Жаңа бас муфтийге қауым қандай үміт артып отыр?
Кеше елімізде маңызды бір жаңалық орын тапты. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының кезекті құрылтайында Ержан Маямеров бас мүфтий болып сайланды. Осы өзгерістің маңыздылығы мен өзектілігі қазіргі кезде жұртымызды аландатып отырған діни саладағы жағдаймен түсіндіріледі. "Жаңа сайланған дінбасы шеттен келіп жатқан зиянды ағымдарға тосқауыл қоя алады ма?", "қазақтың салт-дәстүрлерін сақтай алады ма?" деген көкейкесті сұрақтар қауымның көңілінде.
Жаңа муфтийдің есімі осыған дейін көпшілікке мәлім болмаса да, Семей өңірінде оның аты жұртқа жақсы таныс. 2011 жылдан бері сол жақта ол өкіл имамы болып іс атқарған. Әлемге мәшһүр Әл-Азһар университетін бітірген, онда он екі жыл бойы толық оқу бағдарламасын меңгерген. Білімі мықты, бірнеше тілде еркін сөйлетін жетікті тұлға. Пәтуа шығаруға рұқсаты бар қазағымыздың бірі.
Қазақ даласында қалыптасқан, ата-бабаларымыздың салт-дәстуріне сай исламды ұстанады дейді. Семей өңірін аралап, елді мекендерде жергілікті тұрғындармен жиындар өткізіп, жұртшылықпен сөйлесіп, маман ретінде жауап беріп, осындай ағартушылық жұмысымен де белгілі.
Ашық ақпарат көздерінде жария етілген мәліметтерге сүйенетін болсақ, жаңа ұрпаққа жататын жас буын өкілі екен. Семей өңірінде жасаған істерін өте орынды және заманға сай деп санауға болады. Енді бүкіл Қазақстан деңгейінде сол бастаған жолын ары қарай жалғастырады деп үміт етеміз.
Қазнеттің ең көп оқылатын ақпараттық ресурстарында бас муфтийдің сайлануына қатысты жарияланған мақалалардың астында қалдырылған пікірлерді сараптайтын болсақ, олардың орта есеппен алғанда 83,75 пайызы жаңа дінбасының сайлануын оң бағалап, аз ғана бөлігі, яғни 16,25%-і жағымсыз пікірлерін айтыпты. Осыны ескерсек, интернет қауымы жаңа бас муфтийді жылы қарсы алды деп айтуға болады.
Сонымен қатар, жарияланған пікірлерді ары қарай талдайтын болсақ, жаңа дінбасыға келесідей үміт артылып отырғаны айқындалады:
1) Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының қызметін ретке келтіру;
2) терроризм және экстремизм сияқты құбылыстарды алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру;
3) қауымның діни сауатын нығайту;
4) араб әдет-ғұрыптарын дәріптеп, қазақша ғұрыптарды жоққа шығармай, тура жолды табу;
5) жастармен жұмысты күшейту.
Дереккөзі: yvision.kz