Жаңалықтар

БҰҰ миссиясына қатысатын әскерилер 1500 доллардан алады

БҰҰ миссиясына қатысатын әскерилер 1500 доллардан алады
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 19.01.2024 11:45 1014

БҰҰ миссияларына қатысатын әскерилердің әрқайсысына ай сайын 1000-1500 доллардан төленеді. Бұл туралы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

БҰҰ миссиясыларына қатысуға Қазақстан 430 қарулы күштердің әскерін жібереді.

Министрдің сөзінше, әскерилер 4 елде бір жыл бойы ешқандай қақтығыстарға қатыспай, түрлі бітімгершілік күштердің функциясын орындайды. Әр әскери қызметкерге БҰҰ тарапынан ай сайын 1000-1500 АҚШ доллар аралығында қаржы төленеді. Бұл әскерилердің еңбек жағдайы мен тәжірибесіне қарай беріледі. Осылайша, әскерилер бір жылда 5 млн теңгеге дейін қаржы алады.

Әскери қызметкер БҰҰ миссиясы кезінде қайтыс болса оның ата-анасына Қазақстан тарапынан 60 айлық лауазымды жалақы беріледі. Ал БҰҰ тарапынан 77 мың АҚШ доллары төленеді. 

Руслан Жақсылықов бірінші 139 әскери қызметкер Голан биіктіктеріне (Сирия-Израиль) аттанатынын айтты.

Ротаның құрамында 139 әскери қызметкер болады. Олардың арасында мерзімді әскери қызметшілер жоқ. Тек қана әскери мамандар барады. Сонымен қатар, келісім бойынша келген әскери қызметшілер мен оқу-жаттығудың барлық циклінен өткен офицерлер бар. Бұл лицензиясы бар халықаралық заңнама. Оны оқу-жаттығу мен дайындық барысын тексерген, лицензия берген комиссия өкілдері өте жоғары деңгей деп баға берген, - деді министр мәжіліс кулуарында.

БҰҰ миссиясына қатысатын әскерилер 1500 доллардан алады
©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Министр әскерилерді қандай талаптарға сай таңдап алғанын атап өтті.

Біріншіден, бітімгершілік күштерді моральды, жұмыс істеу сапасына қарай таңдап аламыз. Мысалы, олардың денсаулығына, әскери дисциплинасына, жеке басының дайындық деңгейіне және тиісінше тіл білу деңгейіне қараймыз, - деді ол.

Жақсылықов әскерилердің қауіпсіздігіне байланысты сұраққа: «Жалпы әскери қызмет саласында өзіндік қиындықтарымен, қауіп-қатерімен әрдайым тәуекел аймағында жүреміз. Тіпті бейбіт кезде де. Ешкім де ешкімге кепілдік бере алмайды», - деп жауап берді.

Министрдің айтуынша, БҰҰ миссиясына қатысу үшін әскери жабдықтарды және қару-жарақ пен техниканы тасымалдауға мемлекеттік бюджеттен 8 млн доллар бөлінді. Ең алдымен Голан биіктеріне 15 брондалған машина, 6 жүріп өту мүмкіндігі бар арнайы автомобиль, 4 камаз, 1 микроавтобус жолданады деп жоспарланған. Техника БҰҰ ұсынымдары бойынша іріктеп алынған. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға