Мәселен, кей адамдар түнде үйдегі Wi-Fi роутерін әдейі өшіріп қояды — «сәулесі бас ауруын қоздырады» деп сенеді. Тағы бір бөлігі жатын бөлмеге телефон не теледидар кіргізбеуге тырысады. Өзін «электромагниттік гиперсезімталдық» (EHS) бармын дейтіндер Wi-Fi мен ұялы байланыс толқыны маңында жайсыздық сезінетінін айтады. Ғылым бұл құбылысты психосоматикалық реакция деп түсіндіреді.
Дегенмен, мұндай сенім жеке нарықты да қалыптастырды. EHS-пен байланысты өнімдер күннен-күнге көбейіп келеді:
— «сәулені тосатын» қабырғаға жағылатын өткізгіш бояулар (бағасы өте қымбат),
— терезеге жапсырылатын металл қабатты плёнкалар,
— тұтас бөлмені Фарадей торы сияқты экрандап беретін қызметтер.
Әрине, бұл заттардың барлығының жұмыс принципі бір — үй ішіндегі сигналды жасанды түрде тұншықтыру.
Бұл сала шағын болғанымен, соңғы жылдары сұранысы артып келеді. Мәселен, электромагниттік өрісті бөгейтін арнайы бояулардың бір банкасы жүздеген доллар тұрса да, өзін EHS-пен ауырамын дейтіндер оны сатып алып, бүкіл үйін бояп шығып жатады. Электромагниттік ортадан қашып, ауылға көшіп кететіндер немесе жертөледе арнайы экрандалған бөлме жасататындар туралы да мысалдар жетерлік. Бұл — радиофобияның шектен шыққан көрінісі.
Бірақ дәл осы қорқыныштың есебінен пайда табатындар да көп. Интернетте «үйіңіздегі радиацияны өлшеп береміз», «қауіпсіздік сертификатын рәсімдеп береміз» деген атпен қызмет көрсететін компаниялар көбейіп келеді.

