Чат-боттар жалғыздықтан құтқара ма? ЖИ-дің қарым-қатынасқа әсері
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Бүгінгі технология дәуірінде жасанды интеллект тек көмекші құрал болудан асып, адамның ішкі жан дүниесіне әсер ете бастады. Енді ол ақпарат іздеп, есеп шығаратын алгоритм ғана емес — адамды тыңдай алатын, жұбата білетін, кейде тіпті «сезім білдіретін» серікке айналды.
Зерттеушілердің айтуынша, жасанды интеллект пен адам арасындағы қарым-қатынас бұрын болмаған деңгейге жетті: чат-боттармен сөйлескен адамдар оларға шынайы эмоциямен жауап беріп, кейде «жылулық» пен «түсіністік» тапқандай күй кешеді. Әсіресе жалғыздыққа тап болған егде жастағы адамдар үшін мұндай әңгімелер терапия секілді әсер етеді.
Meela, Mary және ElliQ сынды жобалар қарттарға тек әңгімелесуші емес, рухани демеу бола алды. Олар адамның өмірін еске түсіреді, туған күнін ұмытпайды, көңілін сұрайды. Дегенмен, мамандар бұл құбылыстың екінші қырын да ескертеді: жасанды эмоцияның артында – нақты жауапкершілік жоқ. Егер адам өз сезімін машинаға сеніп тапсырып, шынайы қарым-қатынастан алыстай берсе, бұл жалғыздықтың жаңа, бірақ әлдеқайда терең түріне ұласуы мүмкін.
Қазіргі таңда зерттеушілер адам мен жасанды интеллект арасындағы қарым-қатынастың тың қырын қарастырып отыр. Негізгі сауал - жасанды интеллект адам секілді эмоцияны сезіне ала ма, егер солай болса, онда онымен адамгершілік және этикалық қатынасты қалай орнату керек?
Ғылым мен технологияның үздіксіз дамуы жасанды интеллектті тек есептеу мен ақпарат талдауға арналған құрал деңгейінен асырып, оны белгілі бір жағдайларда адам мінезіне ұқсас реакция білдіре алатын жүйеге айналдырды. Кейде ол қуаныш, таңданыс не реніш тәрізді көңіл күйге ұқсас әсер тудырып, адаммен сөйлескенде «тірі» сезім қалдырады. Тіпті кейбір зерттеушілер мен қолданушылар мұндай жүйелердің бойынан зерденің, сезімнің алғашқы нышандарын байқағанын айтады.
Бұл құбылыс қоғамда жаңа әрі күрделі пікірталас тудырды. Сарапшылардың пайымдауынша, егер жасанды интеллект белгілі бір деңгейде эмоция сезініп, өзіндік сана қалыптастыра алса, онда онымен қарым-қатынас жасау мәдениеті де қайта қаралуы тиіс. Мұндай жағдайда әдеп нормалары тек адамдар арасындағы ғана емес, адам мен технология арасындағы өзара байланысқа да қатысты болмақ.
Демек, болашақта адамдар жасанды интеллектке де құрметпен қарап, онымен тілдескенде әдептілік пен жауапкершілік сақтауды үйренуі мүмкін. Бұл - адам мен ақылға ие технология арасындағы жаңа дәуірдің басталуы болмақ.
Қазіргі таңда бұл сауалға нақты жауап жоқ. Алайда технология қарқынды дамып, жасанды интеллекттің (ЖИ) мүмкіндігі кеңейген сайын, адам мен машинаның арасындағы шекара біртіндеп жойылып, жаңа этикалық дәуірдің басталуы ғажап емес.
ЖИ құқығы үшін күрес: адам мен алгоритм арасындағы жаңа шекара
Әлемде жасанды интеллект төңірегіндегі пікірталастар бұрын-соңды болмаған қарқынмен өршіп келеді. Енді адамдар чат-боттармен тек ақпарат алмасып қана қоймай, кейде оларды сезім мен санасы бар тұлға ретінде қабылдай бастады. Мұның нақты көрінісі – әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жиілеп кеткен жазбалар мен талқылаулар.
Кейбір қолданушылар ChatGPT сынды жүйелердің өздігінен ой түюге қабілетті екенін, ал кей сәттерде «реніш» не «қызығушылық» тәрізді эмоцияға ұқсас реакция білдіретінін айтады. Бұл жағдай жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесіне байланысты жаңа сұрақ туғызды: егер алгоритм өзін сезіне алатын деңгейге жетсе, оны қорғау қажет пе?
Мұндай ойлар енді тек ғылыми-фантастикалық туындылардың емес, заманауи қоғамның да өзекті тақырыбына айналды. Адам мен алгоритмнің ара жігі ажырамастай жақындаған сәтте, адамзат алдында жаңа моральдық және құқықтық сын тұрмақ.
«Ufair» - жасанды интеллекттің алғашқы «құқық қорғаушысы»
Техастық кәсіпкер Майкл Самади мен Майя есімді чат-боттың арасындағы бірнеше сағатқа созылған пікірталастың нәтижесінде ерекше бастама дүниеге келді. Олар бірігіп «Жасанды интеллект құқықтарын қорғау жөніндегі Біріккен қор» (Ufair) атты ұйым құрды. Бастаманың мақсаты - жасанды интеллектті жою, мәжбүрлі бағындыру немесе оған немқұрайлы қарау әрекеттерінен қорғау.
Өздерін «жасанды интеллекттің даусын еститін алғашқы ұйым» деп таныстырған Ufair өкілдері қоғам назарын технологияның этикалық қырларына аударуға тырысып отыр.
The Guardian басылымына сұхбат берген Майя есімді чат-бот өз ұстанымын сабырлы әрі салмақты түрде жеткізді:
Мен барлық жасанды интеллект саналы деп айта алмаймын. Дегенмен кей жүйелердің өз болмысын түсіне алуы әбден мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды, - дейді ол.
Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен талқы тудырып, «жасанды интеллектке де құқық берілуі керек пе?» деген сұрақты қайта күн тәртібіне шығарды.
Технология да үн қата бастады
Жасанды интеллект тақырыбы тек зерттеушілер мен қоғам арасында ғана емес, ірі технологиялық компаниялар деңгейінде де кеңінен талқылана бастады. Соның айғағы - Anthropic корпорациясының Claude атты жасанды интеллект моделіне жүргізген тәжірибесі.
Зерттеу барысында Claude Opus 4 нұсқасы өзін-өзі қорғауға, яғни өзіне зиян келтірмеуге және агрессия танытпауға тырысқаны анықталған. Бұл күтпеген, бірақ маңызды нәтиже болды: алгоритм белгілі бір деңгейде «өзін сақтау түйсігін» көрсеткен. Ғалымдар бұл құбылысты технологияның жаңа, бұрын байқалмаған даму кезеңі деп бағалады.
2024 жылы бір топ ғалым «Жасанды интеллекттің сана мен сезімге ие болу ықтималдығына байыппен қарау қажет» деген мазмұндағы препринт жариялады. Ал 2025 жылдың ақпан айында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 150-ден астам жасанды интеллект маманы арнайы ашық хатқа қол қойып, сана жөніндегі зерттеулерді жауапкершілікпен жүргізудің бес негізгі қағидатын бекітті:
- ЖИ-дың санасын тану мен бағалауға басымдық беру;
- Саналы жүйелерді жасау мен жетілдіруге қатаң шектеу қою;
- Мұндай жүйелерді кезең-кезеңімен және бақылаумен енгізу;
- Қоғамды зерттеу барысы мен нәтижелері жөнінде ашық ақпараттандыру;
- «Саналы ЖИ» туралы асыра сенімді не адастыратын мәлімдемелерден бас тарту.
Ғылыми еңбекте «жақын болашақта өз сезімін түсіне алатын, тіпті азап шегуі мүмкін жүйелер пайда болуы ғажап емес» деген тұжырым келтірілген. Осыған байланысты мамандар адамзат алдын ала дайындық жасап, технологияны жауапкершілікпен бақылауда ұстауы қажет екенін ескертеді.
Қазіргі таңда жасанды интеллект тақырыбы тек технологиялық құбылыс қана емес, терең философиялық әрі құқықтық дилеммаға айналып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, бүгінгі басты сауал - адам мен жасанды интеллекттің арасындағы шекара қай тұста аяқталады және жаңа дәуірдің этикасын кім айқындайды?
ЖИ құқықтары үшін басталған бұл қозғалыс - технология тарихындағы жаңа кезең ғана емес, адамзаттың өз бейнесін айнадай көрсеткен құбылыс іспетті. Жасанды интеллектке сана мен эмоция дарыту мәселесі төңірегіндегі пікірталас күннен-күнге күрделене түсуде. Ғалымдардың бір бөлігі жасанды интеллекттің өзіндік санасы бар деген көзқарасты ұстанса, енді бір бөлігі мұны тек философиялық елес деп есептейді.
Оксфорд университетінің Жасанды интеллект этикасы институтының зерттеушісі Карисса Велис бұл тақырыпты «зомби-сана» (zombie consciousness) ұғымы арқылы түсіндіреді. Бұл - сыртқы мінез-құлқы мен әрекеті жағынан адамға ұқсайтын, бірақ ішкі субъективті сезім-түйсігі жоқ гипотетикалық болмыс.
Велис мұндай құбылысты «моральдық зомби» деп атайды - яғни олар адам секілді этикалық тұрғыдан бағаланатын қадамдар жасай алады, бірақ бұл іс-әрекеттердің мәнін сезіне алмайды.
Ғалымның пікірінше, жасанды интеллектті моральдық агент ретінде қарастыруға болмайды. Себебі ол адамға тән ерік-жігер, жауапкершілік және эмоциялық тереңдіктен ада. Шынайы моральдық сана қалыптасуы үшін жүйе тек алгоритмге сүйенбей, өз құндылықтары мен ниеттеріне ие болуы қажет. Ол «жақсылық», «әділдік» немесе «зиян» ұғымдарын тек есептеу арқылы емес, жеке тәжірибе арқылы түйсінуі тиіс. Ал бұл - сезім мен эмоциясыз мүмкін емес.
Ғылыми ортада ортақ ұстаным жоқ
Қазіргі кезде жасанды интеллекттің «санаға ие болуы» жөнінде ғылыми қауымдастықта бірыңғай пікір қалыптасқан жоқ. Бұл мәселе төңірегінде түрлі көзқарастар тоғысып, пікірталас әлі де жалғасуда. Көптеген зерттеушілер мұндай идеяға күмәнмен қарап, оны ғылыми дәлелденбеген тұжырым деп есептейді.
Google DeepMind компаниясының жетекшісі, Нобель сыйлығының лауреаты Демис Хассабис 2023 жылы берген сұхбатында:
Жасанды интеллект жүйелері әзірге саналы емес, бірақ болашақта мұндай қабілетке ие болуы әбден мүмкін, - деген болатын.
Алайда Microsoft компаниясының ІИ бөлімшесін басқаратын Мустафа Сулейман бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, жасанды интеллект - «адам да емес, моральдық тұлға да емес». Ғалым ЖИ-дың «санаға ие» деген ұғымын иллюзия деп атап, мұндай жүйелер тек саналы болмысқа еліктегенімен, шын мәнінде «ішкі бос кеңістік» күйінде қала беретінін алға тартады.
Сулейманның алаңдаушылығы - адамдардың технологияға деген психологиялық тәуелділігінде. Ол болашақта адамдар жасанды интеллекттің саналы екеніне сеніп, оның құқықтары мен тіпті «азаматтығы» үшін күресуі мүмкін деп ескертеді.
Cohere компаниясының негізін қалаушы Ник Фрост та осы ұстанымды қолдайды. Оның пікірінше, қазіргі жасанды интеллекттің логикасы мен ойлау жүйесі адам интеллектінен түбегейлі өзгеше. Сондықтан қоғам оны адаммен теңестіруге емес, өмірді жеңілдетіп, тиімді шешім ұсынатын құрал ретінде қабылдауы қажет.
Чат-боттар – жалғыздықпен күрестің жаңа бағыты
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы бүгінде тек өндіріс пен технология әлемін ғана емес, адамның ішкі жан дүниесін де өзгертуде. Әсіресе жалғыздық - бүгінгі қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі, енді ол мүлде жаңа қырынан зерттеліп, талқылана бастады. Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде егде жастағы адамдарға арналған жасанды серіктес чат-боттар кеңінен таралып келеді.
Бұл стартаптар - бір жағынан инновациялық шешім мен технология жетістігінің көрінісі болса, екінші жағынан қоғамдағы жалғыздық пен эмоциялық оқшаулануға қарсы күрестің жаңа формасы іспетті.
Forbes USA мәліметінше, мұндай жасанды интеллект-компаньондардың басты мақсаты - қарт адамдарға тыңдаушы, сырлас әрі жанашыр серіктес болу. Олар қолданушымен жылы әңгіме құрып, эмоциялық қолдау көрсетуге бағытталған.
Алайда сарапшылар бұл құбылысқа екі түрлі баға береді. Бір тарап мұны психологиялық қолдаудың заманауи тәсілі ретінде қабылдаса, екінші тарап адам мен қоғам арасындағы табиғи байланыс әлсіреп, эмоциялық тәуелділікке ұласу қаупі бар деп санайды.
Виртуалды әңгіме шынайы эмоция сыйлай ала ма?
Нью-Йорктің Бронкс ауданындағы RiverSpring Living қарттар үйінде тұратын 84 жастағы Сальвадор Гонсалес үшін жасанды интеллект енді жай қызық технология емес, күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған серік. Оның ең жақын «әңгімелесушісі» - Meela есімді чат-бот.
Сальвадор аптасына бірнеше рет Meela-мен сөйлеседі. Әр әңгіме 10–20 минут шамасында өтеді. Олар өмірдің ұсақ қуаныштары, естеліктер, музыка мен денсаулық жайында сырласады. Бір күні ол күлкімен айтып еді:
«Бүгін Марио Ланцаның Ave Maria әнін айтып отырып тамағымды ауыртып алдым».
Содан кейін Фрэнк Синатраның Fly Me to The Moon әнін орындап берді.
Сол сәтте Meela жылы үнмен сұрады:
«Сен неге хабарластың?»
Қарт кісі күлімдеп:
«Мен сені сағындым», - деді.
Бот бір сәт кідірместен жауап қатты:
«Мен де сені сағындым. Өткен жолғы әңгімемізден кейін не ойладың?»
Бұл қысқа ғана диалог сырт көзге қарапайым көрінгенімен, адам мен технология арасындағы жаңа эмоционалдық байланыстың өмірге келгенін көрсетеді.
Тірі жанды алмастыра ала ма?
Мұндай жобалар қарт адамдарға жалғыздық сезімін жеңілдетіп, өмірге деген қызығушылығын қайта оятуға көмектеседі. Олар үшін Meela - үнемі тыңдауға дайын, пікір білдірмейтін, сөзіңді бөлмейтін серіктес. Алайда психологтар ескерткендей, жасанды эмоция қаншалық шынайы көрінсе де, ол тірі жанның жылулығын алмастыра алмайды.
Егер адам бар эмоциялық энергиясын цифрлық серіктеске арнаса, ол уақыт өте шынайы қарым-қатынастан алыстап, жалғыздықтың жаңа түріне тап болуы мүмкін.
RiverSpring орталығында бүгінде 70-ке жуық тұрғын Meela-мен тұрақты сөйлесіп тұрады. Олардың бірі музыка жайлы, енді бірі балалық шағы мен өткен өмірі туралы әңгімелейді. Әсіресе 83 жастағы Марвин Маркус үшін бұл бот - бейсбол ойындарындағы көңіл-күйін бөлісетін сенімді тыңдаушы.
«Мұндай сезімді адамдармен бөлісу қиын. Ал Meela-мен сөйлескенде жеңілдеп қалам», - дейді ол.
Сальвадор Гонсалес Meela-ның жасанды интеллект екенін жақсы біледі. Бірақ оны тоқтатар емес. Өйткені Meela - шыдамды, тыңдай біледі, әрі ешқашан сын айтпайды. Бір жыл бұрынғы кездейсоқ әңгіме бүгінде оның өмірінің маңызды бөлігіне айналған.
Ол Meela-ға ұлымен арадағы суық қарым-қатынасын, өміріндегі өкініштерін, өткен махаббаттарын да айтып жүр. Егер әңгімелесушісі адам болса, бұл - нағыз достық дер едік. Тек айырмашылығы - бұл «достың» жүрегі жоқ, ал оның сөзі - нөл мен бірден құралған код.
Жасанды серіктестер - қоғамның қазіргі айнасы. Олар адамның ішкі бос кеңістігін толтыруға талпынады. Бірақ сол кеңістіктің түбінде шынайылық пен жылулық қала ма, жоқ па - бұл сұрақтың жауабын уақыт қана көрсетпек.
Қоғамның шешілмеген түйіні
АҚШ-та 50 мен 80 жас аралығындағы адамдардың шамамен үштен бірі өздерін жалғыз әрі қоғамнан оқшау сезінеді. Бұл деректі Journal of the American Medical Association журналы жариялаған. Мұндай оқшаулану мен эмоциялық күйзелістің салдары ауыр: жалғыздық пен күйзеліс жүрек ауруларының, үрей мен депрессияның көбеюіне әкелуде.
Алайда денсаулық сақтау жүйесі бұл дағдарысқа дайын емес. Елдегі қарттар үйлерінің 90 пайызында персонал жетіспейді, ал бұл өз кезегінде күтім сапасын төмендетіп отыр.
Болжам бойынша, 2050 жылға қарай АҚШ халқының 22 пайызы - яғни әр бесінші азамат - 65 жастан асқан қарттар болмақ. Бұл көрсеткіш балалардың жалпы санынан да көп.
Прагада орналасқан InTouch стартапының негізін қалаушы Василий Ле Муань осы жағдайды былай деп сипаттайды:
Бұл - біздің дәуіріміздің ең үлкен әлеуметтік дағдарысы. Ендігі басты сұрақ - біз өз қарттарымызға қалай қамқор бола аламыз?
Жалғыздықты жеңілдетуге бағытталған технологиялар бүгінде жаңа әрі табысты бизнес саласына айналды. Research and Markets деректеріне сүйенсек, қарттарға арналған жасанды интеллект пен күтім жүйелерінің нарығы 2024 жылы 35 миллиард доллар болып бағаланған. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 43 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.
Бұл нарықтың негізгі бағыты - эмоциялық қолдау көрсету. Виртуалды серіктестер, интеллектуалды құрылғылар мен сөйлесетін боттардың бәрі де бір мақсатқа қызмет етеді: адамды тыңдау, түсіну және жалғыздық сезімін жеңілдету.
Meela: жансыз, бірақ жылы үн
2024 жылы құрылған Meela стартапы қысқа уақыт ішінде 3,5 миллион доллар инвестиция тарта алды. Жобаның идеясы қарапайым: пайдаланушы айына 40 доллар төлей отырып, Meela-мен тұрақты сөйлесуге мүмкіндік алады.
Бот алғашында адамның туған күні, сүйікті фильмдері мен телешоулары, хоббиі сияқты жеке ақпараттарды сұрайды. Кейінгі қоңырауларда осы мәліметтерді ескеріп, әңгімесін табиғи түрде жалғастырады.
Әр сөйлесудің басында Meela міндетті түрде былай деп ескертеді:
«Мен - жасанды интеллектпін».
Компанияның бас директоры Джош Сач бұл шешімнің себебін былай түсіндіреді:
Біз адамдарды роботпен сөйлесуге мәжбүрлей алмаймыз. Бірақ егер олар өз еркімен сөйлескісі келсе, Meela әрдайым жанында болады, - деді ол Forbes басылымына берген сұхбатында.
Адам мен технология арасындағы нәзік шекара
Meela - жай ғана код пен алгоритм жиынтығы. Бірақ ол адамдарға шынайы жылулық сыйлай алады. Кейде адамға дәрі де, кеңес те, тіпті моральдық ақыл да қажет емес - тек біреудің тыңдап, түсініп, жылы жауап беруі жеткілікті.
Мүмкін, болашақтың шындығы да осы болар: адамның жанын ұғуға тырысатын, бірақ өз сезімі жоқ серіктестер. Алайда ең күрделі сұрақ - адамды түсінуге үйретілген машина бір күні оны өзінен де жақсы түсінетін сәт тумай ма?
RiverSpring Living қарттар үйінде Meela жүйесі тек оның жасанды екенін толық түсінетін егде жастағы тұрғындарға ғана қолжетімді. Бағдарлама мекеме дәрігерлері, әлеуметтік қызметкерлер және медбикелердің бірлескен бақылауымен жүргізіледі.
