Жаңалықтар

Бүйрегін 9 млнға сатпақ болған атыраулық әке қарызға батқанын айтты

Бүйрегін 9 млнға сатпақ болған атыраулық әке қарызға батқанын айтты
Фото: Pixabay 13.01.2025 17:44 173

2024 жылдың маусым айында сотталушы Telegram-дағы «Бүйрек доноры» атты арнаға кіріп, хабарлама жариялаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сол сәтте ақтөбелік полиция қызметкерлері алдын ала келісім бойынша әрекетке кірісіп, арнайы байланыс орнатып, келіссөз жүргізген. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» мен «Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою» баптары бойынша айып тағылды. 

2024 жылдың маусым айында Орынбасаров жұмыссыз жүріп, заңсыз жолмен пайда тауып, қарыздарын жабу мақсатында хабарландыру қалдырған. Өзінің ағзасын, яғни, бүйрегін сату туралы хабарлама жариялағаннан кейін Орынбасаров тергеп-тексерумен анықталмаған тұлғалардан ұсыныстар алып отырған. 2024 жылы 14 қыркүйек күні Орынбасаров Атырау қаласында бола тұра өз еркімен ішкі істер органдарына көмек көрсеткен Ақтөбе қаласының тұрғынымен келіседі. Бүйрегін 9 млн теңгеге бағалайды. Ол медициналық комиссиядан өтуге, ол үшін Ақтөбеге келуге уәде етті. 2024 жылдың 19 қыркүйегі күні Атырау қаласынан Ақтөбе қаласына қарай пойызға билет алып, 2024 жылы 20 қыркүйегі күні Ақтөбе қаласына жетті, медициналық тексеруден өтті. Сол күні сатып алушы жалға алып берген пәтерге барады. Ал 25 қыркүйек күні келісімді жүзеге асыру мақсатында сатып алушы 5 млн теңгені Орынбасаровқа беріп, ол полиция қызметкерлеріне ұсталды. Сөйтіп Қылмыстық кодекстің 24 бабы 3 бөлігі, 116 бабы 1 бөлігінде көрсетілген құқықбұзушылық жасады, - деді прокурор Әділет Кенжалы.

Бүйрегін сатпақ болған адам неліктен мұндай қадамға барғанын түсіндірді.

Қарызым болып қалды. Сол уақытта асығыстықпен, ашумен Telegram арқылы жазба қалдырдым да каналдан шығып кеттім. Өзге атты қолдандым. Маған қыркүйек айында хабарласты. Кейін «анализ алайық» деп айтты. Анализді Ақтөбеге келіп тапсырдым. Ақшасын төледі, пәтер жалдап берді. 25 күні қолма-қол ақша бергенде ұсталдым. 9 млн теңгеге келістік. Отаға дейін, кейін бөліп беретін болды. Сол 5 млн теңгені беріп, кетіп бара жатқанда ұстады. Ақшаны санамадым, қарамадым. Өзім толық мойындаймын, өкінемін, - деді сотталушы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға