Жаңалықтар

Былтыр Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 4 млрд долларға жетті

Екі ел арасындағы тауар айналымы 30,3%-ға өскен
Былтыр Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 4 млрд долларға жетті
Фото: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 14.02.2023 23:30 886

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дидье Канесспен кездесті, деп хабарлайды El.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екіжақты кездесуде Францияның Еуропа министрлігі жанындағы экономикалық тартымдылық және франциялықтардың шетелдегі істері жөніндегі делегаты, сондай-ақ аталған елдің Сыртқы істер министрі Оливье Бештпен кездесуге дайындық барысы талқыланды. Бұл кездесуде Қазақстан-Франция экономикалық мәселелер жөніндегі үкіметаралық комиссиясы мен қару-жарақ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырыстары өтеді деп жоспарланған.

Марат Қарабаев айтқандай, Франция Қазақстанның экономикасына инвестиция салатын ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 30,3%-ға өсіп, 4 млрд долларға жеткен.

Франция – еліміздің стратегиялық серіктесі және бұл мемлекетпен сенімді достық қарым-қатынасымыз орнаған. Қазақстанда франциялық капиталдың қатысуымен 170-тен астам компания жұмыс істейді. Оның ішінде Total, Orano, Alstom, Danone, Vicat, Saint Gobain және тағы да басқа транс-ұлттық компаниялар бар, - деді ҚР ИИДМ басшысы.

Сонымен қатар М. Қарабаев пен Д. Канесс өнеркәсіп, көлік және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық жобаларын іске асыру бойынша пікір алмасты.

Кейінгі жылдары Қазақстанда Alstom, Idemia, Tav Airports Holding, Airbus, IVECO және Saint-Gobain компанияларымен бірлескен жобалар табысты іске асырылып жатқаны мәлім. Осы жұмыстың аясында әуе кемелері мен арнайы автокөлік техникасын, электровоздар және бағыттамалы электр жетектерін жеткізіп, құрастыру, заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу, сондай-ақ теміржол қозғалысы мен құрылыс материалдарын өндіру саласында жемісті әріптестік байланыс жолға қойылған.

Қазір «Қазбитумсервис» ЖШС мен франциялық Soprema Group компаниясының битумның негізінде төбеге арналған жабындыларды өндіру жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен бірге «Агромашхолдинг KZ» АҚ және Kuhn Group тіркемелі ауыл шаруашылығы жабдықтарының өндірісін құру жөнінде келіссөздер қолға алынғанын атап өткен орынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға