©Pixabay.com

Collider ең үздік анимациялық фильмдердің тізімін жасады

28.10.2025 00:20

Collider басылымы Disney және Pixar студияларының ең үздік мультфильмдерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл тізімге 1991 жылдан 2017 жылға дейін түсірілген туындылар енгізілген.

Журналистің жазуынша, бұл мультфильмдер көңіл көтеру үшін ғана емес, махаббат, жоғалту, батылдық және арман туралы алғашқы сабақтар болған. Тізім 1994 жылы шыққан «Арыстан патшадан» (The Lion King) басталады.

Муфасаның өлімі бүкіл әлемдегі балаларды есеңгіретіп, бізге қайғыны қабылдауды үйретті. Бұрын-соңды ешбір балалар фильмі мұндай әсер берген емес, – деп жазады автор. Ол бұл туынды жас пен кәріге бірдей өмірлік сабақ бергенін атап өтті.

Келесі орында Disney ханшайымдары туралы мультфильмдер топтамасы тұр: «Сұлу мен Құбыжық» (Beauty and the Beast), «Аладдин», «Мулан», «Мұзды өлке» (Frozen), «Моана» және «Рапунцель».

Журналист «Сұлу мен Құбыжық» туралы айта келе:

Бала күнімде бұл фильм сиқыр туралы деп ойлайтынмын, бірақ өскен соң түсіндім – ол қорқыныш пен тәкаппарлықсыз қарауға, жек көруге үйретілген адамнан да адамгершілікті көруге үйретеді, – дейді.

Айта кетсек, «Сұлу мен Құбыжық» тарихта алғаш рет «Оскар» сыйлығына «Үздік фильм» номинациясымен ұсынылған мультфильм болған.

Бұл тізімдегі әр кейіпкер – балаларға үлгі боларлық тұлға. Мулан – әйелдердің батыр бола алатынын дәлелдеді, Жасмин мен Рапунцель – еркіндікке ұмтылыстың символы.

Ал «Моана» мен «Мұзды өлке» сияқты мультфильмдер дәстүрлі «ханшайым мен ханзада» оқиғасынан бас тартып, махаббатты – адамдар арасындағы нағыз байланыстың көрінісі ретінде көрсетті, - деп қосты ол.

Сондай-ақ тізімге «Немо іздеу» (Finding Nemo), «Зоотопия» (Zootopia) және «Коконың құпиясы» (Coco) енген.

Автордың пікірінше, «Коконың құпиясы» – Disney тарихындағы ең үздік мультфильмдердің бірі және студияның шынайы шедеврі.