтің, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидің, т.б. жаңа романдары дәуір шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуір әдеби-көркемдік жетістіктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Ахтановтың “Әке мен бала”, “Жоғалған дос”, Әбішевтің “Нұрлы жаңбыр”, Жүнісовтің “Ай тұтылғанда”, Ысқақтың “Таңғы жаңғырық”, Исабековтің “Әпке”, “Мұрагерлер”, М.Хасеновтің “Пай-пай, жас жұбайлар-ай”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн”, Р.Сейсенбаевтың “Түнгі диалог”, “Нартәуекел” пьесалары табыспен жүрді. 80-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргін оқиғаларын жазуға мүмкіндік алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеум. ішкі өзара байланысымен, адамның ішкі жан дүниесіне, мінезіне үңіле назар аударуымен, экол., урбанизация, ғыл.-тех. жетістіктер көкейтесті, т.б. жайларға көңіл аударуымен ерекшеленеді. Тәуелсіздік жылдарының рухани нәтижесі Нұрпейісов (“Соңғы парыз”), Қабдолов (“Менің Әуезовім”), Мұртаза (“Ай мен Айша”), Мағауин (“Сары қазақ”), Жүнісов (“Аманай мен Заманай”), Нұршайықов (“Жазушы мен оның достары”), Ысқақ (“Ақсу туралы аңыз”), Тоқтаров (“Абайдың жұмбағы”), Сматай (“Жарылғап батыр”), С.Елубай (“Тағзым”), Мұратбеков (“Ай туар алдында”), Исабеков (“Ай-Петри ақиқаты”), Тарази (“Қара жұлдызға сапар”), Жұмаділов (“Тағдыр”), А.Жақсыбаев (“Тірек”), Қ.Исабаев (“Шоң би”), Д.Досжан (“Құм кітап”), Б.Мұқай (“Өмірзая”), Ә.Сарай (“Еділ-Жайық”), О.Сәрсенбай (“Шеңбер”), т.б. көрнекті жазушылардың роман, повесть, әңгімелерінде көрініс тапты. Әдеби онжылдықта Қ. ә-нің дәстүрлі жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерілді. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтик. қиялдың ауқымдылығы, лирик., баяндаушылық, публицистик. және сыншылдық көңіл-күйдің байлығы, суреттеу тәсілдері мен құралдарындағы батыл ізденістер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтик. байқаулар шығарм. ізденістердің молаюына түрткі болды. 20 ғ-дың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған  Кекілбаевтың “Абылай хан”, Ш.Құсайыновтың “Томирис”, М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндері” тарихи драмалары енді ғана тәуелсіздік алған елдің егемендігін сақтап қалудағы қиын күрестің тірегін іздеудің ерекше түрі іспетті болады. Қ. ә. өзінің бүкіл даму барысында күрделі де қайшылықты жолдардан өтті. Бүгінгі қазақ ұлттық әдебиеті өсіп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнекті авторлары бар, әлемдік әдебиет деңгейіне көтерілді. Н. Келімбетов, С. Қирабаев Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том
08.11.2012 11:00 41397

 

Соңғы редакциялау:

19 қазан, 2012

 

Қазақ әдебиеті – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерінің асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерінің тегі әріден, түркі тілдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезінен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негізі сол тайпалар шығарған ертегі, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Батырлардың отаншылдық сезімі, туған халқының азаттығы жолындағы күрестерін жырға қосқан батырлық эпостар (“Қобыланды батыр”, “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, т.б.), халық арасына кең тарап, сүйікті шығармасына айналған, жастардың адал махаббаты, алмағайып тағдыры жырланған лиро-эпик. дастандар (“Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, т.б.) қазіргі Қ. ә-нің өз алдына мол мұрасы болып саналады; қ. Ауыз әдебиеті.

Ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бірлігі көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғыл. негізде дәлелденді. Сол себепті б.з.б. дәуірлерде шығарылған “Алып Ер Тоңға”, “Шу” батыр, “Атилла”, “Көк бөрі” және “Ергенеқон” дастандары бүгінгі Қ. ә-нің қайнар-бастаулары болып табылады. Сондай-ақ аталған қаһармандық дастандар өзінен кейінгі тарихи кезеңдердегі – Түрік қағандығы тұсындағы (8 ғ.) әдеби жәдігерлердің (“Күлтегін”, “Тоныкөк”, “Білге қаған” жырлары) жазылуына үлгі-өнеге, негіз болды. Түрік қағандығы тұсындағы жазба әдебиет өзінен бұрынғы сақтар мен ғұндардың ауыз әдебиеті үлгілерімен генезистік, типол., дәстүрлік үндестікте дамыды.

Түрік қағандығы дәуірінде шығарылған ерлік эпосының бірі – “Қорқыт ата кітабы”. Ал, бұдан кейінгі Қарахан мемлекеті тұсындағы немесе ислам дәуірі (10 – 12 ғ.) деп аталатын тарихи кезеңдегі түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы Қайта өркендеу – Ренессанс дәуірі деуге болады. Бүкіл түркі қауымын әлемге танытқан Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ахмед Иүгінеки, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. осы Қайта өркендеу дәуірінде тарих сахнасына шықты. Олар өзерінің ғыл. және көркем туындыларында гуманистік идеяларды, адамгершілік пен қайырымдылықты, т.б. ізгі қасиеттерді көтерді. Бұған әл-Фарабидің “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”,  ибн-Синаның “Даныш-намесі” (“Білім кітабы”), әл-Бирунидің “Хикметтері” (“Даналық сөздері”), Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғат ат-түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”), Баласағұнидің “Құтты білігі”,  Иасауидің “Диуани хикметі” (“Ақыл кітабы”), Бақырғанидың “Бақырғани кітабы”, т.б. толық дәлел бола алады.

Алтын Орда дәуірінде (13 – 15 ғ.) Қыпшақ даласындағы түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениеті мүлдем жаңа сапалық дәрежеге көтерілді. Бұл кезде мемлекет астанасы болған Сарайшық қ-на Батыс пен Шығыстың аса көрнекті ғалымдары, сәулетшілері, ақындары, өнер қайраткерлері, т.б. жиналған еді.

Алтын Орда дәуірі әдебиеті тұсында әл-Хорезмидің “Мұхаббат-наме”, Сайф Сараидің “Гулистан бит-турки”, (“Түркі тіліндегі Гүлістан”, Құтбтың “Хосрау – Шырын”, Дүрбектің “Жүсіп – Зылиха” дастандары ерекше мәшһүр болды. Сондай-ақ, Насреддин Рабғузидің “Қисса-сул әнбия” деп аталатын прозалық шығармасы да кең тараған болатын. Қыпшақ тілінің сөздігі – “Кодекс куманикус” атты кітап та заман талабы бойынша өмірге келген туынды еді.

Қ. ә. тарихының ежелгі дәуірін танып-білуде тарихи тақырыпқа жазылған көркем шежірелер де ерекше маңызды рөл атқарады. Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан мұндай шежірелерді қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы білген. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетіне тікелей қатысты түркі тіліндегі осындай жәдігерлердің ішінен Әбілғазы Баһадүр ханның “Шежіре-и Түрк” (“Түрік шежіресі”), Қыдырғали Жалайыридің “Жамиғ-ат тауарих” (“Шежірелер жинағы”), Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың “Бабыр-наме”, Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашидиі” ерекше орын алады. Бұлар ежелден-ақ қазақ оқырмандары арасында тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындылар ретінде қабылданды. Қадым замандардағы сақтар мен ғұндардың аңыз-әфсанаға айналып кеткен ерлік тарихынан, көк түріктердің ежелгі қаһармандық шежіресінен сыр шерткен жыр-дастандар бертін келе, қазақтың батырлық жырларының идеялық және көркемдік тұрғыдан қалыптасуына тікелей ықпал етті. Ал, ислам діні дәуірінде өмірге келген этик.-дидактик. мазмұндағы дастандар мен сопылық сарындағы хикметтер, моральдік-филос. трактаттар, ғибрат сөздер, т.б. қазақ ақын-жырауларының толғау-жырларынан өзінің логик., тарихи, көркемдік жалғастығын тапты.

Қазақтың ұлттық әдебиетінің төл тарихы қазақтардың ұлт болып қалыптасуы мен дербес мемлекеттігін құрудан басталады. 15–16 ғ-ларда қазақ жыраулары ежелгі түркі поэзиясындағы дидактик. сарынды мазмұндық, тілдік, стильдік жағынан жетілдіре түсті, гуманистік, филос. ой-пікірлерді қоғамдық дамудың жаңа асқар биігіне шығарды; қ. Жыраулық поэзия.

