Жаңалықтар

"Челахтың қасына барасың деді": Жамбыл облысындағы жарылысқа кінәлілер соңғы сөзін айтты

"Челахтың қасына барасың деді": Жамбыл облысындағы жарылысқа кінәлілер соңғы сөзін айтты
Фото: Видеодан кадр 28.09.2023 11:41 1787

Тараз маңындағы қару-жарақ қоймасында болған жарылысқа кінәлі деп айыпталған сарбаздар сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қатардағы жауынгер Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбай 18 адамның өліміне өздерін кінәлі сезінбейді.

Себебі тергеушілер қоқан-лоққы көрсетіп, қылмысты біздің мойнымызға ілгісі келеді дейді.

"Өмір бойына кетесің,Челахтың қасына барасың" деді. Мен сол кезде қорықтым. "Мойныңа ала сал, бұл тірлікті жабамыз, прокурормен, Астанамен сөйлесіп қойдық, сендерге шартты жаза береді, шығып кетесіңдер" деді. Бізді бала сияқты алдады. Мен кінәлі емеспін, - деді айыпталушы.

"Тергеуде қысым көрдік" деген қос сарбаз соттан өздерін ақтап алуды сұрады. Екеуінен бөлек, сот залында күдікті деп танылған тағы төрт офицер отырды. Бірақ оларға әлі сөз берілген жоқ.

Еске салсақ, 2021 жылы тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімшесінің қару-жарақ қоймасы жарылып, 18 адам қаза тапқан. Тағы 82 адам жараланған болатын. Осы оқиғадан кейін жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Бұл іс бойынша 250-ден астам адам жәбірленуші ретінде танылған. Бірақ жараланғандар мен мүлкі бүлінгендер осыған дейінгі сот отырыстарында жарылысқа дәл осы сарбаздар кінәлі дегенге сенімсіздік білдірген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға