Черногорияға бару үшін енді шенген визасы қажет болуы мүмкін
Черногория 2028 жылы Еуроодаққа кіруі мүмкін. Бұл туралы Еуроодақтың кеңею мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Егер ел одаққа мүше болса, онда қазақстандықтар үшін Черногорияға бару қымбаттайды, себебі шенген визасын рәсімдеу қажет болады.
Костың сөзінше, техникалық келіссөздер келесі жылы аяқталуы тиіс. Ал келісімнің қабылдануына әдетте бір-екі жыл кетеді.
Черногория 2028 жылы ЕО-ның 28-мүшесі болуы мүмкін, – деді ол.
Черногория 2010 жылдан бері Еуроодаққа кіруге ресми кандидат мәртебесіне ие. Сонымен қатар Албания, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония, Сербия және Косово да ЕО құрамына кіруге ұмтылуда (Қазақстан Косовоны жеке ел ретінде емес, Сербияның бөлігі ретінде қарастырады).
Қазақстандықтар үшін Черногорияға кіру ережелері
Қазір Қазақстан мен Черногория арасында 30 күнге дейін уақытша визасыз режим жұмыс істейді. Әдетте ол көктемнің басынан күздің ортасына дейін созылады (биыл 1 наурыздан 1 қарашаға дейін).
Маңызды ескерту: Черногорияға келген шетелдік турист алғашқы тәулікте уақытша тіркеуден өтуі тиіс. Бұл рәсімді туристік ұйымның өкілдігінде, қонақүйде немесе жергілікті полиция бөлімшесінде жасауға болады.
Алматы мен Астанадан Подгорицаға тікелей Air Astana рейстері ұшады.
Черногорияға бару қаншалықты қымбаттауы мүмкін
Егер Черногория ЕО құрамына кірсе, онда елге бару үшін шенген визасы талап етіледі. Оның консулдық алымы ересектер үшін – 90 еуро, ал 6-12 жас аралығындағы балалар үшін – 45 еуро. Дегенмен Еурокомиссия болашақта Қазақстан мен ЕО арасындағы визалық режимді жеңілдету жоспары бар екенін мәлімдеді.

