Ауған соғысының құрбандары ұмытылмайды
«Бүгінгі күні ауған соғысының ардагерлерін соғысқа қатысқандар мен оларға теңестірілгендер деп, екіге бөліп жүр. Мұны қалай түсінуге болады? Сондықтан, соғыс ардагерлерін бөле-жармай, бәрімізге теңдей қараса, сол бізге жеткілікті. Ауған соғысының ардагерлері деген мәртебе берсе болғаны», - дейді «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, полковник Мұратбек Әміржанов.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев: «Еліміздің Президенті Н.Назарбаев әрбір азаматтың борышы Отанды қорғау деген болатын. Біз Отан алдында ант қабылдаған азаматтармыз, Отан алдындағы борышымызды орындадық. Әттең-ай, осы соғыс болмағанда, бауырларымыз шаңырақ көтеріп, қасымызда болар ма еді. Алайда, « жазмыштан озмыш жоқ» деген, тағдырымызға көндік.
Тек қолымыздан келері бауырларымызға дұға бағыштау ғана. Сондықтан, бүгін Ауған соғысының ардагерлерімен бірге мешітке барып, соғыста қаза тапқандардың рухына бағыштап құран оқыдық, садақамызды бердік. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген атам қазақ. Біз майданнан оралмаған бауырларымыздың алдындағы парызымызды орындадық деп есептеймін», - деді Бақытжан Ертаев.
Астана қаласының ресми сайты astana.kz