Жаңалықтар

Бюджет қаражатын игермеген әкімдіктер анықталды

Бюджет қаражатын игермеген әкімдіктер анықталды
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 13.06.2023 11:00 940

Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекеттік бюджетке 8 триллион теңгеден аса кірістер түсті немесе жоспар 103,0%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 5,4 триллион теңге түсті. Жоспар 93,8%-ке орындалды. Атқарылмаған бөлігі 355 миллиард теңгені құрады. Салықтар бойынша жоспардың 400 миллиард теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты, – деді қаржы министрі.

Сондай-ақ министр жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,4 триллион теңгені құрағанын, атқарылмағаны 47 миллиард теңгеге жеткенін айтты.

Осы жылы өңірлерге 2 триллион теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 641 миллиард теңге бөлінген. Оның 97,8%-і игерілген. Игерілмегені – 14 млрд теңге. Ең көп игерілмеу Астана қаласында, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарында тіркелді, – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Премьер-министр Әлихан Смайылов бірқатар әкімші бюджеттік бағдарламаның қаражатын игермегенін тілге тиек етті.

Бюджет параметрлерінің сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және қайта құру бойынша жоспарланған инвестициялық іс-шаралардың орындалуы ерекше бақылауда болуы тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға