©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

ChatGPT-де қосымшалар каталогы пайда болды

OpenAI компаниясы ChatGPT-ті әмбебап платформаға айналдыру жолындағы тағы бір маңызды қадам жасады. Енді чат-боттың өз ішінде қосымшалар каталогы пайда болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл жаңашылдық пайдаланушыларға әртүрлі сервистерді тікелей ChatGPT интерфейсінде қарап, бірден қосуға мүмкіндік береді.

Жаңа мүмкіндіктің аясында әзірлеушілер үшін арнайы SDK ұсынылды. Оның көмегімен интерактивті қосымшаларды тікелей ChatGPT ішінде жұмыс істейтін форматта жасауға болады. Яғни болашақта чат-бот тек мәтінмен жауап беретін құрал емес, түрлі қызметтерді біріктіретін толыққанды экожүйеге айналмақ.

Сонымен қатар ChatGPT-ге Apple Music қызметі де қосылды. Бұл интеграция музыканы тікелей тыңдауға мүмкіндік бермегенімен, тректерді, альбомдар мен орындаушыларды іздеуге, сондай-ақ мәтіндік сұраныс арқылы плейлистер құруға және өңдеуге жол ашады. Пайдаланушылар белгілі бір тақырыпқа сай музыкалық жинақ жасатуға, әнді сипаттама арқылы табуға немесе фильм мен сериалдағы плейлисті қайта қалпына келтіруге сұраныс бере алады. ChatGPT қажетті әндерді автоматты түрде қолданушының музыкалық кітапханасына қосады.

Айта кетейік, қосылған қолданбалар ChatGPT-дің сақталған жадын (егер ол қосулы болса) пайдалана алады. Ал қолданушылардың деректері сервисті жетілдіру функциясы іске қосылған жағдайда, бұрынғыдай модельдерді оқыту процесіне қатысуы мүмкін.