Жаңалықтар

Бұл жарлықты экономика саласының «конституциясы» деп есептеуге болады – сарапшы

Бұл жарлықты экономика саласының «конституциясы» деп есептеуге болады – сарапшы
Фото: primeminister.kz 11.05.2024 17:36 4462

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономикасы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. «Yevniy Consulting Goup» ЖШС басқарушы серіктесі Арман Евниев  бұл жарлықты экономика саласының «конституциясы» деп есептеуге болатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Егемендік алғаннан бері орта және шағын бизнесті дамытуымыз керек екенін айтып келе жатырмыз. Енді мемлекет осы жарлық арқылы экономиканың барлық инструменттерін, тетіктерін айқын көрсетіп отыр. Жарлықта жекешелендіру, мемлекеттік сатып алу, барлық бизнес үшін мемлекеттік органдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселесі көзделген. Яғни жер мәселесі, жер қойнауындағы ақпараттардың барлығы және басқа да салалары ашық болуы тиіс, -  дейді сарапшы. 

Арман Евниевтің сөзінше,  Қазақстанда жекешелендіру саясаты бұрын-соңды болмаған, бұл – алғашқы тәжірибе.  

Мысалы, осы жарлықтың арқасында енді азаматтар бір бизнес обьектіні көреді де, «осы жерді маған жекеменшікке берсе осындай жоба жасаймын» деп ұсыныс бере алады. Жарлықтың қабылданғаны жұмыстың 50 пайыз орындалғаны деуге болады. Енді қалған 50  пайызын іске асыру үшін нақты жобалармен жұмыс істеу керек. Сондықтан осы жоба аясында президент ұлттық офис ашу туралы тапсырма берді. Дегенмен ұлттық офис Үкіметтің қарамағында болмайды, - дейді маман. 

Мемлекет басшысының жарлығында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіру жөнінде ұлттық офис құру көзделгені айтылды. Арман Евниев ұлттық офистің Үкіметке емес, жеке агенттіктің жанынан құрылуы ең оңтайлы шешім болғанын атап өтті.

Менің 25  жылдан аса мемлекеттік тәжірибем бар. Сондықтан шенеуніктердің жобаларды қалай іске асыратынын, қалай ойлайтынын білемін. Олар нарыққа, кәсіпкерлерге ақпаратты ашық бермеуге тырысады. Ақпаратты берген күннін өзінде барлығына бірдей мәлім болмауы мүмкін, - деді ол. 

Сарапшы бизнесті субсидиялаудың жаңа тетіктеріне тоқтала кетті. 

Жарлықта айтылғандай, саланы субсидиялау тәртібі, логикасы өзгертіліп жатыр. Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі, ауыл шаруашылығы саласында «осынша сүт өнімі шықты» дегендердің барлығы субсидия бере берген еді, енді нақты шаруашылыққа қатысты жоба жасаған, техника сатып алып, үлкен жұмысты қолға алып отырған азаматтарға субсидия беру көзделеді, - деп түсіндірді Арман Евниев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға