Жаңалықтар

Былтыр Астанада алименттен жалтарып жүргендерден 2,5 млрд теңге өндірілген

Былтыр Астанада алименттен жалтарып жүргендерден 2,5 млрд теңге өндірілген
Фото: © El.kz 27.03.2025 07:35 360

Былтыр елордада алименттен жалтарып жүрген ата-аналардан 2,5 миллиард теңге өндірілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала прокурорының көмекшісі Нұрлан Дәлуұлы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы уәкілетті органдармен бірлесіп, осы саладағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген.

Елорда прокуратурасының қадағалау қызметінің арқасында 320 миллион теңге көлемінде жалақы бойынша қарыз өндіріліп, 160 жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Сонымен қатар алимент төлеуден жалтарған ата-аналардан 2,5 миллиард теңге өндіріліп, 5 мыңнан астам бала алимент алды. Алайда сот актілерін орындау тәжірибесі көрсеткендей, кейбір борышкерлер табыстарын жасыру мен төлемнен жалтарудың түрлі айла-тәсілдерін қолдануда. Бұл жағдай құқық қорғау органдары тарапынан қосымша бақылау мен қатаң шараларды қажет етеді, - деді қала прокурорының көмекшісі.

Алимент пен жалақы бойынша қарыздан жалтарудың кең таралған әдістерінің бірі – электронды ақша жүйесін пайдалану. Тексерулер барысында «Simply» электронды әмияндарын пайдаланып, кірістерін жасырған 170 борышкер анықталған. Олардың жалпы қарызы 250 миллион теңгені, ал жасырылған кірістері 350 миллион теңгені құраған.

Тағы бір әдіс – онлайн-казино мен букмекерлік кеңселер арқылы қаражат айналымын жасыру. 500 борышкер, жалпы қарызы 1 миллиард теңгені құраған, құмар ойындарға 1,5 миллиард теңге жұмсаған. Мысалы, бір борышкер 5,7 миллион теңге қарызы бола тұра, тек бір букмекерлік платформа арқылы 168 миллион теңге айналым жасаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға