asbc_official

Бұл жерге жеңіс үшін келдік - Моңғолиядағы этникалық қазақ боксшысы

Дубайдағы әлем чемпионатында бокстан Моңғолия құрамасының намысын қорғап жүрген қандасымыз Асқар Жандос қазақ спортшыларымен қарым-қатынасы жайлы айтты.

– Сіздің салмақта қазақстандық Санатәлі Төлтаев бар. Әлем чемпионатында тағы кімдерді айта аласыз?

– Әлем біріншілігінде мықты қарсыластар көп. Өзбекстан мен Ресей боксшылары бар. Өзіміздің бауырымыз Санатәлі Төлтаев та жақсы даярлықпен келген. Бірақ біз де бұл жерге жеңіс үшін келдік.

– Биылғы бірінішілік ашық аспан астында өтіп жатыр, қиын болмады ма?

– Қазір біздің жақта күн суық, ал мұнда нағыз жаз болып тұр. Бастапқыда ауа райына үйренісу қиын болды, бірақ қазір толық бейімделіп кеттік. Оның да өз ерекшеліктері бар екен.

– Қазақстандық былғары қолғап шеберлерімен араласып тұрасыз ба?

– Қазақ бауырларыммен жақсы араласамыз, әлеуметтік желі арқылы да бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз. Қазақстандық өте мықты боксшылар көп қой. Бірге жаттықан кездеріміз де болды. Сондықтар оларға сәттілік тілеймін!