Жаңалықтар

Буын ауруларын емдеуде қолданылатын заманауи емдеу тәсілі туралы не білеміз?

Травматолог-ортопед Әділет Ақтаевпен сұқбат
Буын ауруларын емдеуде қолданылатын заманауи емдеу тәсілі туралы не білеміз?
Фото: pixabay.com 30.06.2022 21:58 12551

Бүгінде медицинада адамның өз қанын теріге егу арқылы жасалатын плазмотерапия немесе плазмолифтинг деп аталатын емдеу шарасы бар. Плазмотерапия травматология мен ортопедия саласында соңғы жылдарда жиі қолданылып келеді. Осы орайда плазмалық емге қатысты маңызды сұрақтарымызға жоғары санатты дәрігер, травматолог Әділет Ақтаев жауап берді.

– Әділет Рысқалиұлы, плазмолифтинг ұғымына тоқталып кетсеңіз.

– Плазмолифтинг – адам ағзасындағы қанның биологиялық сұйық құрамын тамырға, теріге, буынға егу арқылы жасалатын емдеу тәсілі. Плазмолифтинг травматология мен ортопедияға косметологиядан келген жаңа тәсіл деп айтуға болады. Плазманың құрамында бар тромбоциттер өзіміздің ағзамызға жақсы әсерін беретін ем қабілеті бар биологиялық активті жасушалар болып есептеледі.

Плазмолифтинг деген сөздің өзі «енгізу», «егу», «жеткізу» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғымның травматологияға келгеніне 4-5 жыл ғана болды. Енді кеңінен таралып, емдеуге қолданып жатырмыз.

– Жалпы әлемдік медицинада қолданылу аясы туралы айта кетсеңіз.

– Осыдан 10 жыл бұрын Ресей Федерациясында Ринат Ахметов деген азамат плазманың травматология мен ортопедияда қолданылуына себепкер болған. Жалпы плазмолифтинг медицинада көп жылдан бері бар. Бірақ көп қолданылмаған. Бұрын тек косметологияда қолданылған болса, қазіргі кезде стоматологияда, генекологияда және тері ауруларын емдеуде қолданылып жатыр.

– Травматолог ретінде қанша уақыттан бері плазмалық емдеумен айналысасыз?

– Плазмалық еммен 4 жылдан бері айналысамын. Бұл тәсілді мен «Травматологтар мен ортопедтер» конгресінде әріптесіміз баяндама жасағанда тереңірек танып білдім. Алматы қаласында плазмалық емді оқытатын мамандар бар. Сол жерден оқып, сертификатымызды алдық. Содан бері науқастарға ем ретінде тағайындап келеміз.

Буын ауруларын емдеуде қолданылатын заманауи емдеу тәсілі туралы не білеміз?

– Жалпы плазмалық ем травматология мен ортопедияда қай ауруға жиі қолданынылады?

– Біріншіден жарақат кезінде, ауыр жарақаттан кейінгі жағдайда (травмада) қолданылады. Сонымен қатар буын аурулары, артроз, артрит, омыртқа және грыжа ауруларына да пайдасы орасан зор. Артроздың сатылары болады.

ІІІ, IV сатыларында плазмалифтинг жасауға болмайды. Ол кезде буынды ауыстыру керек. Сондықтан да плазмалық ем буынды ауыстыруға дейінгі емнің қазіргі кездегі қолайлы тәсілі болып табылады. Көбіне тізе, жамбас, иық және кішкентай буындарда 70%-ға дейін кездеседі. Тізе буындары ғана емес, бұлшықет ауруларына да жақсы. Соның ішінде неврология, омыртқа, бел омыртқа және аяқтағы өкше ауруларына пайдасы бар.

Қазір бұл тәсіл алдында қолданған химиялық дәрілерге қарағанда көрсеткіші жақсы. Қарсы көрсеткіш жоқ. Себебі кейбір дәрілердің кейбіреулерінде аллергия болуы мүмкін.

– Плазмолифтинг қалай жүргізіледі?

– Плазма болғаннан кейін қаннан алынады. Адамның қолынан қан алынады. Ол үшін арнайы плазмолифтингке арналған вакумдық пробиркалар болады. Ол пробирканың ішінде қанды екіге бөлетін гель болады. Және цитрат натрий деген дәрі болады. Ол қанды ұйып қалмас үшін және пробирканың ішінде сақтап тұру қолданылады. Қан пробирканың өлшеміне қарай алынып отырды. Пробирканың 9-15 мл-ге дейінгі өлшемдері болады. Жиі қолданылатын 9 мл-лік пробирка. Ол қан алынғаннан кейін центрифуга аппаратына салынып, 5 минуттың ішінде 3500 айналымда айналдырып, қан екіге бөлінеді. Қан екіге бөлінген кезде қанның ауыр жасушалары эритроцит, лейкоциттер түбіне қалады да, плазмасы үстіне келеді. Үстіне келгенде плазманың ішінде белсенді тромбоциттер болады. Соны шприцпен алып, зақымдалған бөліктерге, буынға егіледі. Бұлшықет немесе буындардың ішіне салынады. Кішкентай буындардың қабынуы мен ауырсынуын басу үшін қолданылады. Сонымен қатар неврология, омыртқа ауырғанда, бел, мойынға да қолдануға болады. Аяқта, өкшеде кездесетін ауруларда плазмалық емнің көп әсері болады.

– Плазмалық ем алу үшін науқастарға арнайы дайындық қажет пе?

– Бұл тәсілге ешқандай дайындық қажет емес. Науқас психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Буынға ине салу оңай емес. Адам қорқақтауы мүмкін. Білетін маман, арнайы маман емдегені абзал.

– Нақты нәтижеге жету үшін плазмолифтинг қанша рет жасалады?

– Мысалы тізе буынын алсақ нақты курс 5-7 күннің аралығында болады. Бұл тәсілде шектеу жоқ. 4 реттен салатындар бар, иық буынына, екі тізесіне салады. Кей кезде бірден салғаннан нәтиже болып жатады. Науқастар жеңілденіп қалғандарын айтып жатады. Жалпы келесі процедураға келген кезде адам көңіл күйі көтеріліп, ауырғаны басылады.

– Аллергия туғызу жағдайлары немесе қарсы көрсеткіштері бола ма?

– Бұл тәсілде қарсы көрсеткіштер бар. Біріншіден қанмен байланысты ем болғаннан кейін қан аурулары болғанда жүргізуге болмайды. Оған қанның обыр аурулары (лейкоз, лейкемия), анемия және ісік аурулары кезінде, созылмалы аурулардың жедел сатысында, дене температурасының жоғарылауы кезінде мүлдем қолдануға болмайды. Сондықтан науқас алғаш келгенде тапсырған қан анализінің нәтижелерін міндетті түрде қараймыз. Қанда қабыну белгілері болса лейкоциттердің көтерілуі,гемоглобиннің тым төмен көрсеткіші,қанның ұю талдамасында өзгерістер болған жағдайда шектеу қоямыз. Талдама қалыпты болғаннан кейін ғана ем тағайындаймыз.

– Плазмолифтинг қанша жас аралығындағы науқастарға жасалады?

– Негізінен буын ауруларымен орта және егде жастағы науқастар ауырады. Сондықтан сол кісілерге жиі жасалады. Жастардың ішінде белсенді спортпен айналысатындарда болып жатады. Мен 18 жастан бастап салып жатырмын. Дегенеративтік аурулар балаларда кездеспейді. Ал жарақат болса , плазмасыз да баланың жасына қарай жылдам жазылады.

– Дәрігерлік тәжірибеңізде буын ауруларының қай түрінен ауырып келеді науқастар?

– Артроз тізе буын, екінші жамбас буын, одан кейін иық буын одан кейін ұсақ буындардың ауырсынуы болады.

– Плазмалық ем науқастар үшін қолжетімді ме?

– Қолжетіміділігіне келсек плазмалық ем қымбаттау. Неге десеңіз ол пробирканың шығару өндірісіне байланысты. Олардың бағалары әр түрлі. Сонымен бірге клиникаларға байланысты. Үшіншіден дәрігердің тәжірибесі мен біліктілігі болуы керек. Әр маман сала алмайды. Пробирка Нұр-Сұлтан қаласы бойына 10 мың теңгеден басталады. Тұтынылатын материалдарына байланысты болады.

– Дәстүрлі медицина мен батыстың арасында қарама-қайшылық болып жатады. Буын ауруларын олар басқаша емдейді. Осыларға көзқарасыңыз.

– Бұл ешқандай қарама қайшылығы жоқ. Плазма қойып артынан сүлік қойып жататындар болады.

– Сұқбатыңызға рахмет!


Сурет Әділет Рысқалұлының жеке мұрағатынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға