Жаңалықтар

БҰҰ өкілдерімен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі талқыланды

БҰҰ өкілдерімен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі талқыланды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 31.10.2024 19:41 358

Мәдениет және ақпарат министрлігінде БҰҰ-ның Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Пәкістандағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Аймақтық өкілдігінің директорымен кездесу өтті. Тараптар жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау саласындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов аталған бағыттар күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ол Қазақстанда ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес табысты жұмыс істеп жатқанын, 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ кешенді ведомствоаралық жұмыс та жасалып жатыр.

ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің қолдауымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес, сонымен қатар заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленді. Жалпы, біздің барлық жұмысымыздың негізінде «жастар үшін» емес, «жастармен бірге» жұмыс істеу принципі жатыр. Демек жастардың өзі жұмыстану қажет бағытты және оны шешуді талап ететін проблемалық мәселелерді айқындайды, – деп атап өтті Евгений Кочетов.

Өз кезегінде БҰҰ өңірлік өкілдігінің директоры Оливер Штолпе жастармен жұмыс істеуге бағытталған курстарды таныстырды. Олардың бірі – спорт арқылы жастарға пайдалы физикалық және психологиялық дағдыларды игеруге көмектесетін оқу орындарына арналған «Өмірге аралас» бағдарламасы. Сондай-ақ Оливер Штолпе кеңейтілген брифинг өткізуді ұсынды, онда сарапшылар басқарманың бастамалары мен нәтижелеріне толығырақ тоқталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға