БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өз қызметін Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жүргізеді. Аталған заңға сай, қордан төлемдер зейнет жасына жеткен азаматтарға тағайындалады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зейнет жасы:
Ерлер үшін – 63 жас.
Әйелдер үшін – 61 жас, алайда 2028 жылдан бастап бұл жас жыл сайын алты айға өсіп, 2031 жылы 63 жасқа дейін теңестіріледі.
Кімдер төлем ала алады:
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз азаматтар;
Зиянды және қауіпті өндірісте жұмыс істейтіндер (55 жасқа толып, кемінде 7 жыл бойы кәсіби зейнетақы жарнасын төлеген жағдайда);
Шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстаннан кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жинақтарын біржолғы төлем ретінде ала алады.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – салымшының жеке меншігі. Егер салымшы қайтыс болса, оның қаражаты заңға сәйкес мұрагерлеріне беріледі.
Төлем қалай есептеледі?
Зейнеткерлер мен бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға төлем ай сайын жүргізіледі. Мөлшері келесі формуламен анықталады:
жинақталған қаражат × 6,5% / 12 ай
Әр жылы бұл сома 5%-ға ұлғайып отырады.
Мысал:
Егер шотта 6 млн теңге болса,
бірінші жылы ай сайынғы төлем – 32 500 теңге,
екінші жылы – 34 125 теңге болады.
Егер жинақ минималды зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аз болса, төлем біржолғы түрде жасалады. Ал одан жоғары болса – ай сайын аударылады.
Төлем рәсімдеу тәртібі
Зейнет жасына жеткен азаматтар төлем рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгінеді. Онда «бір терезе» қағидаты бойынша келесі үш өтінішті бірден тапсыруға болады:
Базалық зейнетақы тағайындау;
Жасы бойынша мемлекеттік зейнетақы;
БЖЗҚ-дан төлем алу.
Осылайша, қор кеңсесіне жеке барудың қажеті жоқ – барлық рәсімдер корпорация арқылы жүзеге асырылады.
Мүгедектігі бар азаматтар өтінішті:
БЖЗҚ филиалында,
мобильді қосымшада,
немесе ресми сайттағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ көмегімен тапсыра алады.
Өтініш тіркелгеннен кейін төлемдер 10 жұмыс күні ішінде азаматтың банк шотына түседі.

