7 ақпан күні әлемдік және еуропалық кинопремьераларды бәйгеге салатын 63-ші Берлин кинофестивалі есігін айқара ашты. Осы шарада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» атты тырнақалды кинотуындысы үздік картиналармен бәсекеге түспек.
Бұл- қазақ кинематографиясы үшін елеулі оқиға болмақ.
Фильмнің продюсері Анна Качконың хабарлауынша,14 ақпан күні «Уроки Гармонии» фильмінің жабық көрсетілімі және фестивальге алдын ала тіркелген журналистермен баспасөз отырысы өтеді.
Сондай-ақ, продюссер «Уроки гармонии» фильмін әлемдік прокатқа шығарумен фильм жасауда тәжірибесі мол Францияның FILMS DISTRIBUTION агенттігінің айналысатынын мәлім етті. Бұған дейін, компания ұсынған WAR WITCH фильмі Берлин кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне қол жеткізіп, «Оскар 2013» киножүлдесіне үміткерлердің тізімінен көрініп отырғанын да алға тартты.
Болашағынан зор үміт күттіріп отырған, жас режиссер Эмир Байғазиннің бұл туындысы осы уақытқа дейін де киносүйер қауымның көңілінен шыққан болатын. Мәселен, аталмыш жоба 2011 жылы VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде өткізілген «Қазақстандық киножобалар нарығында» үздік деп танылып, «Қазақфильм» киностудиясының қаржылай қолдауына және халықаралық деңгейде танылуына кең мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Сараево қаласында (Босния және Герцеговина) өткен Халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, Work-in-Progress конкурстық бағдарламасында Бас жүлдені жеңіп алған. Көп ұзамай, «Берлинале Әлемдік Кино Қоры» (Berlinale World Cinema Fund) тағайындаған жүлдеге қол жеткізген.
Фестивальдің ашылу салтанатына Мэтт Деймон, Джуд Лоу, Стивен Содерберг, Жюльет Бинош, Катрин Денев, Изабель Юппер сынды танымал жұлдыздары қатысады.
BAQ.kz
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға