Елімізде «Қымыз туралы» арнайы заң шығуы мүмкін
Парламент кеше «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексін («Денсаулық кодексі») жүзеге асыру барысын қарады. Бұл мәселе бойынша есеп беру үшін Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Қорғаныс, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің басшылықтарының өкілдері шақырылыпты. Қалаулылар оларға қымызды жаппай ішу жайын ойластыруды ұсынды.
– Үлкен мәселе – тамақтану, – деді жиналғандарға қайырылған Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл. – Қазақстан халқының негізінен не тамақ жеп жүргенін зерттедік пе? Қытайдан әкеледі, анау Американың бәленбай жыл тоңазытқыштарда үсіп кеткен тауығын әкеледі. Соны ішіп-жеп аламыз-дағы, сауықтыру жөнінде әңгіме қозғаймыз. Одан түк шықпайды ғой! Ештеңе шықпайды одан! Сондықтан өзіміздің тамақ өндірісінің мәселесіне назар аударатын уақыт жетті.
Баяғыда әл-Фараби бабамыздың өзі: «Егер ұлттық тағам дастарқаннан кететін болса, ұлт ауруға шалдығады» деген. «Сонау заманда дәлелдеген! – деді Алдан Зейноллаұлы. – Біз өзі ұлттық тағамнан айырылдық. Ешкім дұрыс қымыз ішпейді, баяғы құрт, ірімшік, тағы басқалары жоғалды». Сосын ұяты барлардың бәрін ұялтты: бұл істе бізден орыс елі де озып кетіпті! «Ресейдің мысалын келтірейін: Якутияда қымыз туралы заң шықты. Сол бойынша қымыз өндірушілерге жеңілдік беріледі. Қазір Якутияда бүкіл балабақшалар мен мектептерде балаларға тегін қымыз ішкізеді! Жасай алмай отырмыз ғой осыны, қолдан келсе де! Осыны істемегеннен кейін, тамақтандыру, балалардың денсаулығы туралы әңгіме қозғаудың қанша қажеті бар?»
Сол Ресейде «туберкулезді» қымызбен емдейтін 40-тан астам санаторий бар. Германияда арнайы мамандандырылған, қымыз өндіретін 50 ферма ашылды. «Немістер қымызды дәрі ретінде, таблетка күйінде бүкіл Еуропаның дәріханаларында сатып жатыр, – деп хабарлады депутат А.Смайыл. – Ол тағы да бізде жоқ. Ресейдің өзінде жыл сайын биенің сүтінен 500 тонна балалар тағамдары жасалады! Олардың зерттеулері бойынша, биенің сүті мен ананың сүтінің айырмашылығы шамалы. Соны біз жасап отырмыз ба? Жасамақ түгіл, ол туралы ой да жоқ! Сол Якутияда ауыр хирургиялық операциялар жасалған адамдарға қымыз береді. Ол тағы да жоқ» деген Мәжіліс депутаты Үкіметке барлық жауапты министрліктерді жүктеп, «Ұлттық тамақ өндірісін дамыту туралы бағдарлама» жасау туралы ұсыныс айтты.
– «Қымыз туралы» жеке заң қабылдау бойынша айтарымыз, – деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары
Г.Исаева. – «Агробизнес-2020» атты жаңа салалық бағдарламада жайылымдық мал шаруашылығын дамыту қарастырылған. Соның негізгі бір бағыты – табындық жылқы шаруашылығын дамыту болып табылады. Сондай-ақ «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың «жол картасында» табындық жылқы шаруашылығын дамытумен байланысты бірқатар іс-шаралар көзделген. Сондықтан осы бағдарлама аясында жоспарланған субсидиялар мен жаңа қаржылық құралдар ет пен қымыз өндіру үшін табындық жылқы шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік береді деп санаймыз.
Гүлмира Исаева: «Қымыз туралы» жеке заңда көрініс табуға тиісті деп ұсынылып отырған басқа мәселелердің бір бөлігі ендігі «Ветеринария туралы», «Тамақ қауіпсіздігі туралы» заңдарында көрініс тапқан» дейді. «Ал қымыз өндірісін арттыруға қатысты мәселелерді жаңа заң тудырмай-ақ, шеше аламыз» деген АШМ басшылығының өкілі «қолданыстағы заңдармен шектелуді» жөн санайтындарын жеткізді.
– Сонда ол шаруашылықтар мемлекеттік меншік формасында құрыла ма, әлде сіздер осы бағытта жеке бизнесті ынталандырасыздар ма? – деп сұрады жиынға төрағалық еткен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева.
– Салалық бағдарлама бойынша біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қандайда бір қызмет түрімен айналысуына жағдайлар жасаймыз, – деді АШМ вице-министрі. – Мына жағдайда біз бірнеше жаңа құралдарды, соның ішінде инвестициялық субсидияларды қарастырдық, бұлар жылқы шаруашылығының да дамуына қозғау салуға тиісті. Бір мысал келтірейін: жайылымдарда су шығаруға бағытталған жаңа инвестициялық субсидия енгізілетін болады, осы арқылы біз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне шалғайдағы жайылымдық жерлерді малдарды, соның ішінде жылқыларды жаюға пайдалануларына жағдай жасаймыз.
– Бірақ тіпті тұтынушылардың осы пайдалы өнімді тұтынуына қозғау салу үшін де заңнамалық ынталандыру шаралары қажет қой? – деп қарсы сөз айтты Дариға Назарбаева. – Заң сол үшін керек емес пе?! Алдан Зейноллаұлы соны айтып отыр. Мектептерді қымыз ішуге міндеттеу қажет. Санаториялық-профилактикалық, емдеу-сауықтыру мекемелерінде қымыз беру керек сырқаттарға.
– Сүт өнімдері, соның ішінде қымыз бойынша да бізде жұмыс тобы құрылды, – деп жауап қатты АШМ басшылығының өкілі. – Қазақстанның Сүт одағының мамандарымен бірлесіп, біз дәл қазір «Мектеп сүті» («Школьное молоко») бағдарламасын жетілдірудеміз. Бұл бағдарлама тамақ қауіпсіздігі талаптары бойынша мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде мектептерге, ауруханаларға жеткізілетін сүт өнімдерінің сапасына қатысты мәселелерді де қамтиды. Бұл жерде сүт өнімдерінің табиғи құрамына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, сиыр сүтінде кейде өсімдік майлары пайдаланылады және оны фальсификаттаудың кең тараған басқа да түрлері бар. Ал барлық дәстүрлі ұлттық тамақ түрлері ішінде әсіресе, қымызды қолдан жасау қиын, бірден сезіледі. Сондықтан қымызды біз табиғи, экологиялық таза тамақ түрі ретінде ілгерілететін боламыз.
Үкімет өкілін тыңдап болған төрайым «сұранысты заңнамалық ынталандыру шаралары бәрібір қажет» деген ойында қалды.
Депутаттардың айтуынша, қымыз өндіретін фермалар Қазақстанда да – «Жаңаарқа ауданында, Алматы өңірінде, Таразда және басқа жерлерде» ашылған, бірақ «АШМ және басқа мемлекеттік құрылымдардан қамқорлық болмағаннан кейін бәрі жабылып қалған». Алдан Смайылдың бұл мәселені арнайы көтеруіне де солар ықпал етіпті: әлгіндей шаруашылықтар депутаттарға қоңырау шалып, хат жазып жатыр екен. «Олардың айтатыны: «Ештеңе де, тіпті субсидиясының да керегі жоқ. Тек жайылымдық жер керек, содан кейін дамып кеткенше, салықтан 4-5 жыл жеңілдік керек. Болды! Басқа ештеңенің қажеті жоқ көрінеді. Енді соның бірін де жасап отырған жоқ қой! Әйтпесе, қымыз шығаратындарға өздері жылқы өсірмесе, бие сүтін сатып алу қымбат» деген депутат Ауыл шаруашылығы вице-министрінен: «Сіздің өзіңіз айтыңызшы: қымыз өндіріп жатқан фермаға барып көрдіңіз бе?» деп сұрады. Исаева ханым тура жауаптан жалтарды.
Осы жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мектептердегі штаттық дәрігерлерді БҒМ-нан өз министрліктеріне беруді ұсынды. «Онда ол дәрігерлерді оқу, тәрбие, мектептен тыс жұмыстарға тарту қиындап кетеді» деп қарсылық білдірді БҒМ вице-министрі Мұрат Әбенов. «Оның барлығын ішкі тәртіппен шешуге болады» деп жоқ жерден бәрін қиындатпауды ұсынды Дариға Назарбаева.
Осында балалардың психикалық денсаулығы мәселесі де талқыланды. «Ол балалар неден «псих» болып отыр? Қазір оқушыларға түсетін жүктемені зерттедіңіздер ме?» деп сұрады осы орайда Алдан Смайыл БҒМ вице-министрі Мұрат Әбеновтен. – Білім мен денсаулық министрліктері осыны неге бірлесіп зерттемейді? Менің өзімнің бақылауымша, немерелерім күнде оқу бойынша 13-14 сағат жұмыс істейді. Сонда да игеріп үлгере алмайды мектеп бағдарламасын. Енді ол балада қандай денсаулық, қандай нерв болады? Құлаш-құлаш жаттаулар, математикада да сондай тапсырмалар, бәрінде сондай. Артық пәндер көп. Соның бәрінен арылту керек» деп ұсынды қалаулы.
Жиында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне кешіктірмей, мектеп бағдарламасындағы сабақтардың балаларға салмағы туралы мәселені зерттеп, бір қорытынды жасауды ұсынды. Соның негізінде оқу бағдарламасына өзгерістер енгізілуі қажет. Өйткені ұрпақ денсаулығына ұлт тағдыры тәуелді.
Айхан ШӘРІП