Әлем кубогына қатысатын балуандар іріктелді
Командалық дода болып саналатын әйелдер арасындағы Әлем кубогына бүгінгінің үздік сегіз құрамасы қатысады. Яғни соңғы әлем чемпионатында үздік сегіздікке енген құрамалар ғана бұл додаға жолдама алған. Атап айтсақ, Ұлан-Батырда біздің қыздардан бөлек, Жапония, Қытай, АҚШ, Канада, Белоруссия, Үндістан және Моңғолия балуандары белдеседі.
Лондон Олимпиадасынан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған Гүзел Манюрова жеті салмақта тоғыз балуанды іріктеп алыпты. Қыздарымыздың қарымы туралы, жалпы бас бапкердің өзінен сұрауды жөн көрдік.
Әлем кубогына қатысатын Қазақстан құрамасы:
48 келі. Зүлфия Яхъярова, 51 келі. Татьяна Аманжол мен Жұлдыз Ешімова, 55 келі. Ақзия Дәуітбаева мен Гүлшахарат Таласова, 59 келі. Людмила Миронова, 63 келі. Дарья Хамдиева, 67 келі. Зарина Құнанғараева, 72 келі. Елмира Сыздықова.
Гүзел Манюрова, Әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Негізі, регламент бойынша Әлем кубогына әр салмақтан бір-бір балуаннан қосуға болады. Сондай-ақ қосалқы құрамға екі балуанды тіркеуге рұқсат. Біз тоғыз аруды іріктедік. 51 келідегі Жұлдыз Ешімова мен 55 келідегі Гүлшахарат Таласова қосалқы құрамда қалады. Өкінішке қарай, Жұлдыз жарақатынан кейін әлі бабына келе алмай жүр.
– Тізімге өзіңіз енбей қалыпсыз ғой...
– Өткен жылы Канадада бапкер де болып көрдім, белдесіп, балуан да болдым. Екі тізгінді қатар алып жүрген өте қиын екен. Бір жағынан бозкілемге шығуың керек, екінші жағынан шәкіртіңді белдесуге дайындауың қажет. Не істерімді білмей, басым қатып кеткен. Сөйтіп, осы жылы бозкілемге шықпай-ақ қоюды жөн деп шештім. Бапкер болып тәжірибе жинақтап алайын. Жарты жылдан кейін жаттығуымды қайта бастайтын боламын.
– Гүзел, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына күрес түрлері енбей қалуы мүмкін. Бұл жайлы не айтасыз?
– Халықаралық Олимпиада комитетінің бұл шешімі өте күлкілі. Білместік деуге болады. Күрес, атлетика, бессайыс сынды спорт түрлері ежелден келе жатыр. Олимпиада ойындарының бағдарламасында әу бастан бар. Неліктен «бүйректен сирақ» шығарып отырғандарын өзім де түсінбей отырмын.
Жаңаберген Қармандаев, Қазақстан күрес федерациясының Бас хатшысы:
– Белдесу өнері – әлемдегі ең ежелгі спорт түрінің бірі. Бүкіл әлемге танымал. Сондықтан Халықаралық Олимпиада комитетінің күресті 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастау туралы шығарған шешімі – ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бәрі сәтті аяқталады деп үміттенеміз. Өйткені күресі дамыған елдердің ешқайсысы да қарап қалмайтыны белгілі. Бұған жол берілмеуі үшін біз де өз тарапымыздан қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Мәселен, қазір ХОК-қа хат дайындап жатырмыз. Біз секілді өзге елдер де бұл мәселеге бел шеше кіріскен. Сондай-ақ жақында Тайландтың Паттайя қаласында ФИЛА Бюро мүшелерінің кеңесі өтеді. Сонда күрестің ережелері талқыланып, артық-кемшіліктері зерделенеді. Осыдан кейін спорттың бұл түрі одан сайын тартымды болып, ХОК-тың күресті Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта қосудан басқа амалдары қалмайды деп ойлаймын.
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Алаш айнасы