18 ғ-дың соңына қарай, Қ. ә-ндегі жыраулық дәстүр біртіндеп ығысып, жеке ақындық өнерге орын бере бастады. Жыраулық поэзияның қалыптасқан сөз саптауы, ел тағдырын ту етіп ұстап, ерлікті мадақтаған биік үні бір ізге түсіп, жеке ақындық өнер арқылы күнделікті тіршіліктің сан-саласына, адам өміріне, оның ісі мен мінез-құлқына, қоғамдағы орны мен қызметіне көңіл бөлінді. Бұл – әдебиет дамуындағы жаңа дәуірдің басы еді. Ақындар шығармаларының тақырыбын кеңейтіп, өмір шындығын нақты тануға, оған өз көзқарасын білдіруге ұмтылды. Бұл арқылы жеке ақындық өнер байып, өзіндік көркемдік бояу іздеу жолына түсті. Осы жолмен ол ауыз әдебиеті дәстүрлерін сақтай отырып, кәсіптік поэзияның қалыбына кірді. Осындай жеке ақындық шығарм-тың туу кезеңінде өмір сүрген Көтеш, Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) өлеңдерінде жеке адамға бағытталған арнаулар, адам өмірі, оның мәні мен сәні, фәнилік пен бақилық жайы суреттелді, оларда тапқырлық, бейнелілік, шынайы поэзияға тән лирик. “мен” көрініс тапты.

19 ғ-дан бастап қазақтың жазба әдебиеті – әлеумет халін ұғып, ел қамын жақтауға кірісіп, өлең бұрынғыша, қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастады, елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдердің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт санасын құрауға кірісті, бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы бой көрсетті. Осындай әлеуметшілдік сарынды көбейткен тарихи оқиғалар бұл дәуірде орыс отаршылдығымен байланысты туды. Ресей империясына бодан болу, сонымен байланысты туған ел ішіндегі өзгерістер, қанаудың күшеюі, халық тың тіршілік ету аясының тарылуы, ұлттық намыстың тапталуы қазақ ақындары шығармаларында кеңінен бейнеленді. Осы өзгеріске қарсы анық наразылық Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінен айқын көрінеді. Махамбет жырлары – Исатай Тайманов бастаған көтерілістің  (1836–37) ұраны, үні. Мұнда көтерілістің мақсат-мұраты (“Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем деп”), оған қатысатын ерлердің сипаты (“Ереуіл атқа ер салмай”), соғыс суретттері (“Соғыс”), Исатайдың батырлығы мен оны жоқтауға арналған жырлар (“Тарланым”, “Мұнар күн”), ақынның өз жайына, көңіл-күйіне (“Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, “Қызғыш құс”) байланысты өлеңдеріне жалғасып, тұтастай көтеріліс тарихын, сол кезеңдегі әлеум. жағдайды бейнелейді. Исатай-Махамбет көтерілісіне тілектес ақындар қатарындағы Шернияз Жарылғасұлының Исатайды мадақтап, Баймағамбетті даттайтын өлеңдері батылдығымен, тапқырлығымен бағалы. Исатай–Махамбет көтерілісіне жалғас туған Кенесары–Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысы да (1837 – 47) өзіне тілектес әдебиет тудырды (“Наурызбай – Қаншайым”, “Топ жарған”, “Жасауыл қырғыны”, Нысанбай Жаманқұлұлының “Кенесары-Наурызбай” жыры). Сыр бойында, Бат. Қазақстанда өткен патша отаршылдығына қарсы көтерілістер кезінде жаңа жырлар туды (“Бекет батыр”, “Жанқожа батыр”). Отаршылдыққа қарсы күрес поэзиясы қазақ көркем сөзінің дамуында озық идеясымен, халықтық мазмұнымен жаңа белес саналады. Билеушілерге қарсы наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия туды, адамды суреттеудің жаңа тәсілдері қолданылды. Осы қатардағы ақындар ішінде Жанақ Сағындықұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Сүйінбай Аронұлы елеулі орын алады. Отаршылдық дәуір әдебиетінің ақындары шығармаларында ел байлығының талауға түсіп, халықтың кедейшілікке ұрынып, қоныстың тарылуы, зорлық-зомбылықтың күшеюі, парақорлықтың етек жаюы, адамдар мінез-құлқының өзгеріп, ұсақталып, берекесіздікке түсуі, дін шарттарының еленбеуі, т.б. жағдайлар кең қамтылып, көркем бейнеленді. Оларды заман қайғысы, өткенді ойлап торығу, алдағы өмірден шошыну зары біріктірді. Бұл сарынның көрнекті ақындары – Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір Шоқанұлы, т.б. халықтық поэзияның түрлерін жетілдірді. Оны заман шындығын бейнелеумен шебер байланыстыруда, реализмді байытып, адам психологиясындағы өзгерістерді жарқын суреттеуде, тіл өрнегінде сан алуан жаңалықтар табуда осы топтағы ақындардың еңбегі үлкен. Олардың біразы отарлаушыларға шошына қарады, дегенмен шығыс әдебиетімен, діни әдебиет үлгілерімен жете таныс болуы арқасында көркемдік құндылығы жоғары туындылар жасады; қ. Зар заман ақындары.

