instagram/afckairat

ЧЛ: «Қайрат» пен «Семей» футзалшылары плей-офф кезеңіне жолдама алды

Футзалдан 2025/26 маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне қазақстандық «Қайрат» пен «Семей» клубтары шықты, деп жазады El.kz интернет порталы.

Алматының «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының Негізгі кезеңінің соңғы турында Косово елінің «Приштина» командасын 4:1 есебімен жеңді. Ойын Хорватияның Макарска қаласында өтті. Осы жеңістен кейін алматылықтар алты ұпай жинап, өз тобының екінші сатысын иеленді. Бұл нәтиже командаға плей-офф кезеңіне өтуге мүмкіндік берді.

Ал «Семей» клубы Негізгі кезеңнің соңғы ойынында қазіргі Чемпиондар лигасының жеңімпазы – Испанияның «Пальма» командасымен кездесті. Пальма-де-Майоркада өткен матч 7:4 есебімен испандықтардың пайдасына аяқталды. Дегенмен, үш ұпай еншілеген семейліктер топта үшінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.

1/8 финалдың жеребесі 6 қарашада өтеді, ал матчтар 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында ойналады.