Жаңалықтар

Бұрын істі болып, ақталып шыққан ақтөбелік шенеунік жаңа қызметке тағайындалды

Бұрын істі болып, ақталып шыққан ақтөбелік шенеунік жаңа қызметке тағайындалды
Фото: © El.kz 01.08.2023 14:00 1062

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасына Жангелді Әубәкіров тағайындалды. Ол бұған дейін Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпталып, кейін ақталып шыққан болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ералы Тоғжанов аппараттық жиында кәсіпкерлік басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Өңір басшысының өкімімен бұл лауазымға Жангелді Әубәкіров тағайындалды.

Әубәкіров Жангелді Елеусізұлы Ақтөбе облысының Хромтау ауданында дүниеге келген. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Қазақ гуманитарлық–заң университетінің, «Қайнар» академиясының түлегі. Еңбек жолында әр жылдары екінші деңгейдегі банктерде және жеке кәсіпкерлік субъектілерінде әртүрлі лауазымдарда болып, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылдың шілдесінен бастап осы уақытқа дейін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болды, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 2020 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров ұсталып, Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша тергеу жүрді. Ал 2021 жылдың маусым айында Ақтөбе қалалық № 2 сотында қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров, қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов, мердігер мекеме басшысы С.Жанасбаев, бас есепші Д.Дүйсемби, жеке кәсіпкер Н.Мұстафинге қатысты қылмыстық іс қаралды. Жаңа жыл кезінде безендіру жұмыстарына бөлінген ақша талан-таражға түсіп, мемлекетке 90 млн теңгеден астам залал келгені айтылды.

Сот Досов пен Әбубәкіровті 7 жылға, Жанасбаев пен Мұстафинді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дүйсембиге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жас баласы болуына байланысты жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды, - деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

Арада бір жылдан астам уақыт өткенде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ақтау үкімін шығарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға