Чехия турнирі. Анна мен Елена ширек финалда
Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Елена Рыбакина Острава (Чехия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды EL.KZ.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, Беларусь өкілі Александра Сасновичпен кездесті.
Осыдан бір жыл бұрын Е.Рыбакина А.Сасновичті екі рет ұтқан еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасағанымен, қарсыласы сол бойда есе қайырды.
Тай-брейкте Елена 3:0 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын сақтай алмады – 6:7 (5:7).
Екінші сетте қазақстандық спортшы 3:1 есебімен алға кетті. Осы басымдылығынан айырыла қойған жоқ – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болғанда, Саснович брейк жасап кетті – 5:3. Дегенмен ол матчқа доп бергенде, Рыбакина қайыра брейк жасай алды.
Содан кейін жеңістік берген жоқ – 7:5.
Екі сағат 32 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 7 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен таласады.
Ол екінші айналымда әлемнің 4-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны тізе бүктірді – 7:6 (7:4), 6:4.
Ал Анна Данилина жұптық сайыста бразилиялық Беатрис Хаддад Майамен дуэт құрған жерлесіміз ширек финалда чехиялық Никола Бартункова және Барбора Палицова жұбын 7:6, 6:3 есебімен ұтты.
Енді Данилина мен Майаның жартылай финалдағы қарсыластары кейінірек белгілі болады.
Еске салайық, 21 жастағы Данилина WTA-ның жұптық рейтингте 21 орында келеді. Бұл қазақстандық теннисшілердің арасында ең үздік көрсеткіш.