Қазақ әдебиетінің өскелең бағытын айқындауда 19 ғ-дың екінші жартысында туған демокр. ағартушылық әдебиеттің орны ерекше. Бұл әдебиеттің өкілдері Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов ғылым-білім, оқу-өнер арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдікке жетуге болатынына сенді. Шоқанның ғыл. көзқарасы, қызметі арқылы қазақ елі ішінде ағартушылық, демокр. идеялар тарады. Ыбырай әдебиетке деген ұғым, түсінікті жаңартып, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі ұлы күш екенін көрсетті. Өзі балаларға арналған әңгімелер, өлеңдер жазды. Көркем сөз өнерінің кемелденуі, өлең сөздің қоғамдық қызметін көтеру, сол негізде жаңа көркемдік әдіс – реализмді қалыптастыру ұлы Абайдың үлесіне тиді. Ол Еуропа мен орыстың классик. әдебиетін еркін меңгеріп, көркемдік таным мен талғамға жаңа талаптар қойды, жаңа сипатты поэзия туғызды. Классик. әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аударып, қазақтың төл әдебиетімен қатар қойды, Қ. ә-нің эстет. принципі Абай шығармаларында жүзеге асты.

19 ғ. әдебиеті ұлттық таланттардың көптігімен және олардың бір-біріне ұқсамайтын сан алуандығымен көзге түседі. Онда айтыс ақындары (Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Бақтыбай, Кемпірбай, Сабырбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәбия, Ақбала, т.б.), әнші ақындар (Біржан сал, Ақан Сері, Сегіз Сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б.), қиссашыл ақындар (Жүсіпбек Шайхисламов, Ақылбек Сабалов, Шәді Жәңгіров, Мәулекей Юманчиков, Кашафутдин Шахмарданұлы, т.б.) жыршы-жыраулар дәстүрін жалғастырып, халықтық әдебиет үлгілерін сақтап жеткізушілер (Марабай, Абыл, Нұрым, Мұрын, Ығылман, т.б.) қатар өмір сүрді. Бұлардың барлығы өз мүмкіндіктерінше әдеби арнаны толықтырды, өмірді өзінше танып жырлады. Қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар осы кезде басылды (“Өсиет наме” – 1880, “Бала зар” – 1890, “Диуани хикмет” – 1896, т.б.), фольклорлық мұралар жинақталып, жарық көре бастады. Қ. ә-нің көрші халықтар әдебиеттерімен байланыстары ұлғайып, жаңа аудармалар пайда болды; қ. Әдеби байланыс.

20 ғ-дың басындағы Қ. ә. ұлы Абайдың ағартушылық, демокр. дәстүрін жалғастыра отырып, отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсіздікті аңсау идеясын ашық және батыл көтерді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қазақ халқының тарихи-мәдени дамудан кенже қалып, қараңғылықта отырған күйін суреттеп, елді өнер-білімге үгіттеді. Жаңалыққа енжар, ұйқыда жатқан қазақты бірі “Маса” боп құлағына ызыңдап, бірі “Оян, қазақ” деп, бар дауыспен жар салды. Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы дүбірмен оянғандар еді. Сұлтанмахмұт Торайғыров Қ. ә-н көркемдік-эстет. тұрғыдан байытып, жаңа жырлардың туып, жетілуіне үлес қосты. Оның “Қамар сұлу”, “Кім жазықты?” атты романдары, “Адасқан өмір”, “Кедей”, “Таныстыру”, “Қала ақыны мен дала ақынының айтысы” поэмалары, лирик. өлеңдері, публицистик. мақалалары ақынның әр саладағы ізденістерін танытты. Әдебиеттегі сыншылдық бағытты дамытып, ағартушылық идеяны көркем сөз арқылы өрістетуге Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы, Бернияз Күлеев, т.б. елеулі еңбек сіңірді. Олар ақындық өнерді әр жағынан жетілдірді. Сәбит шағын, сюжетті өлеңдер мен мысал жанрында өнімді еңбек етсе, Бернияз заман шындығын лирик. өлеңдермен ашуға ұмтылды. Ауыл мектептерінде сабақ берген Спандияр мен Бекет еңбектері олардың ұстаздық, ағартушылық көзқарастарымен байланысты еді. Көбеев “Қалың мал” атты роман жазды. “Айқап” журналын шығарған белгілі журналист Сералиннің әлеум. теңсіздікті бейнелейтін дастандары (“Гүлқашима”, “Топжарған”)  басылды. Отаршылдық қанауды, ел билеу жүйесіндегі саясатты, қазақ қоғамының мешеу күйін сынауда Ғұмар мен Нарманбет өлеңдері едәуір көркемдік табысқа жетті. Бұл дәуірдегі әдебиет ақын-жазушылардың ұстаған жолы мен көркемдік ізденістері, бағыт-бағдары жағынан біркелкі емес еді. Олардың ішінде таза қазақы дәстүрге сүйенген, аракідік шығыс әдебиетінен хабары бар ақындар тобы болды. Олар да ел ішін жайлаған надандықты, ел билеушілердің әділетсіздігін, патшаның отаршылдық саясатын сынады. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, Нұржан Наушабаевтың реалистік өлеңдері дәуір шындығын ашып көрсетті. 20 ғ-дың басындағы әдебиетті толықтыруда “Исатай-Махамбет” дастанының авторы Ығылман Шөрековті де, Қ. ә-нің дәстүрлі саласын дамытқан әнші-ақындар легінде (Майра, Иманжүсіп, Мәди, Кенен, Үкілі Ыбырай) атап айтуға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батырлары Амангелді, Бекболат, т.б. туралы жырлар туды. Көтеріліске байланысты туған халық поэзиясы ғасыр басындағы әдебиеттің демокр.-халықтық бағытын толықтырып, оны жаңа мазмұнмен байытты; қ. Қазақ халық поэзиясы.

Қ. ә. тарихында кеңес дәуірі ерекше із қалдырды. Бұл кезең, негізінен, ұлттық әдебиеттің өрлеу жолынан өткен, жанрларын байытқан, одақтық, сол арқылы, әлемдік әдебиетпен қарым-қатынасқа түскен шағы болды. Алайда, әдебиеттің даму қарқыны үнемі біркелкі болмады. “Әдебиеттің партиялылығы” принципі оның тақырып таңдауына кері әсер етті. Әдебиетте науқаншылдық өрістеп, адамзат мүддесіне ортақ мәселелер жеткіліксіз көтерілді, оның алдына бірыңғай кеңестік жүйенің “артықшылығын” дәлелдеу міндеті қойылды. Соған қарамастан ұлттық әдебиет туған халқының өмірімен байланысын үзген жоқ, оның қайшылықты өмір жолын көркемдікпен тануға ұмтылды. Әдебиетшілердің бір тобы Кеңес өкіметінің теңдік, әділдік ұрандарын қолдап жаңа жырлар туғызды. Олардың басында Сәкен Сейфуллин тұрды. Сейфуллин жырларында азаттық, теңдік аңсаған, сол үшін күрескен жаңа адамның бейнесі жасалды. Ол табиғат суреттері мен махаббатты, сезімді жырлаған лирик. өлеңдер, поэмалар (“Көкшетау”, т.б.), прозалық шығармалар (“Тар жол, тайғақ кешу”) жазды. Сәкен бастаған бағытқа Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Шолпан Иманбаева, Сәбит Мұқанов, т.б. ақын-жазушылар үн қосты. Олар қазақ жерінде жаңа туа бастаған кеңестік шындықтың жарқын жақтарына ризашылық білдіріп, шаттық жырын жырлады. Алайда, 20-жылдардағы ашаршылық пен шаруаларды күштеп ұжымдастыру, қолдағы малды тартып алу, содан туған қуғын-сүргін көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігін қиындатып жіберді. Бірақ бұл жағдайды суреттеуге кеңес әдебиеті бара алмады. Осы олқылықтың орнын Мағжан Жұмабаев шығармалары ғана толықтыра алды. Большевиктер билігін қабылдамаған Мағжан демокр. әдебиет дәстүрін жалғастыра отырып, халық басындағы қайғылы тұстарды көркем суретке түсірді. Ол өмірдің мұңды, қайғылы жақтарына көп үңілді, өкініш пен күйінішке бой алдырды. Бір мезгіл орыс декаденттеріне еліктеп өлеңдер жазды. Мағжанның махаббат пен табиғат жырлары да қазақ лирикасының ең жарқын беттері болып саналады. Сәкен мен Мағжан шығармалары 20-жылдардағы Қ. ә-ндегі екі сарынның бейнесі іспетті. Жаңашыл жас ұрпақ Сәкен маңына топтасты. Әдебиеттің өмір жаңалықтарын зерттеп, жаңа тақырыптарды игеруге бет бұрды. Азаматтық, саяси лирика дамыды, лирик.-публицистик. поэмалардың үлгілері туды. Көркем проза, драматургия даму жолына түсті. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов осы екі жанрда бірдей елеулі шығармалар берді. “Қилы заман”, “Қараш-қараш” оқиғасы, “Қартқожа”, “Ақбілек”, т.б. повестер мен романдар, “Еңлік-Кебек”, “Қаракөз”, “Мансапқорлар”, “Шернияз” сияқты пъесалар жазылды. Әңгіме жанрында Майлин жемісті еңбек етті. Әдебиетші кадрлар қатары өсіп шықты. А.Тоқмағамбетов, Ө.Тұрманжанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Шәріпов, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов, М.Дәулетбаев, т.б. шығармалары әрқилы әлеум. көзқарастарына қарамастан, 20-жылдар әдебиетінде жаңа бетбұрыс жасалғандығын көрсетеді. Мұндай қарқынды бұған  дейін  ешбір  әдебиет тарихы көріп-білген емес. Оған азаттық идеясының әсері болғаны даусыз. 30-жылдар Қазақстан экономикасын, мәдениетін кеңес саясатына ыңғайлау ұранымен басталды. Соц. реализм әдісі қабылданып, әдебиет соц. шындықты бекітетін материалдар негізінде жұмыс істейтін болды. Бұл, белгілі дәрежеде, әдебиеттің еркіндігін шектеді. Осы шектеуге алдымен қазақ поэзиясы ұшырады. Ол 30-жылдары, негізінен, жаңа соц. отанды мадақтауға, елді индустрияландыру, ұжымдастыру науқандарын паш етуге бағытталды. Адам ойын, сезімін, сүйіспеншілігі мен күйінішін, табиғатпен байланысын жырлау саясаттан тыс саналды. Халықты “Бесжылдықты төрт жылда орындау” ұранына шақыру орын алды. Істелген істерді тізбелеу, жаңалықты тамашалау сарындары көбейді. Бұл – қазақ лирикасының өсуіне кедергі жасады. Оның есесіне публицист. поэзия ілгерілеп, азаматтық лирика едәуір есейді. Эпик. поэзияның бүгінгі күн тақырыбын жырлаған үлгілері де сәтсіз болды. Тек тарихи тақырыпта ғана (І.Жансүгіров: “Күйші”, Қ.Бекхожин: “Ақсақ құлан”, И.Байзақов: “Ақбөпе”) табысты шығармалар туды. 30-жылдары эпик. проза жақсы өсті. Майлиннің “Азамат-Азаматыч”, Жансүгіровтің “Жолдастар”, Мұқановтың “Теміртас”, “Жұмбақ жалау” (“Ботагөз”), М.Дәулетбаевтың “Қызылжар”, С.Ерубаевтың “Менің құрдастарым”, Ғ.Слановтың “Дөң асқан” романдары жазылып, бұл жанрды Қ. ә-нде орнықтырды. Майлиннің, Әуезовтің, Сейфуллиннің, Мүсіреповтің, Шәріповтің әңгіме-повестері жарияланды. Драматургияда Жансүгіров, Майлин, Әуезов, Мүсірепов жемісті еңбек етті.

30-жылдар әдебиетінде жалпы қоғам өміріндегі халықтық энтузиазмге құрылған жаңа үн бар еді. Әдебиет соны үлгі ете отырып, өмірді толық игеруге бет бұрды. Бірақ, 1937 – 38 ж. қуғын-сүргін кезінде елде қоғамның бүкіл даму заңдылықтары бұзылып, “халық жауларын” іздеу басталды. Сейфуллин, Байтұрсынов, Жұмабаев, Майлин, Жансүгіров атылды. Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов қуғынға ұшырады. Әдебиет саласындағы бұл дағдарыс екінші дүниежүз. соғысқа дейін жалғасты. Бұл жылдардың әдебиетке қойған өз талабы болды. Ол майдан мүддесіне қызмет етіп, халықты басқыншы жауға қарсы отан қорғау рухында тәрбиелеуге, майдан батырларының ерлігін жырлауға  тиіс болды. Өлең саяси үгіт құралына айналды. Қазақ поэзиясы бұл міндетін жаман орындаған жоқ. Сонымен бірге, соғыстың адам басына салған ауыртпашылығын солдаттың сезімі арқылы суреттеу өріс алды. Бұл тұрғыда майдангер ақындар Қ.Аманжолов, Д.Әбілев, Ә.Сәрсенбаев, Бекхожин жақсы жырларымен көрінді. Үлкен прозада бұл кезеңде Қ. ә-ндегі, тіпті кеңес әдебиетіндегі ең үздік туындылардың біріне айналған М.Әуезовтің  “Абай” романының бірінші кітабы жарияланды.

Соғыстан кейінгі дәуірде Қ. ә-нің қарқынды ізденістері айтарлықтай табысқа жетті. Партияның идеол. салада біраз қаулылар (“Ленинград” және “Звезда” журналдары туралы”, “Драма театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы”, т.б.) қабылдап, әдебиеттің еркіндігін шектеуіне қарамай, эпик. проза үлкен табыстарға жетті. Әуезовтің (“Абай”), Мұқановтың (“Ботагөз”, “Сырдария”), Мүсіреповтің (“Қазақ солдаты”), Мұстафиннің (“Миллионер”) есімдері Одаққа кең тарады. Олардың кітаптары шет ел тілдеріне аударылды. Осыған жалғас “Абай жолы”, “Оянған өлке”, “Қарағанды”, “Дауылдан кейін” романдары жазылып, жоғары бағаға ие болды. М.Иманжанов, Қ.Жармағамбетов, С.Бақбергенов, С.Шәймерденов, З.Қабдолов, т.б. жазушылардың әңгіме-повестері туды. Қазақ поэзиясы соғыстан кейінгі халық ш-н қалпына келтіріп жатқан еңбек адамдарының жан сезімін суреттеуге қызмет етті. Бұл салада Ғ.Орманов, Аманжолов, Ж.Саин, С.Мәуленов көркем туындыларымен көзге түсті. Т.Жароковтың “Жапанды орман жаңғыртты”, “Қырда туған құрыш”, Х.Ерғалиевтің “Біздің ауылдың қызы”, Әбілевтің “Алтай асулары”, Бекхожиннің “Мәриям Жагор қызы” поэмалары туды. Драматургияда Ә.Әбішев, Ә.Тәжібаев, Ш.Хұсайынов жаңа шығармалар (“Достық пен махаббат”, “Көктем желі”, “Дубай Шубаевич”) берді.

50-жылдарда жеке адамға табынушылықты сынау мен елдің ішкі нормаларын демократияландыру саясаты әдебиетке бірсыпыра жеңілдік әкелді. Әдебиетке қойылған қасаң тәртіп босаңсып, “жылымық” туды. Мұның өзі жазушылардың шығарм. белсенділігін арттырды, олар өмірді боямалап көрсетуден бас тартып, заман шындығын қайшылықты құбылыстар арқылы тануға ұмтылыс жасады. Бұл ізденіс Әуезовтің “Өскен өркен”, Т.Ахтановтың “Қаһарлы күндер”, “Боран”, Т.Әлімқұловтың “Ақбоз ат”, Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тер”, С.Жүнісовтің “Жапандағы жалғыз үй”, З.Шашкиннің “Сенім”, “Теміртау” романдарынан көрінді. Х.Есенжановтың тарихи романдары, Б.Момышұлының әскери прозасы жарық көрді. Идеол. шектеудің әлсіреуі, 60-жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың шығарм. ізденістеріне тың шабыт берді. Олар адам өмірін жан-жақты тереңдікпен, филос. ойшылдықпен жырлауда, оның бойындағы ой, сезім еркіндігін ашуда елеулі табыстарға жетті. Поэзияда Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, прозада Ш.Мұртаза, Ә.Әлімжанов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Жүнісов, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, О.Бөкеев, С.Мұратбеков, Д.Досжанов есімдері қазақ оқырман қауымының сүйіспеншілігіне бөленді. 70 – 80-жылдары Қ. ә. Ф.Оңғарсынова, К.Салықов, М.Айтхожина, С.Иманасов, М.Шаханов, И.Оразбаев, Ж.Жақыпбаев, т.б. таланттар есебінен толыға түсті. Қ. ә-нің үлкен бір саласы – балалар әдебиеті. Сапарғали Бегалин, Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров, М.Қабанбайдың әңгіме, повестері жас оқырмандардың сүйікті шығармаларына айналды. Балалар прозасын бағдарлағанда, қаламгерлердің шеберлігі шыңдалып, психол. талдауларға батыл барғанын және бұл жолда балалар прозасы мен поэзиясы табыссыз емес екендігін аңғаруға болады (қ. Қазақ балалар әдебиеті).

1960 – 90 ж. ішінде Қ. ә-нде тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейін қазақ жазушылары елдің тәуелсіздігі мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкіндік алды. Бұл тұрғыда І.Есенберлиннің (“Қаһар”, “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Алтын Орда”), Мұртазаның (“Қызыл жебе”),  Мағауиннің (“Аласапыран”), Кекілбаевтың, (“Үркер”, “Елең-алаң”) Ә.Әлімжановтың (“Жаушы”, “Ұстаздың орлауы”, “Махамбеттің жебесі”), Жүнісовтің (“Ақан Сері”), С.Сматаевтың (“Елім-ай”) тарихи романдары Қ. ә-нің қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгісі бүгінгі күн тақырыбына шығарма жазушылар үшін де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Жұмаділовтің, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидің, т.б. жаңа романдары дәуір шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуір әдеби-көркемдік жетістіктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Ахтановтың “Әке мен бала”, “Жоғалған дос”, Әбішевтің “Нұрлы жаңбыр”, Жүнісовтің “Ай тұтылғанда”, Ысқақтың “Таңғы жаңғырық”, Исабековтің “Әпке”, “Мұрагерлер”, М.Хасеновтің “Пай-пай, жас жұбайлар-ай”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн”, Р.Сейсенбаевтың “Түнгі диалог”, “Нартәуекел” пьесалары табыспен жүрді. 80-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргін оқиғаларын жазуға мүмкіндік алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеум. ішкі өзара байланысымен, адамның ішкі жан дүниесіне, мінезіне үңіле назар аударуымен, экол., урбанизация, ғыл.-тех. жетістіктер көкейтесті, т.б. жайларға көңіл аударуымен ерекшеленеді. Тәуелсіздік жылдарының рухани нәтижесі Нұрпейісов (“Соңғы парыз”), Қабдолов (“Менің Әуезовім”), Мұртаза (“Ай мен Айша”), Мағауин (“Сары қазақ”), Жүнісов (“Аманай мен Заманай”), Нұршайықов (“Жазушы мен оның достары”), Ысқақ (“Ақсу туралы аңыз”), Тоқтаров (“Абайдың жұмбағы”), Сматай (“Жарылғап батыр”), С.Елубай (“Тағзым”), Мұратбеков (“Ай туар алдында”), Исабеков (“Ай-Петри ақиқаты”), Тарази (“Қара жұлдызға сапар”), Жұмаділов (“Тағдыр”), А.Жақсыбаев (“Тірек”), Қ.Исабаев (“Шоң би”), Д.Досжан (“Құм кітап”), Б.Мұқай (“Өмірзая”), Ә.Сарай (“Еділ-Жайық”), О.Сәрсенбай (“Шеңбер”), т.б. көрнекті жазушылардың роман, повесть, әңгімелерінде көрініс тапты. Әдеби онжылдықта Қ. ә-нің дәстүрлі жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерілді. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтик. қиялдың ауқымдылығы, лирик., баяндаушылық, публицистик. және сыншылдық көңіл-күйдің байлығы, суреттеу тәсілдері мен құралдарындағы батыл ізденістер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтик. байқаулар шығарм. ізденістердің молаюына түрткі болды. 20 ғ-дың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған  Кекілбаевтың “Абылай хан”, Ш.Құсайыновтың “Томирис”, М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндері” тарихи драмалары енді ғана тәуелсіздік алған елдің егемендігін сақтап қалудағы қиын күрестің тірегін іздеудің ерекше түрі іспетті болады.

Қ. ә. өзінің бүкіл даму барысында күрделі де қайшылықты жолдардан өтті. Бүгінгі қазақ ұлттық әдебиеті өсіп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнекті авторлары бар, әлемдік әдебиет деңгейіне көтерілді.

Н. Келімбетов, С. Қирабаев

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға