ЖИ

ChatGPT мен жаңа ЖИ модельдері: жұмыссыздықтың бастауы ма, әлде құрал ма?

12.05.2025 21:45

2022 жылдың соңында ChatGPT-нің коммерциялық қолданысқа шығуымен басталған жасанды интеллект дәуірі бар әлемнің назарын өзіне аударды. Бұл технологиялық серпіліс цифрлық әлемде бетбұрыс кезеңіне айналып, ЖИ құралдарына деген қызығушылық пен инвестиция көлемін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді.

ChatGPT-нің ғаламдық деңгейде кең таралғанына екі жарым жылдай уақыт өтсе де, бұл салада жаңалықтар мен жетістіктер үзіліссіз жалғасуда. Алайда ЖИ-дің дамуы тек техникалық тұрғыдан емес, сонымен қатар қоғам мен еңбек нарығына әсері тұрғысынан да қызу талқыланып келеді. «Жұмысымызды ЖИ тартып ала ма?» деген сұрақ күн өткен сайын өзектіленіп барады.

Автоматтандыру үдерісі күшейсе де, жұмыссыздық артпаған

ChatGPT-мен қатар Google-дың Gemini, Anthropic-тің Claude, DeepMind-тың DeepSeek сияқты қуатты балама модельдері де жасанды интеллект экожүйесін кеңейтіп келеді. Осы саланың ең жаңа тренді — «агенттік мінез-құлық» (agentic behavior), яғни ЖИ-дің адам көмегінсіз күрделі тапсырмаларды өз бетінше атқара алуы. Бұл технологиялар интернеттен ақпарат жинау, код жазу, тіпті шағын бизнес үдерістерін басқару секілді міндеттерді атқара алады.

Дегенмен, бұл мүмкіндіктер көп адамның бойында жұмысынан айырылу немесе мамандығының құнсыздануы туралы алаңдаушылық тудырып отыр. Алайда соңғы ғылыми зерттеулер мұндай алаңдаушылықтың бәрі бірдей негізді емес екенін көрсетуде.

Данияда жүргізілген зерттеу: ЖИ – қатер емес, жаңа міндеттер көзі

Чикаго университеті мен Копенгаген университетінің экономистері Андерс Хумлум мен Эмили Вестергаард жүргізген зерттеу нәтижелері көпшілікті таңғалдырды. Ғалымдар ChatGPT тәрізді өндірістік жасанды интеллект құралдарының еңбек нарығына әсері бұған дейін болжанғандай терең және жылдам болмағанын мәлімдеді.

25 000-нан астам қызметкер мен 7 000-ға жуық компанияны қамтыған бұл зерттеу нәтижесінде жасанды интеллекттің «әлсіз» немесе «қауіпке бейім» деп саналатын 11 түрлі мамандыққа (бухгалтер, тұтынушылармен жұмыс істейтін маман, мұғалім, журналист, бағдарламашы және т.б.) елеулі әсер етпегені анықталған. Яғни, ЖИ-дің осы салаларда жұмыс уақытын қысқарту немесе жұмыс орнын жою секілді қатерлі салдары байқалмаған.

ЖИ көмектеседі, бірақ жаңа жауапкершіліктер де жүктейді

Зерттеуге сүйенсек, ЖИ кейбір тапсырмаларды автоматтандырғанымен, оның енгізілуімен қатар жаңа міндеттер мен қадағалау процестері де пайда болады. Мәселен, мұғалімдер оқушылардың ЖИ құралдарын қалай пайдаланғанын тексеруге уақыт жұмсайды, ал журналистер немесе кеңсе қызметкерлері ЖИ ұсынған ақпараттың дұрыстығына көз жеткізу үшін қосымша тексеру жүргізеді.

Осылайша, ЖИ-дің еңбек өнімділігін арттыруы – теория жүзінде мүмкін болса да, практикада бұл артықшылық қосымша жұмыс көлемімен теңесіп, жалпы тиімділікке айтарлықтай әсер етпей отырғаны байқалады.

Жалпы өнімділік пен табысқа әсері төмен

Зерттеу ЖИ-дің экономикалық тиімділігінің қарапайым қызметкерлердің жалақыларына да айтарлықтай әсер етпегенін анық көрсетті. Яғни, ЖИ құралдарының құндылығы нақты пайда ретінде әлі де жұмысшыларға толықтай жеткізілмеген. Бұл — технологиялардың экономикалық пайдасын кім иеленіп жатқаны туралы кең ауқымды сұрақтарға түрткі болады.

Сарапшы Андерс Хумлум бұл үдерісті былай түсіндіреді: «Біз әлі де ЖИ технологияларының өтпелі кезеңіндеміз. Адамдар бұл құралдарды қашан және қалай тиімді пайдалануға болатынын енді ғана түсініп жатыр».

Қорытынды: үрей емес, дайындық қажет

Жоғарыда келтірілген деректерден шығатын негізгі қорытынды – жасанды интеллект технологиялары қазіргі таңда кең ауқымды жұмыссыздыққа себеп болып отырған жоқ. Керісінше, ол көптеген мамандықтарға жаңа міндеттер, бақылау тетіктері мен шешім қабылдау кезеңдерін қоса алып келді.

Демек, ЖИ адамды алмастырудан бұрын, оның қасына серіктес ретінде келіп отыр. Бұл жағдайда маңыздысы — қорқу емес, бейімделу. Жаңа технологияларды меңгеру, сыни ойлау мен дерекке негізделген шешім қабылдау қабілетін дамыту – болашақ еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттіліктің кілті болмақ.