Жаңалықтар

Нұра бойындағы ескерткіштер

Соңғы редакциялау: 24 қазан 2012 жыл НҰРА БОЙЫНДАҒЫ ЕСКЕРТКІШТЕР, Нұра кезеңі, Федоров мәдениетінің Нұра нұсқасы – қола дәуірі ескерткіштерінің үлкен бір тобы, археологиялық мәдениет (б.з.б. 16 – 13 ғ-лар). Қазақстан және КСРО археол. ғылымының дамуы барысында әуелі ескерткіштер тобы, кейін мерзімдік жеке кезең ретінде белгіленді. Қазір мәдени нұсқа деңгейінде айтылады. Ә.Марғұлан, Ә.Оразбаев, К.Ақышев, М.Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов, В.В. Евдокимов, Г.Б. Зданович, В.В. Варфоломеев, В.Г. Ломан, А.Бейсенов, И.А. Кукушкин, т.б. зерттеді. Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінің аса маңызды, ғылымға көптеген деректер берген көрнекті тобын біріктіреді. Ескерткіштердің ең көп шоғырланған жері – Орт. Қазақстан. Шығ. Қазақстанға да тараған. Алғашқы жәдігерлерді ашу жұмыстары Орт. Қазақстан археол. экспед-ның 1946 – 60 жылдардағы далалық ізденістері барысында (Ә.Марғұлан, т.б.) орындалды. Орт. Қазақстан обл. Нұра өз-нің жоғ. ағысындағы алқаптарда (Шерубай-Нұра, Талды-Нұра, Байқожа өз-дері) алғаш зерттелгендіктен Н. б. е. деп аталып, 1960 жылдары қола дәуірінің Қазақстанға тән нұра кезеңі, сондай-ақ осыдан кейін келетін атасу кезеңі туралы ұғым қалыптасты. Олар ан­дрон мәдениетінің федоров және алакөл кезеңдерімен сәйкес келеді деп пайымдалды. Осылайша нұра және атасу кезеңдері федоров, алакөл кезеңдері атауларының жергілікті ерекшеліктерді көрсететін қазақстандық баламасы ретінде ғылымға енді. Мұның сол кездегі ғылым дамуында зор маңызы болды. Жаңа деректер көптеп жинақтала келе, 1980 – 90 ж. қола дәуірі туралы біршама үлкен толықтырулар мен талдаулар жасалды. Мұның нәтижесінде андрон мәдениеті қайта қаралып, ол бұдан былай мәдениет емес, ірі тарихи-мәдени қауымдастық, ал федоров, алакөл кезеңдері жеке-жеке екі мәдениет деп аталды, сондай-ақ бұл екеуі екі бөлек этн. топқа жатуы мүмкін деген мәселе көтерілді. Осыған байланысты Қазақстандағы нұра, атасу кезеңдері туралы жаңа көзқарастарды қалыптастыру қажеттігі туындады. Орт. Қазақстандағы нұра типтес ескерткіштерге таза федоровтық белгілер, ал атасу типтес ескерткіштерге федоровтық-алакөлдік аралас белгілер тән екендігі, сондай-ақ бұл аймақта таза алакөлдік ескерткіштер де бар екендігі қазір дау тудырмайды. Археология ғылымында кезеңдеу мен мәдениетке бөлудің аса зор әдістік-әдістемелік мәні бар екенін ескере отырып, жаңа деректер мен көзқарастарды бүгінгі ғылым деңгейінде қорытар болсақ, пайымдаулардың ең оңтайлысы – нұра мәдениетін, дәлірек айтсақ, федоров мәдениетінің Орт. Қазақстандағы нұра нұсқасын бөліп шығару болмақ. Аймақта алакөл мәдениетінің ескерткіштері бар, ал атасу типтес жәдігерлер аталмыш симбиоздық сипатқа ие. Нұра нұсқасының маңызды ескерткіштеріне мыналар жатады: қорымдар – Әкімбек, Ақмола, Айшырақ, Алпамса, Ақсу-Аюлы 2, Бұғылы 1, Балықты, Ботақара, Бурабай, Бұрлық 1, Мыржық 1, Ортау 2, Саңғыру 2, Тасырбай 2, Шойындыкөл; қоныстар (қабаттарында нұра материалдары бар қоныстар) – Атасу 1, Бескөл 4, Екпін 1, 2, 3, Майоровка, Энтузиаст 2, Усть-Кенетай. Нұра ескерткіштерін басқалардан жіктеуде жерлеу құрылыстары мен жерлеу ғұрпындағы, керамикадағы, кейбір бұйым түрлеріндегі ерекшеліктерді дұрыс айырудың әдістемелік маңызы зор. Жерлеу ғұрпындағы айырмашылықтың бірі мәйітті өртеп жерлеу тәсілінің жиі кездесуі еді (сонымен қатар өртемей жерлеу де бар). Бұндай жағдайда көбіне қабірге өртелген мүрденің күлі салынған түйіншек қойылған. Онымен бірге саны 10-ға дейін қыш ыдыс қойылады, ал қола заттар неғұрлым сиректеу кездеседі. Кейде қабір қабырғаларын бөренелермен қаптайды да, оған от қояды. Қабір қабырғаларын таспен өру де жиі кездеседі, мұндай жерлеу камерасын “циста” деп атайды. Қабір үстіне аласа топырақ үйінді жасалып, ол тас тақталармен қоршалады. Нұра дәстүрінің бір ерекшелігі – қоршау көбіне жалпағынан жатқызылған тақталардан құралады (алакөлдіктерде олар тігінен орнатылады). Жерлеу құрылыстарында әдеттегі шағын қоршаулармен қатар, аса ірі, тіпті үйіндісінің диам. 100 м, биікт. 3 м, биікт. 1 м тас тақталардан құралған үлкен қоршауы бар оба түріндегі ескерткіштер пайда болады. Көп мөлшердегі адам күшімен тұрғызылатын бұндай ескерткіштер қоғамда билеушілер тобының бөлініп шыққанын дәлелдейді. Зерттелген нысандар арасында ірі обаларға Ақсу-Аюлы 2, Айшырақ, Ортау 2 жатады. Зерттеушілер пікірінше, нұра дәстүрінде отқа табыну үрдісі алакөлдіктерге қарағанда көбірек байқалады. Бұл тек кремация әдісі мен жерлеу құрылыстарына от қоюдан ғана емес, қабір төңірегі мен оның жабындысында байқалатын алау орындарынан, қабір ішіндегі ағаш көмірі түйіршіктері мен күлден, қыш ыдыс өрнегінде қас таңбаның (қас таңба – свастика, бұл От пен Күн тәңірлерінің көне рәмізі) жиі қолданылуынан байқалады. Нұралықтарға тән бұйымдар ішінен қоладан құйылған әйел әшекейлерінің кейбірін  ерекше атау қажет. Мұның біреуі – жіңішке түтікшеден ие отырып жасалған, үшкірлеу келген бір шеті кеңейтілген екінші шетінің ішіне кіріп тұратын шеңбер түріндегі сырға. Жиі кездесетін екінші түрге білезіктер жатады. Олардың шеттеріне бірнеше айналыммен жасалған, мүйізге ұқсас конустар перпендикуляр түрде бекітілген. Көне нұралықтардың шаруашылығының негізгі бағыты бақташылық болған, егіншілік қосалқы деңгейде тұрған. Металлургия кеңінен өрістеп, тері, ағаш, сүйек өңдеу, қыш ыдыс жасау жақсы дамыған. Тілі жағынан нұралықтарды ғалымдардың негізгі бөлігі үндіиран тобына жатқызады, сондай-ақ фин-угор, байырғы түркі диалектеріне жатқызатын пікірлер де бар. Қалыптасқан аймағы туралы бірыңғай пікір жоқ, бірақ зерттеушілердің көбі нұра нұсқасын да, жалпы федоров мәдениетін де Қазақстан аумағында дүниеге келген төлтума мәдениет деп санайды. Қазақстан аумағынан бастау алған мәдениет біртіндеп Бат. Сібір, Оңт. Орал, Орта Азия өлкелеріне тараған.   В. Ломан, А. Бейсенов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том  
08.11.2012 10:58 12223

Соңғы редакциялау:

24 қазан 2012 жыл

НҰРА БОЙЫНДАҒЫ ЕСКЕРТКІШТЕР, Нұра кезеңі, Федоров мәдениетінің Нұра нұсқасы – қола дәуірі ескерткіштерінің үлкен бір тобы, археологиялық мәдениет (б.з.б. 16 – 13 ғ-лар). Қазақстан және КСРО археол. ғылымының дамуы барысында әуелі ескерткіштер тобы, кейін мерзімдік жеке кезең ретінде белгіленді. Қазір мәдени нұсқа деңгейінде айтылады. Ә.Марғұлан, Ә.Оразбаев, К.Ақышев, М.Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов, В.В. Евдокимов, Г.Б. Зданович, В.В. Варфоломеев, В.Г. Ломан, А.Бейсенов, И.А. Кукушкин, т.б. зерттеді. Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінің аса маңызды, ғылымға көптеген деректер берген көрнекті тобын біріктіреді. Ескерткіштердің ең көп шоғырланған жері – Орт. Қазақстан. Шығ. Қазақстанға да тараған. Алғашқы жәдігерлерді ашу жұмыстары Орт. Қазақстан археол. экспед-ның 1946 – 60 жылдардағы далалық ізденістері барысында (Ә.Марғұлан, т.б.) орындалды. Орт. Қазақстан обл. Нұра өз-нің жоғ. ағысындағы алқаптарда (Шерубай-Нұра, Талды-Нұра, Байқожа өз-дері) алғаш зерттелгендіктен Н. б. е. деп аталып, 1960 жылдары қола дәуірінің Қазақстанға тән нұра кезеңі, сондай-ақ осыдан кейін келетін атасу кезеңі туралы ұғым қалыптасты. Олар ан­дрон мәдениетінің федоров және алакөл кезеңдерімен сәйкес келеді деп пайымдалды. Осылайша нұра және атасу кезеңдері федоров, алакөл кезеңдері атауларының жергілікті ерекшеліктерді көрсететін қазақстандық баламасы ретінде ғылымға енді. Мұның сол кездегі ғылым дамуында зор маңызы болды. Жаңа деректер көптеп жинақтала келе, 1980 – 90 ж. қола дәуірі туралы біршама үлкен толықтырулар мен талдаулар жасалды. Мұның нәтижесінде андрон мәдениеті қайта қаралып, ол бұдан былай мәдениет емес, ірі тарихи-мәдени қауымдастық, ал федоров, алакөл кезеңдері жеке-жеке екі мәдениет деп аталды, сондай-ақ бұл екеуі екі бөлек этн. топқа жатуы мүмкін деген мәселе көтерілді. Осыған байланысты Қазақстандағы нұра, атасу кезеңдері туралы жаңа көзқарастарды қалыптастыру қажеттігі туындады. Орт. Қазақстандағы нұра типтес ескерткіштерге таза федоровтық белгілер, ал атасу типтес ескерткіштерге федоровтық-алакөлдік аралас белгілер тән екендігі, сондай-ақ бұл аймақта таза алакөлдік ескерткіштер де бар екендігі қазір дау тудырмайды. Археология ғылымында кезеңдеу мен мәдениетке бөлудің аса зор әдістік-әдістемелік мәні бар екенін ескере отырып, жаңа деректер мен көзқарастарды бүгінгі ғылым деңгейінде қорытар болсақ, пайымдаулардың ең оңтайлысы – нұра мәдениетін, дәлірек айтсақ, федоров мәдениетінің Орт. Қазақстандағы нұра нұсқасын бөліп шығару болмақ. Аймақта алакөл мәдениетінің ескерткіштері бар, ал атасу типтес жәдігерлер аталмыш симбиоздық сипатқа ие. Нұра нұсқасының маңызды ескерткіштеріне мыналар жатады: қорымдар – Әкімбек, Ақмола, Айшырақ, Алпамса, Ақсу-Аюлы 2, Бұғылы 1, Балықты, Ботақара, Бурабай, Бұрлық 1, Мыржық 1, Ортау 2, Саңғыру 2, Тасырбай 2, Шойындыкөл; қоныстар (қабаттарында нұра материалдары бар қоныстар) – Атасу 1, Бескөл 4, Екпін 1, 2, 3, Майоровка, Энтузиаст 2, Усть-Кенетай. Нұра ескерткіштерін басқалардан жіктеуде жерлеу құрылыстары мен жерлеу ғұрпындағы, керамикадағы, кейбір бұйым түрлеріндегі ерекшеліктерді дұрыс айырудың әдістемелік маңызы зор. Жерлеу ғұрпындағы айырмашылықтың бірі мәйітті өртеп жерлеу тәсілінің жиі кездесуі еді (сонымен қатар өртемей жерлеу де бар). Бұндай жағдайда көбіне қабірге өртелген мүрденің күлі салынған түйіншек қойылған. Онымен бірге саны 10-ға дейін қыш ыдыс қойылады, ал қола заттар неғұрлым сиректеу кездеседі. Кейде қабір қабырғаларын бөренелермен қаптайды да, оған от қояды. Қабір қабырғаларын таспен өру де жиі кездеседі, мұндай жерлеу камерасын “циста” деп атайды. Қабір үстіне аласа топырақ үйінді жасалып, ол тас тақталармен қоршалады. Нұра дәстүрінің бір ерекшелігі – қоршау көбіне жалпағынан жатқызылған тақталардан құралады (алакөлдіктерде олар тігінен орнатылады). Жерлеу құрылыстарында әдеттегі шағын қоршаулармен қатар, аса ірі, тіпті үйіндісінің диам. 100 м, биікт. 3 м, биікт. 1 м тас тақталардан құралған үлкен қоршауы бар оба түріндегі ескерткіштер пайда болады. Көп мөлшердегі адам күшімен тұрғызылатын бұндай ескерткіштер қоғамда билеушілер тобының бөлініп шыққанын дәлелдейді. Зерттелген нысандар арасында ірі обаларға Ақсу-Аюлы 2, Айшырақ, Ортау 2 жатады. Зерттеушілер пікірінше, нұра дәстүрінде отқа табыну үрдісі алакөлдіктерге қарағанда көбірек байқалады. Бұл тек кремация әдісі мен жерлеу құрылыстарына от қоюдан ғана емес, қабір төңірегі мен оның жабындысында байқалатын алау орындарынан, қабір ішіндегі ағаш көмірі түйіршіктері мен күлден, қыш ыдыс өрнегінде қас таңбаның (қас таңба – свастика, бұл От пен Күн тәңірлерінің көне рәмізі) жиі қолданылуынан байқалады. Нұралықтарға тән бұйымдар ішінен қоладан құйылған әйел әшекейлерінің кейбірін  ерекше атау қажет. Мұның біреуі – жіңішке түтікшеден ие отырып жасалған, үшкірлеу келген бір шеті кеңейтілген екінші шетінің ішіне кіріп тұратын шеңбер түріндегі сырға. Жиі кездесетін екінші түрге білезіктер жатады. Олардың шеттеріне бірнеше айналыммен жасалған, мүйізге ұқсас конустар перпендикуляр түрде бекітілген. Көне нұралықтардың шаруашылығының негізгі бағыты бақташылық болған, егіншілік қосалқы деңгейде тұрған. Металлургия кеңінен өрістеп, тері, ағаш, сүйек өңдеу, қыш ыдыс жасау жақсы дамыған. Тілі жағынан нұралықтарды ғалымдардың негізгі бөлігі үндіиран тобына жатқызады, сондай-ақ фин-угор, байырғы түркі диалектеріне жатқызатын пікірлер де бар. Қалыптасқан аймағы туралы бірыңғай пікір жоқ, бірақ зерттеушілердің көбі нұра нұсқасын да, жалпы федоров мәдениетін де Қазақстан аумағында дүниеге келген төлтума мәдениет деп санайды. Қазақстан аумағынан бастау алған мәдениет біртіндеп Бат. Сібір, Оңт. Орал, Орта Азия өлкелеріне тараған.

 

В. Ломан, А. Бейсенов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға