Бюджет шығыны өсіп жатыр: «Болашақ» түлектеріне талап күшеюі мүмкін
Халық партиясының депутаты Магеррам Магеррамов «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алып, кейін Қазақстанда жұмыс істеу міндетін орындамаған азаматтардан қайтарылатын қаражат көлемін ұлғайтуды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, бағдарламаға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Соның нәтижесінде мыңдаған қазақстандық әлемнің жетекші университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Әртүрлі есептерге сүйенсек, бір магистрантты оқытуға шамамен 60-150 мың АҚШ доллары, ал докторантураға 200-250 мың доллар жұмсалады.
Алайда қазіргі қолданыстағы тетікке сәйкес, егер стипендиат оқу шарттарын бұзса немесе елге оралып, міндетті еңбек өтілін өтемесе, мемлекетке тек нақты жұмсалған қаражат қайтарылады. Бұл ретте инфляция мен ақшаның уақыт өте құнсыздануы есепке алынбайды. Яғни бірнеше жылдан кейін қайтарылған қаражаттың құны іс жүзінде төмен болып қалады.
Магеррамовтың сөзінше, мұндай тәсіл бюджетке шығын әкелуі мүмкін. Мәселен, экономистердің есебіне сай, жылдық инфляция 3 пайыз болған жағдайда, 5-10 жыл ішінде қаражаттың нақты құны 15-30 пайызға дейін төмендейді. Егер мемлекет бір студентке 100 мың доллар жұмсаса, 10 жылдан кейін оның нақты құны шамамен 134 мың доллар болуы тиіс. Ал тек бастапқы соманы қайтару бюджетке шамамен 34 мың доллар көлемінде шығын келтіреді. Кей жағдайларда бұл айырма 50-70 мың долларға дейін жетуі мүмкін.
Осыған байланысты депутат шәкіртақы қаражатын қайтару кезінде индексация енгізуді ұсынды. Атап айтқанда:
- қайтарылатын соманы ресми инфляция деңгейіне немесе Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне сәйкес қайта есептеу;
- мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігін негізге алу;
- ақшаның уақыт құнын өтейтін өзге де экономикалық көрсеткіштерді қолдану.
Магеррамов «Болашақ» бағдарламасының шарттарына өзгеріс енгізіп, міндеттемелер орындалмаған жағдайда оқу шығындарын индексациялау механизмін қарастыру қажет екенін атап өтті.