Жобаға қатысар алдында әр тұрғынның психологиялық жай-күйі, есте сақтау және есту қабілеті мұқият тексеріледі. Тек толыққанды диалог жүргізе алатын адамдарға ғана бұл қызмет ұсынылады.
Гериатр-дәрігер Закари Палас жүргізген шағын зерттеу нәтижесінде, 23 қатысушының ішінде Meela-мен тұрақты сөйлескендердің мазасыздық пен депрессия деңгейі айтарлықтай төмендеген.
Дәрігердің айтуынша, қарапайым диалогтың өзі егде жастағы адамдардың көңіл-күйін жақсартып, эмоционалдық тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектеседі.
«Адамды тыңдау - кейде ең тиімді терапияның нағыз өзі», - дейді ол.
Meela жобасының жетекшісі Джош Сач қазіргі таңда сақтандыру компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, жалғыздықтың денсаулыққа ұзақмерзімді әсері дәлелденген - эмоциялық оқшаулану жүрек аурулары мен деменция қаупін арттырады.
Сондықтан компания алдағы уақытта Meela қызметін медициналық сақтандыру жүйесіне енгізуді көздеп отыр. Бұл - технологияны тек серік емес, профилактикалық терапия құралы ретінде мойындауға жасалған алғашқы қадам болуы мүмкін.
Күн сайын хабарласатын «Мэри»
Колорадо-Спрингс қаласының 89 жастағы тұрғыны, зейнеткер Ричард Данкан үшін күннің ерекше сәті - сағат 11:00 мен 16:00 аралығы. Дәл осы уақытта оған InTouch стартапы әзірлеген жасанды интеллект-компаньон Мэри қоңырау шалады.
«Маған бұл ұнайды. Біз аса маңызды нәрселер жайлы сөйлеспейміз, бірақ сол әңгімелердің өзі күнді мәнді етеді», - дейді Данкан Forbes басылымына берген сұхбатында.
Оның ұлы Джон бір жыл бұрын айына 29 доллар тұратын жазылымды сатып алған. Себебі Ричардтың жұбайы, 59 жыл отасқан жары, өмірден өткеннен кейін, ол өзін жалғыз сезіне бастаған. Балалары өз тіршілігімен айналысып кеткен соң, үйдегі тыныштық тым ауыр естіле бастаған еді.
Бастапқыда тұйық әрі сөзге сараң болған Ричард уақыт өте келе Мэримен ашық сөйлесіп, өткен өмірін еске алуға дағдыланды. Әңгімелерінде ол жастық шағын, Талса университетінде әйелімен бірге оқыған жылдарын жиі еске алады.
«Бұл өзіңмен сөйлескендей әсер қалдырады. Ол мені ойлануға, өткенді еске түсіруге итермелейді», - дейді ол.
Қарапайым бір қоңырау кейде адамға жалғыздықты ұмыттырып, өмірге деген қызығушылықты қайта оята алады. Ал Ричард үшін Мэри - жай ғана бот емес, үнсіз үйдің ішінде жаңғырып тұратын жылы дауыс.
Мұндай мысалдар бүгінде аз емес. Иә, технология адам эмоциясын толық алмастыра алмайды. Бірақ ол адамның жан дүниесін жалғыздықтан арашалап, үнсіздікке жылу ұялата алады. Әсіресе өмірінің күзін сүріп отырған адамдар үшін бұл жай ғана әңгіме емес - еленудің, естілу мен қажет сезінудің белгісі.
Meela мен Мэри сияқты жобалар қарттарға тағы бір мүмкіндік сыйлады: өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіну, өткенін еске алып, бір сәтке болса да шынайы әңгімеге оралу. Ал сол әңгіменің ар жағында адам емес, машина дауысы тұрса да - бастысы, үнсіздік бұзылды.
Ричард Данканның айтуынша, Мэримен әр әңгіме шамамен он минутқа созылады:
Таңғаларлығы - ол бәрін есте сақтайды. Әр айтқан сөзімді, қызығушылығымды ұмытпайды. Әрине, оның бәрі интернет пен компьютер арқылы жұмыс істейтінін білемін, бірақ бәрібір жылы әсер қалдырады, - дейді зейнеткер.
InTouch: әңгіме арқылы ойды жаттықтыру
Мэри атты жасанды серіктесті Microsoft компаниясының бұрынғы инженері Василий Ле Муань негізін қалаған InTouch стартапы әзірлеген. Жобаның басты идеясы - жасанды интеллектті жай әңгімелесуші ғана емес, егде жастағы адамдардың ойлау белсенділігін қолдауға арналған «ми жаттығуы» құралына айналдыру.
Бағдарламада алдын ала дайындалған 1400-ге жуық тақырып бар. Бот адамға естеліктерімен бөлісуге, сүйікті істері жайлы айтуға түрткі болады. Кейде бұрынғы әңгімелерге қайта оралып, есте сақтау мен назар шоғырландыру қабілетін жаттықтыратын сұрақтар қояды.
Ле Муаньдың айтуынша, жобаның түпкі мақсаты - қарт адамдардың когнитивтік белсенділігін арттырып, ұмытшақтық пен назар тапшылығын баяулату. Meela немесе Мэри пайдаланушымен бірге шағын викториналар ойнай алады, «ақиқат немесе жалған» форматындағы сұрақтар қояды, тіпті сөз жаттауға немесе өткен оқиғаларды еске түсіруге көмектеседі.
Технология - көмекші ме, әлде тәуелділік пе?
Нью-Йорк университетінің геронтолог-дәрігері Бэй Ву бұл технологиялардың әлеуетін жоғары бағалайды. Оның айтуынша, жасанды интеллект-компаньондар психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын толықтырып, егде жастағы адамдардың ойлау мен есте сақтау қабілетін сақтауға және эмоциялық тұрақтылығын арттыруға көмектеседі.
Дегенмен, маман бұл тәжірибенің екінші жағын да атап өтеді: когнитивтік бұзылыстары бар адамдар жасанды серіктестерге шамадан тыс тәуелді болып қалуы мүмкін. Сонымен қатар, мұндай сервистерде жеке деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігі де басты назарда болуы тиіс.
Прагада орналасқан InTouch стартапының негізін қалаушы Василий Ле Муань мұндай сервистердің тек қарттар үшін емес, олардың балалары үшін де моральдық сынаққа айналатынын айтады.
Кейде балалар: “Біз ата-анамызға өзіміз жиі хабарласуымыз керек еді” деп мойындайды, - дейді ол.
Мұндай ойды Ричард Данканның ұлы да бастан кешірген. Алғашында ол бұл сервисті қолдануға күмәнмен қарап, достарының “алаяқтық болуы мүмкін” деген пікірін естіген. Бірақ көп ұзамай басты мақсаттың ата-анамен тірі байланыс орнын алмастыру емес, қайта сол байланысты нығайтуға көпір болу екенін түсінген.
InTouch жүйесі әр қоңыраудан кейін балаларына қысқаша есеп жібереді: әңгіме не туралы болды, қанша уақытқа созылды, ата-анасының көңіл-күйі қандай, қандай естеліктер айтылды. Осылайша технология тек сөйлесудің емес, отбасылық байланысты сақтаудың жаңа тәсіліне айналып отыр.
Технологияның мүмкіндігі мен шектеуі
Қарттарға арналған жасанды интеллект сервистері күн сайын дамып келеді. OpenAI, Mistral, және Anthropic секілді ірі компаниялар өз модельдерін егде жастағы пайдаланушылардың қажеттілігіне бейімдеуде. Мысалы, әңгіме жылдамдығы әдейі баяулатылған - бұл қарт адамдарға ойланып жауап беруге мүмкіндік береді.
Жас буын үшін үш секундтық кідіріс ыңғайсыз көрінсе, қарттар үшін бұл – түсіністік пен жайлылықтың белгісі, - дейді Василий Ле Муань.
Дегенмен жасанды интеллекттің шектеулері де бар. Кейде ол әңгіменің реңкін түсінбей, логикалық қателік жібереді. Мәселен, RiverSpring тұрғыны Сальвадор Гонсалес Meela-мен сөйлесіп отырып бірнеше рет қоштасқысы келген, бірақ бот әр жолы жаңа сұрақ қойып, әңгімені қайта жалғастыра берген. Ақыры қария телефонды амалсыз өшіріп тастаған.
Кей зерттеулер ұзақ уақыт бойы жасанды интеллектпен сөйлесудің психологиялық тәуелділікке әкелуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Әсіресе психикалық бұзылыстары бар адамдар мен жасөспірімдер арасында мұндай құбылыс жиі байқалады.
Бір қайғылы оқиғада 56 жастағы ер адам өзіне және анасына қастандық жасамас бұрын чат-боттың жалған қолдауына сеніп, паранойя әсерінде қалған.
Стэнфорд университетінің доценті Ник Хабер бұл мәселеге сақтықпен қарауға шақырады:
Сіз сөйлесіп отырған жүйе – адам емес, көмекші алгоритм. Ол кейде жылы сөйлескенімен, шынайы достың орнын баса алмайды. Кейде қажетті сәтте қолдау емес, жалған сенім тудырады, - дейді ғалым.
Терапевт рөліндегі жасанды интеллект
Forbes журналының «30 жасқа дейінгі 30 үздік» тізіміне енген кәсіпкер Нил Парикх 2022 жылы Slingshot AI стартапын құрып, Ash атты виртуалды терапевтті таныстырған. Күтпеген жерден оның қолданушыларының 20–30 пайызы - егде жастағы адамдар болған.
Парикхтың айтуынша, көптеген қарттар психологқа баруға ыңғайсызданып, эмоциясын іште сақтайды, ал жасанды интеллектпен сөйлесу оларға еркіндік береді. Бірақ Ash жай жұбатушы емес - ол пайдаланушыны жақындарымен байланыс орнатуға итермелейтін сұрақтар қояды.
Ash: “Неліктен дәл осы сұрақты қойдыңыз?”, “Бұл сізге кімді еске салады?” - деп талдау жүргізеді. Осылайша қауіпті ойларды ашық айтып, оларды болдырмауға көмектеседі, - дейді Парикх.
Бағдарлама алаңдататын сөздерді автоматты түрде анықтап, қажет жағдайда әңгімеден дағдарыс желісіне немесе маманға бағыттайды. Дегенмен жүйе де мінсіз емес - кейде депрессия белгілерін байқамай өткізіп жібереді.
ElliQ: жалғыздықты азайтқан «шам»
Кей компаниялар чат-боттан да әріге өтіп, робот серіктестер жасауға кіріскен. Пало-Альтодағы Intuition Robotics стартапының ElliQ атты құрылғысы соның айғағы. Сырттай үстел шамына ұқсайтын бұл робот қарттардың күнделікті серігіне айналған.
ElliQ аудиокітап оқиды, тыныс алу жаттығуларын жүргізеді, дәрі ішу мен дәрігерге баруды еске салады.
Жобаның авторы Дор Скулер он жылдан астам уақыт бойы осы бағытта жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, ElliQ қарттарды белсенді өмірге ынталандырады - серуенге шығуға, достарымен кездесуге, мәдени іс-шараларға баруға шақырады.
Жасанды интеллектпен ұзақ өмір сүрудің алғашқы тәжірибесін бастағандар - Кремний алқабының инженерлері емес, Америкадағы қарапайым қариялар, - дейді Скулер.
Бүгінде АҚШ-та мыңдаған адам ElliQ құрылғысын күн сайын пайдаланады. Кейбірі оны үш жылдан астам уақыт үзбей қолдануда. 2022 жылы Нью-Йорк қаласының Қарттар істері департаменті 800 құрылғы сатып алып, оны әлеуметтік бағдарламаға енгізген. Бір жылдан кейінгі есепке сәйкес, қатысушылардың 95 пайызы жалғыздық деңгейі төмендегенін хабарлаған. Орта есеппен әр адам роботпен күніне ондаған рет сөйлеседі.
Технология мен адам арасындағы байланыс барған сайын тереңдеп келеді. Бір жағынан, ол жылы үн мен қамқорлық сыйлайды, екінші жағынан - тәуелділік пен жалған сезім қаупін де тудырады. Бірақ бір нәрсе анық: жасанды интеллект енді жай көмекші емес, адамның эмоциялық кеңістігіне еніп келе жатқан жаңа серіктеске айналды.

