Видеодан кадр

Coldplay концертіндегі оқиғадан соң IT компанияның директоры жұмысынан кетті

20.07.2025 10:31

Америкалық Astronomer IT-компаниясының бас директоры Энди Байрон қызметінен кетті. Оның отставкасы әлеуметтік желілерде кең таралған бейнероликтен кейін болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Байрон мен компанияның кадрлар жөніндегі директоры Кристин Кэбот Coldplay тобының концерті кезінде «kiss cam» камерасына түсіп қалған.

Бейнежазба Массачусетс штатындағы Фоксборо қаласында өткен концерт барысында түсірілген. Кадрда сахнаға қарап, құшақтасып тұрған ер адам мен әйел көрсетіледі. Алайда жұп өзін үлкен экраннан көрген сәтте абдырап, бір-бірінен алыстап кетеді: әйел адам бетін жауып, ер адам төмен қарай еңкейеді. Бұл сәт әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қызу пікірталас туғызып, бейнежазба лезде вирустық сипат алды.

Компания ұстанымы мен тергеу басталуы

19 шілде күні Astronomer директорлар кеңесі ішкі қызметтік тергеу басталғанын хабарлады. Ал бірнеше күннен соң Энди Байрон өз еркімен қызметінен кетті.

Компанияның LinkedIn парақшасында жарияланған ресми мәлімдемеде былай делінген:

Astronomer өзінің құрылған күнінен бері ұстанып келе жатқан құндылықтар мен мәдениетке адал. Біздің басшылардан жоғары этикалық стандарттар мен жауапкершілік күтіледі. Өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл стандарттар сақталған жоқ.

Қазіргі уақытта бас директордың міндетін компанияның негізін қалаушы және өнімдер жөніндегі директор Пит Деджой уақытша атқарып отыр.

Жеке өмірі мен түсініктеме

Энди Байрон компанияны 2023 жылдан бері басқарған. Ал Кристин Кэбот Astronomer қатарына бір жылдан кейін қосылған. Екеуі де оқиғаға байланысты ешқандай ресми пікір білдірген жоқ.

Энди Байрон отбасылы — оның жары Меган Керриган Байрон ұстаздықпен айналысады. Ерлі-зайыптылардың екі баласы бар.