Жаңалықтар

«Бюджетке 19 трлн теңге түсті». Министр жоспар қанша пайызға орындалғанын айтты

«Бюджетке 19 трлн теңге түсті». Министр жоспар қанша пайызға орындалғанын айтты
Фото: ©El.kz/Нұркен Алишев 21.06.2024 11:33 1381

Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаржы министрі Мәди Такиев «2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» Үкімет есебін баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 99,9%-ға орындалып, бюджетке 19 трлн теңге түсті. Ал бюджеттің шығыстары 99,6% атқарылып, 22,4 трлн теңгені құрады.

Игерілмеген қаражат – 73 млрд теңгені, ал үнемдеу, Үкімет резервін қоса алғанда – 27 млрд теңгені құрады, - деді министр.

Мәди Тәкиев Ұлттық қордың қаражатын басқару тиімділігі бойынша өткен жылы қордың активтері 13,4%-ға ұлғайып, 60 млрд долларға жеткенін атап өтті.

2022 жылдан бастап Үкімет жобалық басқарудың белгіленген өлшемшарттарына сәйкес келетін ұлттық жобалардың жаңартылған тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізді. Бюджеттің мүмкіндіктері мен басымдықтарын ескере отырып, 3 ұлттық жоба қабылданды. Олар: «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Қолжетімді интернет». Аталған жобаларды іске асыруға, түрлі көздерден 625,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 536,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарламаның күші жойылды, - деді қаржы министрі.

Министр стратегиялық бағыттардың нысаналы индикаторлары бойынша бірқатар жұмысқа тоқтала кетті.

2023 жылы 59 стратегиялық бағыт бойынша, 26 мемлекеттік органның даму жоспарында 177 макроиндикаторға және 282 нысаналы индикаторға, қол жеткізу көзделген. Жыл қорытындысы бойынша, 69 (39%) макроиндикаторға және 237 (84%) нысаналы индикаторға қол жеткізілді. Ал 86 макроиндикатор және 27 (9,6%) нысаналы индикатор бойынша деректер ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында жарияланатын болады. Осы стратегиялық мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізуге, мемлекеттік органдар 21,4 трлн теңге бағыттады. Өткен жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы, 489 млрд теңгені құрады, - деді Тәкиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға