Жаңалықтар

Былтыр Швейцария елімізге 2,8 млрд доллар инвестиция құйған

Былтыр Швейцария елімізге 2,8 млрд доллар инвестиция құйған
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 05.07.2023 23:48 1655

Былтыр Швейцария елімізге 2,8 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Сыртқы істер істер министрі Мұрат Нұртілеу Швейцарияның сыртқы істер департаментінің басшысы Иньяцио Кассиспен кездесуден соң мәлімдеді.

Біз әріптесімізбен саяси диалог деңгейін сақтап, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың, сауда-экономикалық әріптестік аясын кеңейтудің және министрліктер арасындағы байланыстарды тұрақты қолдаудың маңыздылығын атап өттік. Швейцария Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі. Экономикамызға тікелей салынған инвестициялар 32,6 млрд. доллардан асты. Былтырдың өзінде Швейцариядан елімізге 2,8 млрд доллар инвестиция құйылды. 300-ге жуық швейцарлық компаниялар Қазақстанда жұмыс істейді, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, былтыр жыл аяғында «Қазақстан темір жолы» мен «Stadler» компаниясы ұзақ мерзімді инвестициялық келісім жасасқан.  

Осы орайда, еліміздің нарығына кіруге ниетті швейцариялық компаниялары үшін ең қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді тағы да растаймын. Швейцариямен сауда-экономикалық байланысымыз да тұрақты өсуде. Былтыр 1,4 млрд долларды құраған тауар айналымы биылғы қаңтар-мамырда 544,8 млн долларға жетті. Мемлекеттеріміз арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықты ынталандыру тетіктері белсенді қызмет атқарып келеді, - деді Мұрат Нұртілеу.

Сондай-ақ ол жақында Астанада өткен Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы және биылғы күзге жоспарланған Іскерлік кеңесінің келесі басқосуы әріптестіктің жаңа белестерін саралауға жақсы мүмкіндік беретініне сенім артатынын жеткізді.

Екі елдің құрметті консул институты да бұл бағыттағы ынтымақтастыққа елеулі үлес қосады деген ойдамын. Осы орайда, әріптестерімізді Кассис мырзаның қатысуымен өткен Швейцарияның Алматыдағы Құрметті консулдығының ашылғанын жеткізгім келеді, - деді министр.

Еске сала кетейік, Швейцарияның сыртқы істер департаментінің басшысы Иньяцио Кассис елімізге ресми сапармен келген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға