«Менің атым – Қожа» енді көрсетілмеуі мүмкін
Ендеше, ұстазының сөмкесiне бақа салатын, сыныптасына сияны рогаткамен ататын, балыққа барып, көршiнiң ауын «ұрлайтын», iргелес ауылдағы бейтаныс үйде бүлдіршінді алдап соғып, етiн жеп, қымызын iшiп кететiн Қожаның қылықтарын сарапшылардың «қоғамға жат және құқыққа қарсы іс-әрекеттер» деп бағаламасына, фильмнің басты кейіпкерін ұзынтұра Сұлтанның темекі тартуға үйретуін – «психотроптық немесе есеңгірететін заттарды пайдалануға түрткі болу» деп таппасына, тіпті басты қос кейіпкердің үйден қашып, ел кезуін – «қаңғыбастықпен шұғылдану» деп айыптамасына кім кепіл? Сұрақ көп. Сондықтан болса керек, осы заңды пысықтайтын жұмыс тобына жетекшілік ететін ұлтжанды депутат Алдан Смайыл, осы топтың кешегі өткен отырысында, дау туғызар көптеген позициялар бойынша шешім қабылдау- ды кейінге қалдырды, ол Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне әлгі баптарды және соларға қатысты депутаттардың енгізген түзетулерін мамандармен жеке қарап, бірыңғай ұстаным-байлам түзуді ұсынды.
Отырыс барысында бірқатар депутаттар балаларды теріс ақпараттардан қорғауда батыстық озық үлгілерге сүйенуді, тіпті кейбірі Ресейдің осының алдында қабылданған заңының жақсысын алуды ұсынған. Бірақ жұмыс тобының жетекшісі Батысқа жалтақтаудың жақсылық әкелмейтіндігін ұғындырды:
– Менің шошитын бірдеңе бар, – деді әріптестеріне қайырылған Алдан Смайыл. – Осы заңды талқылағанда естеріңізде болсыншы! Таяуда ғана Франция парламенті бір жынысты некелерді мақұлдады. Америка президенті кандидат болғанда, сондайды жақтап шықты. Енді елді осыған дейін жеткізбеу үшін бірдеңе істеуіміз керек! Осы заңның мағынасы да сол. Еуропа–Еуропа дегенде, оның жеткен жері жаңағы болып отыр. Масқара! Франция парламенті бүкіл адамзатқа қарсы, Алланың жаратылысына қарсы шешім қабылдады. Осыдан кейін шошынасың. Осыдан кейін біздің қолда бар мүмкіндікті мына заңға енгізуіміз керек. Ештеңеден қалтырамай, жасқанбай.
Еуропа демек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Д.Миятович офисінің осы заң жобасына қатысты түсініктемесін жолдапты. Онда еуропалық осы ұйым тартқан сарапшы: «аталған заң жобасы цензура ретінде бағалануы мүмкін тыйымдар мен шектеулерді ендіруге жол ашады» деген «ортақ қорытындыға» келіпті. Демек, бұл құжат айналасында алда талай пікірталастар жүретінге ұқсайды.
Бұл заңның қабылдануын кешіктіруі мүмкін тағы бір қызықты жайт мәлім болды: жұмыс тобының жиынында оның жобасының орыс тіліндегі мәтініне қатысты кейбір түсінбеушіліктер туындаған. Мұның мәнісі мынада болып шықты: «Балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» заң жобасы – қазақ тілінде жазылған заң екен! Кейін оны орыс тіліне аудару кезінде сәйкессіздіктер кеткендігі хабарланды. Осы орайда аудармашыларға жұмыс табылып отыр.
Бұл заңның тыйымдары тек телеарна, радио және баспасөзге ғана емес, интернетке де таралуы мүмкін. Осыған байланысты жобадағы біраз бапты «орындау мүмкіндігінің жетіспеушілігіне орай», алып тастау ұсынылған. Бұған жұмыс тобының жетекшісі қарсы шықты. «Жалпы, кодтау арқылы баланың теріс ақпараттарды көру мүмкіндігін шектеуге болады,– деді Алдан Смайыл. – Бұл – техникалық жағынан мүмкін дүние. Ал оны ата-аналардың барлығы бірдей істей ала ма, жоқ па, ол – басқа мәселе. Бірақ заң-да осыны бекітеміз бе, жоқ па, мәселе сонда».
Депутаттың пікірінше, баласының «жоғарғы, ақпараттық» құралында әлгіндей «сүзгіні» орната алмайтын ата-аналарға провайдерлер көмекке келуі қажет. «Интернеттен хабар тарататындардың өздері балалардың бәленбай уақытта көруіне, тағы басқаларына өз тараптарынан шектеу қоя алады. Сондай келісімдер бар» деген Алдан Смайыл министрлік өкіліне бұрылды: «Мысалы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстандағы интернет таратушылармен осындай келісімге отыра аласыздар. Ондай мүмкіндік бар. Еуропада 32 ірі интернет-провайдерлермен келісімге отырған: «балаларға мынадай-мынадай ақпараттарды көрсетуге мүмкіндік бермейсіздер» деп. Мына мәселе содан алынып отырған дүние. Ендеше, неге Қазақстанда мүмкін емес?! Бәрі мүмкін!» деп шорт кесті топ басшысы.
Елдос СЕНБАЙ