Жаңалықтар

БЖТ тоқтатылды: Қазақстанда жеке кәсіпкерлер қанша төлеуі тиіс

БЖТ тоқтатылды: Қазақстанда жеке кәсіпкерлер қанша төлеуі тиіс
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 05.01.2024 16:48 4175

Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) тоқтатылған соң жеке кәсіпкерлік ашқан қазақстандықтар әлеуметтік төлемді бөлек төлеуі тиіс, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның ең төменгі көлемі 17 мың теңгені құрайды. Енді бұған не кіретінін бағамдап көрейік.

БЖТ 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) уақытша енгізіліп, оны қолдану кезеңі 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталды. Бес жыл бойы табыс мөлшері жылына 1175 АЕК-тен аспайтын өз-өзін жұмыспен қамтыған қазақстандықтар қызметкерлер жалдамай-ақ БЖТ төлеу арқылы жұмысын жалғастыра беретін.

Оның көлемі республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін 1 АЕК-ті, яғни былтыр 3450 теңгені құрайтын. Бұл қаражатқа жеке табыс салығымен әлеуметтік төлем, оның ішінде міндетті зейнетақы төлемі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру кіретін.

Басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК.

Осылайша БЖТ төлеушілер табысынан салық төлеп, зейнетақы жүйесіне қатысып, сонымен қатар МӘМС-те «сақтандырылған» мәртебесіне ие болып, түрлі әлеуметтік төлемдерге қатыса алатын. Биылдан бастап БЖТ тоқтатылып, оны төлеп келген қазақстандықтар енді қызметін жалғастыру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі және өзіне қолайлы салық режимін таңдауы қажет.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, төлем жасап келгендер үшін ең ыңғайлысы – E-Salyq Вusiness қосымшасы. Оны табысы жылына 3528 АЕК-тен аспайтын, қызметкерлерді жалдамай қызметтің 33 түрінің біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асыратын қазақстандықтар қолдана алады. 2024 жылы бұл сома 13 977 936 теңге немесе айына миллион теңгеден астам қаржыны құрайды.

Бұл режим жеке кәсіпкер қосымша арқылы салық органдарына бармай-ақ тіркеле алатындығымен ыңғайлы. Ол сондай-ақ алынған кірістерді автоматты түрде есепке алуға, чектер беруге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік төлем құны қанша болады

ЖК-ны жүргізу үшін қанша шығын кететіні қосымшада көрсетілген табысқа байланысты. Сонымен қатар олар бірыңғай жиынтық төлем ретінде белгіленбейді және минималды есептеу кезінде де жоғары болады.

Мысалы, жеке табыс салығы табыстың 1%-ын құрайды. Ал міндетті зейнетақы жарнасы ай сайынғы табыстың 10%-ына тең. Ең төменгі жалақы биылдан бастап 85 мың теңге көтерілгенін ескерсек,  жеке кәсіпкер үшін міндетті зейнетақы жарнасы 8 500 теңге болады. Әлеуметтік шегерім мөлшерлемесі табыстың 3,5%-ына тең. Ең төменгі жалақыны негізге ала отырып жеке кәсіпкер әлеуметтік аударымға 2024 жылы ай сайын кемінде 2 975 теңге жұмсайтын болады. Ал МӘМС-ке бөлінетін қаражат табысқа қарамайды, заңға сәйкес, ең төменгі жалақының 5%-ына немесе 2024 жылы 5 950 теңгені құрайды.

Осылайша, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бұрынғы БЖТ төлеушілер бір АЕК-тің орнына кемінде 17 425 теңге төлеуі керек.

Жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсыруы керек

Сондай-ақ арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнайы салық режимі бойынша ЖК қызметі есептілікті тапсыруды талап етпейтінін атап өтеміз. Есесіне биыл жеке кәсіпкерлер активтер мен міндеттер жайлы декларация тапсырып отыруы керек екенін ұмытпаңыз. Бірақ бұл 2024 жылдың 1 қаңтарында жеке кәсіпкер мәртебесі болған адамдарға ғана қатысты. Осы күннен кейін жеке кәсіпкер болып тіркелген қазақстандықтар тек келесі жылы жаппай декларациялаудың қатысушысы атанады.

Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті тұрғын үйді жалға беретін қазақстандықтар ЖК-ны тіркемей-ақ, 10%-бен жеке табыс салығын төлеп, жылына бір рет 240.00 формасы бойынша декларация тапсырып тұрса болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға