Chevrolet Traverse жол талғамайтын көлігінің жаңа буыны жақын жылдары Қазақстан нарығында пайда болуы мүмкін. Ресми ақпарат әзірге жоқ, бірақ бірқатар құжаттар мен өңірлік жоспарлар бұл модельдің елімізде құрастырылу ықтималдығын көрсетіп отыр.
Техникалық рұқсаты дайын
2025 жылдың соңына қарай Traverse-тің үшінші буыны Өзбекстанда сатылымға шығатыны белгілі болды. Осы жаңалықтан кейін аталған модель Қазақстанға да келуі мүмкін деген әңгіме тарады. Себебі Chevrolet маркасының бірнеше көлігі Қостанайдағы Allur зауытында құрастырылып келеді.
Арнайы дерекқорда 2023 жылы таныстырылған жаңа Chevrolet Traverse туралы мәлімет бар. Құжатта көліктің екінші және үшінші буынын Қазақстанда қатар құрастыруға мүмкіндік қарастырылған. Алайда бұл тек техникалық рұқсат қана, нақты өндіріс басталады дегенді білдірмейді.
Traverse-нің техникалық мүмкіндіктері қандай?
Chevrolet Traverse үш қатарлы, толық жетекті үлкен кроссовер. Алдыңғы буыны 3,6 литрлік V6 қозғалтқышпен жабдықталып, 318 ат күші мен 360 Нм айналу моментін беретін. Ал жаңа нұсқада көлемі кішірек, бірақ қуаттырақ 2,5 литрлік турбо қозғалтқыш орнатылған. Оның қуаты 328 ат күші, моменті 442 Нм. Қозғалтқыш 8 сатылы автоматты беріліс қорабымен жұмыс істейді.
Қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?
Жаңа буын бұрынғысынан сәл ұзын, кең және биік. Дөңгелек базасы өзгермеген. Көліктің сыртқы келбеті Chevrolet Suburban мен Silverado модельдеріне ұқсайды.
Салонында да жаңалық көп. Алдыңғы панельде 17,7 дюймдік мультимедиа экраны мен 11 дюймдік аспаптар панелі біріктіріліп орнатылған. Беріліс қорабының селекторы рөл бағанасына көшірілген.
Chevrolet өкілдері Traverse-тің Қазақстанда қашан сатылымға шығатынын нақты айтқан жоқ. Ал Өзбекстанда үшінші буынның бағасы 795 млн сумды құрайды, бұл шамамен 33,6 млн теңге.
Сарапшылар не дейді?
Жаңа модельдің ел нарығына енбей жатып, бағасының жарық көргені көлік сарапшысы Ерғазы Талғатұлын екі ұдай күйде қалдырған.
Бізге бұған дейінгі келіп жатқан Chevrolet маркасының басқа модельдерін салыстырып қарап көруге болады. Бағасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Chevrolet Traverse-ні әлсіз кроссвер деп айтудан аулақпын, бірақ нарыққа енбей жатып бағасы көпті шошытары анық. Егер өзімізде құрастырылатын болса, қуанатын едік. Бірақ қазір ел нарығында бәсекелестік өте мықты, - деді тәжірибелі көлік сарапшысы.
Егер жаңа Traverse Қазақстанда құрастырылатын болса, оның бағасы бәсекелестерінен төмен болуы мүмкін. Бұл модель Toyota Highlander, Hyundai Palisade және Kia Telluride сияқты ірі кроссоверлерге бәсекелес бола алады.
Қазірше Chevrolet Traverse-тің елімізде өндірілетіні немесе импорт арқылы келетіні белгісіз. Дегенмен құжаттардың пайда болуы мен көрші елдердегі жоспарлар бұл модельдің Қазақстан нарығына келу ықтималдығы бар екенін көрсетеді.

