© AP Photo / Mohammed Hajjar

БҰҰ: Газаны қалпына келтіруге 70 млрд доллар қажет

15.10.2025 01:32

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Газа секторын қалпына келтіру үшін шамамен 70 миллиард доллар жұмсалмақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы БҰҰ Даму бағдарламасының (ПРООН) Палестина халқына көмек көрсету бағдарламасы әкімшісінің арнайы өкілі Яко Силлиерс Женевада өткен брифинг барысында мәлім етті.

БҰҰ, Еуропалық одақ және Дүниежүзілік банк бірлесіп жүргізген залал мен қажеттілікті жедел бағалау нәтижесіне сәйкес, Газаны қалпына келтіруге шамамен 70 миллиард доллар қажет, – деді ол.

Силлиерстің айтуынша, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының аяқталу мерзімін қазір нақты болжау мүмкін емес.

Ол аталған халықаралық ұйымдардың міндеті қирандылардың көлемін анықтау ғана емес, сонымен қатар қай аймақтарды бірінші кезекте қалпына келтіру керектігін және күшті қай бағытқа жұмылдыру қажеттігін анықтау екенін атап өтті.

Болжам бойынша, барлық аумақ түгелдей қалпына келтірілмеуі мүмкін, – деді Силлиерс.

Айта кетейік, 6 қазанда Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысының делегациялары Мысыр, Катар, АҚШ және Түркияның арағайындығымен Газа секторындағы жағдайды реттеу жөніндегі жанама келіссөздерді қайта бастаған еді. Ал 9 қазанда тараптар АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспардың алғашқы кезеңін жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.

Газадағы атысты тоқтату жөніндегі келісім 10 қазанда күшіне енді.