Жаңалықтар

БҰҰ әлемдегі ең кедей елдердің тізімін жариялады

2022 жылдың тізіміне 47 мемлекет кіріпті
БҰҰ әлемдегі ең кедей елдердің тізімін жариялады
Фото: currentschoolnews.com 02.11.2022 13:25 16866

Әлемде ішерге ас таппай отырған кедей елдер бар. Ең кедей елдердің рейтингін Дүниежүзілік банктің материалы негізінде БҰҰ түзіпті. 2022 жылдың тізіміне 47 мемлекет кіріпті, деп хабарлайды El.kz.

Кедейліктің критерийі күрделі формулалар арқылы есептеледі. Қарапайым тілде түсіндіргенде, елдің экономикалық осалдық индексі мен нақты өмір сүрі сапасы есепке алынады. Сауаттылық деңгейі, қоғамдық денсаулық сақтау саласы, тағамның сапасы мен жалпы тамақтануы және тағы басқасы есепке алынады.

Бір қызығы, 1968 жылдан бері Аз дамыған елдер (LDC) тізіміндегі 47 мемлекеттен 8-і ғана шығыпты. Оның ішінде Вьетнам мен Мальдив Республикасын атауға болады.

Кедей бес мемлекетті саралайтын болсақ, олар Африка құрлығында орналасқанын көруге болады.

Әлемнің ең кедей елі – Орталық Африка Республикасы (ЖІӨ $391)

1960 жылы тәуелсіздігін алды. Ресми тілі – француз және санго тілі. Халқының 50 пайызы жергілікті наным-сенімді ұстанса, 40 пайызы христиан, 10 пайызы ислам дініне сенеді. 1994 жылы қабылданған конституциясы бойынша мемлекет басшысы – Президенті. Ақша бірлігі – Орталықафрикалық КФА франкі.

1975 жылдан бері кедей мемлекеттердің қатарында. Ел экономикасының күрт төмендеуіне түрлі әскери қақтығыстар теріс әсер етті. 1966 жылдан бері бұл аумақ үнемі төңкерістермен, тайпалар арасындағы қақтығыстар орын алды. Соның салдарынан елдің әлеуметтік әлеуеті төмендеп, кедейшілікте өмір сүруде.

Ел экономикасы орман және егін шаруашылығына негізделген. Бұл ел әлемге гауһар тас пен ағаш экспорттаушы ретінде белгілі. АҚТҚ жұқтыру деңгейі 7 пайыздан асады. Халқының сауаттылық деңгейі 48 пайызды құрайды.

Халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша Орталық Африка Республикасы алдағы 10 жылда әлемдегі ең кедей елдердің бірі болып қала береді.

Екінші орын – Бурунди (ЖІӨ $642)

1971 жылдан бері Бурунди әлемдегі ең кедей елдің қатарында.

Солтүстігінде Руандамен, батысында Конго Демократиялық Республикасымен, шығысында және оңтүстік-шығысында Танзаниямен шектеседі. Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ. Оңтүстік-батысында Танганьика көлімен шектеседі.

Бурунди әскери қақтығыстардан кейін билік бір фракциядан екіншісіне ауысты. Соғыстың салдарынан кедей азаматтар баспанасынан және негізгі табыс көзінен айырылды. Бұл елде АИТВ-инфекциясы 7 пайыз деңгейінде.

Негізгі күнкөріс саласы – ауылшаруашылығы саласы.

Шай, кофе, ірі қара малдың терісін экспорттайды.

Үшінші орын – Конго Демократиялық Республикасы (ЖІӨ $648)

Саяси дағдарыс, сыбайлас жемқорлық, ұзаққа созылған азаматтық соғыстан Конгода кедей елдердің қатарына қосылды.

Бұл елдің аумағында алтын, гауһар тастар, қалайы сынды бағалы метальдар бар. Алайда сыртқы күштердің ықпалына сенген амбициялық топтар арасындағы соғыс елді кедейлік деңгейіне жеткізді. Соғыс кезінде миллиондаған адамдар аштықтан, аурудан және медициналық көмектің жоқтығынан қайтыс болды.

Әлеуметтік инфрақұрылымы нашар дамып, тұрғындар ішерге ас таппай, аштықта өмір сүруде. Бұл елде адамның етін житін каннибал тайпалар бар.

Экономика өндірілген шикізаттың (алмас, тантал, кобальт) бағасына тәуелді және нарықтық бағаның өзгеруіне қарай құбылып отырады.

Төртінші орын – Либерия (ЖІӨ $703)

1990 жылдан бері Батыс Африкадағы мемлекет ең кедейлер тізімінде. Бұл елде де экономикалық құлдырау мен кедейліктің басты себебі – азаматтық қақтығыстар.

1980 жылғы 12 сәуірдегі төңкерісті, 1980-1989 жылдардағы Сэмюэль Доудың әскери диктатурасын және одан кейін 1989-1996 және 1999-2003 жылғы екі азаматтық соғысты бастан өткізді.

Жұмыссыздық деңгейі халықтың 85 пайыз құрайды. Бұл жұмыссыздық деңгейі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Негізі Либерияны еркіндік алған американдық қара нәсілділер құрды. Оның атауы «Еркіндік елі» деп аударылады, бірақ халық тәуелсіздік үшін әлі күресуде.

Негізгі кіріс көзі – елдің мемлекеттік туын шетел кемелері пайдаланғаны үшін алынатын алым.

Бесінші орын – Эритрея (ЖІӨ $707)

Шығыс Африкадағы осы кедей мемлекеттің экономикалық мәселелерінің негізінде саяси мәселелер жатыр:

– тұрақты әскери қақтығыстар;

– авторитарлық режим;

– бірпартиялық жүйе.

Үкімет өмірдің барлық саласын, соның ішінде дінді, БАҚ-ты бақылайды.

2000 жылы Эфиопиямен соғыс аяқталғанына қарамастан, ара-тұра ірілі-ұзақты қақтығыстар болып тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі (80 пайызы) ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Оның жалпы экономикадағы үлесі 15 пайызға жетпейді. Себебі, қала тұрғындарының үлесі небәрі 20 пайызды құрайды.

1993 жылдан бері Президент ретінде Исайас Афеверки мемлекетті басқарып келеді. Оның тұсында Эритрея қару саудасындағы ең ірі делдалға айналды деп есептеледі. Тауардың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Бұл елде қаруды тауар ретінде айырбастауға болады.

P.S. Америкадағы ең кедей ел – Гаити, Азиядағы ең кедей ел – Ауғанстан. Жалпы Аз дамыған елдердің саяси-әлеуметтік жағдайын бағалайтын болсақ, кедейлікке төңкеріс пен соғыстардың салдарынан душар болыр отырғанын көруге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға