ChatGPT-дің қазақша нұсқасы жақсара түседі
Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI, Inc. компаниясы ChatGPT-дің қазақ тіліндегі қызмет сапасын арттыру және оны терең дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге келісті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Кевин Миллс пен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінде жасанды интеллектінің дәл және сапалы жұмыс істеу әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жайын талқылады.
Негізгі міндет – қазақ тіліндегі деректер қорын көбейту, тілдік модельдердің дәлдігін жетілдіру және жүйені ұлттық мәдениет, әдебиет пен тарихқа қатысты мазмұнмен байыту. Бұл серіктестік – қазақ тілін заманауи технологиялар кеңістігінде дамытуға және жаһандық цифрлық экожүйеде оның орнын айқындайтын маңызды қадам, - делінген ұйым дерегінде.
OpenAI, Inc. – жасанды интеллект технологияларын зерттеу және дамытумен айналысатын америкалық компания. Миссиясы – жасанды интеллект игілігін бүкіл адамзатқа тиімді жеткізу.

