Мектеп оқушыларының 75%-дан астамы бірыңғай тестілеу жүйесінен өтеді (видео)
Талапкерлердің мамандығына сай сапалы оқу орнын таңдауына енді мамандар кеңес береді.
Осы мақсатта Астанада «XXI ғасырдағы білім және ғылым» атты еліміздің және шетелдің 70-тен астам жоғары оқу орындары қатысқан Х халықаралық білім көрмесі өтті. Онда әр оқу орны болашақ білімгерлерге өз мүмкіндіктері мен жетістіктерін көрсетіп, оқыту бағдарламаларын ұсынды. Ал Ұлттық тестілеу орталығы түлектерге тегін дайындық сынағын өткізді.
Өз білімін сынап көру үшін көрмеге келгендердің бірі – Дүйсен Ғалымжанов. Болашақта заңгер болуды армандайтын ол болашақ білімгерлерге тегін дайындық сынақ өткізудің маңызы жоғары екендігін айтады.
Дүйсен ҒАЛЫМЖАНОВ, 11-сынып оқушысы:
- ҰБТ-ға дайындығым жақсы. Бүгінгі тесттен 80 бал жинадым. Әрине бұл – менің толыққанды білімімнің көрсеткіші емес, ҰБТ-да бұдан да жоғары бал жинайтыныма сенемін.
Биыл еліміз бойынша 140 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Олардың 75%-дан астамы бірыңғай тестілеу жүйесінен өтеді.
Қали ӘБДИЕВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры:
- Биылғы түлектерге осындай байқау сынағы арқылы біз тест тапсыру технологиясымен таныстырамыз. Яғни, жауап парақтарын толтыру ережелері, тапсырмалармен таныстыру ережелері. Биыл тест тапсыру форматында өзгешеліктер жоқ. Жылдағыдай 5 пән бойынша өткізіледі. Тапсырмалар жылдағыдай өзгеріске ұшырайды.
Ал Сабина үшін осымен оныншы рет өткізіліп отырған білім көрмесі мамандығына сай сапалы жоғары оқу орнын таңдауына мүмкіндік бермек. Болашақ білімгердің мақсаты – шет елде оқып тіл үйрену.
Сабина ТҰРСЫНОВА, 11-сынып оқушысы:
- Мен Малайзия еліне түскім келеді. Сол елдің әдет-ғұрыптарын білгім келеді. Сол себептен бұл жерге келіп, ақпарат алып жатырмын.
Білімгерлердің көбі шет елде оқығысы келеді. Мамандар отандық жоғары оқу орындары оқу үдерісі бойынша әлемдік білім ордаларынан қалыс қалмайтындығын айтады. Дегенмен, білімде шекара болмауы қажет екендігін жоққа шығармайды. Керісінше әлемнің озық білім ордаларында оқыған білімгерлер ғылымды одан әрі жетілдіруге септігін тигізеді деп санайды.
Ербол СҮЛЕЙМЕН, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақстанның жоғары оқу орындары шет елдік оқу орындармен тең дәрежеде. Оған дәлел бүгінгі көрме. Егер қарап, шет елдік университеттермен қазақстандық жоғары оқу орындарын салыстырып шықсаңыз, ешқандай айырмашылық таба алмайсыз.
Үш күн бойы өтетін көрмеде білім берудегі инновациялық әдістер мен жаңа технологиялар таныстырылып, келушілердің назарына жетекші оқу орындарының ғылымдағы жетістіктері көрсетіледі. Тіпті білімгерлердің таңдаған мамандығынан қателеспеуі үшін арнайы тест жүйесі қызмет ететін болады.