Жас өнертапқыштар жобалары сарапқа салынуда (видео)
Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігінің оқушылардың ғылыми жобаларына жариялаған байқауы өтіп жатыр. Шараға облыстық, қалалық байқауларда жеңімпаз атанған жас өнертапқыштар қатысуда. Бұл байқау елімізде жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл байқаудың бастапқы кезеңінде шараға 16 мыңдай оқушы өз жобаларын ұсынды. Олардың 600-ге жуығы түрлі кезеңдерден сүрінбей өтіп, ақтық сайысқа жолдама алды. Байқау 4 бағыт бойынша өткізілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылар ұсынып отырған жобалар әртүрлі және олардың ішінде дамытуды қажет ететін өміршең жобалар да баршылық. Байқаудың нәтижесі 22 ақпанда шығады. Ол бойынша жеңімпаздың еңбегі жыл сайын өткізілетін «Intel ISEF-2013» оқушылардың ғылыми жобаларының халықаралық көрмесіне қатысады. Сондай-ақ 1-2 және 3 дәрежелі диплом алған оқушылар Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу гранттарын иеленеді.
Шолпан ҚИРАБАЕВА, «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры:
- Бүгін дарынды бала болса, ертең жақсы студент болады. Одан соң ғалым болады. Өсімдіктер, дәрі-дәрмек дайындау бойынша ғылыми жұмыстар жасауда. Бүгінгі дарынды балалар – біздің болашағымыз.