instagram.com/samatikhlasov

«Бұл – менің жанымды ауыртты». Үш қыздың әкесі Саматтың өкініші қандай?

03.12.2025 10:00

Қазіргі заманда ер адам үшін үй тазалау да, тамақ әзірлеу де, бала тәрбиесіне араласу да мәселе емес. Керісінше, отбасына жан-жақты қолдау көрсететін әкелердің жаңа буыны қалыптасып келеді. Солардың бірі – стоматолог дәрігер, үш қыздың әкесі Самат Ихласов. Оның отбасын берік ұстаудағы және бала тәрбиесіндегі басты қағидалары қандай? Өзінен сұрап көрдік.

Әлеуметтік желідегі әке бейнесі қалай қалыптасты?

Әлеуметтік желіде стоматолог дәрігер Самат Ихласовты көпшілік үлгілі әке ретінде таниды. Оның отбасылық өмірін, бала-шағасымен қарым-қатынасын көрсететін видеолары талай оқырманның жүрегіне жылулық сыйлағаны жасырын емес. Бірақ ол өзі бұл контентті арнайы біреуге ой салу немесе белгілі бір идеяны насихаттау үшін емес, бастапқыда тек естеліктерін сақтайтын жеке альбом секілді пайдаланған.  

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Самат Амирханович Ихласов (@samatikhlasov)

Алғашында парақшамды ертең қыздарым мен ұлдарым қарайтын естелік ретінде жүргіздім. Кейін отбасыма деген махаббатымды видео арқылы көрсеткен сайын, оның оқырмандарға ұнай бастағанын байқадым, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің әрбір жазбасының астарында белгілі бір құндылықтар көрінеді. Атап айтқанда көңіл бөлу, махаббат, әйелге деген құрмет, отбасына деген жауапкершілік байқалады.

Барлық контентімнің мағынасы бір-ақ нәрсеге тіреледі – отбасыға көңіл бөлу. Әсіресе әйеліне деген құрмет – ер адамның ең бірінші міндеті. Қазір кейбір ер адамдар болмашы нәрсеге ренжіп, ажырасуға асығады. Ал үйленген кезде ер адам үлкен жауапкершілік алады. Әйелінің өмірін жақсарту да, қиындату да – өзінің мойнындағы іс, – дейді ол.

Әйелім екеуміз бір-бірімізді толықтырып тұрамыз

Самат Ихласов үшін отбасы – өмірінің мәні. Оның жұбайы Алтынгүлмен таныстығы 5-сыныптан басталған.

Алтынгүл менің қасымда отырған сыныптасым еді. Ол кезде болашақ енем бізге сабақ беретін мұғалім болды, – деп еске алады дәрігер.

Жасөспірім шақтағы таныстық уақыт өте терең қарым-қатынасқа ұласқан. 10-сыныпта екеуі кездесіп, студенттік кезеңнің қызығы мен қиыншылығын қатар өткерген.

Оқу бітіріп, диплом алған соң бір жылдан кейін шаңырақ көтердік. Бала кезден бір-бірімізді жақсы танығандықтан, түсінісу бізге қиындық тудырмады. Бүгінде үш қызымызды тәрбиелеп отырмыз, – дейді ол.

Саматтың айтуынша, жары Алтынгүл екеуі бір-бірін толықтырып тұрады.

Менде жоқ мінез әйелімде бар, ал әйелімде жоқ мінез менде бар. Сол үшін екеуіміз бір-бірімізді толықтырып тұрамыз, – дейді ол.

Әке болу – жауапкершілікті сезінуден басталады

Самат Ихласов нағыз әкенің үлгісін өз отбасынан көріп өскенін айтады.

Мен ешкімді сынамаймын, біреуге «былай болуың керек» деп ақыл үйретпеймін. Бұл – тек менің өз ойым. Марқұм әкемнің анама көрсеткен құрметі, үй шаруасына қалай көмектесетіні маған әке болудың нағыз үлгісі болды, – дейді Самат.

Кейіпкеріміз жар таңдауға үлкен жауапкершілікпен қараған.

Жарым – біреудің мәпелеп өсірген қызы. Оны таңдадым ба, демек, оған жауапкершілік аламын. Бірге бақытты өмір сүргім келеді. Сол үшін де жақсы жар, жақсы әке болуды әкемнен үйрендім, – дейді ол.

Саматтың түсінігінде отбасылық өмірде «әйелдің жұмысы», «ердің жұмысы» деген бөлу болмауы керек. Үй жинау да, ас әзірлеу де – ортақ міндет.

Әрине ер адамдар таңнан кешке дейін жұмыста болуы мүмкін. Бірақ кешкі демалыс уақытын, демалыс күндерін отбасыға арнау – әр әкенің міндеті деп есептеймін, – деп санайды дәрігер.

Үш қыздың әкесі атанған Самат үшін бала – өмірдің ең нәзік сыйы.

Бірінші қызы дүниеге келген сәттен бастап, әкелік сезім жүрегін тіпті жұмсартып жіберген.

Үлкен қызым дүниеге келгенде әйеліме деген махаббатым бұрынғыдан да күшейді. Өмір өте қысқа. Сондықтан қыздарымды сәби кезінен бойжеткенге дейін әкелік махаббатқа толық бөлегім келеді, – дейді ол.

Үйге келгенде «тамақ қайда?» деп сұрамаймын

Қоғамда әлі де «ер адам табыс тапса, әйелдер үйдің шаруасымен айналысуы керек» деген түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Алайда қазіргі таңда жастар бұл көзқарасты өзгертіп жатыр.

Мен үй шаруасы әйелдің міндеті деп ойламаймын. Бұл – ескірген түсінік. Айналамда мұнымен келіспейтіндер де бар, бірақ менің ұстанымым – осы, – дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, отбасының қаржысы да, тірлігі де ортақ. Әйелдің үй шаруасына икемі болмауы оның білімді, табысты болуына еш кедергі келтірмейді.

Әйел үй шаруасына қабілетті болмаса, жақсы ақша табатын маман болуы мүмкін. Отбасындағы қаражат – ортақ. Оған ер де, әйел де үлес қоса алады, – дейді ол.

Саматтың сөзінен ерлі-зайыпты арасындағы үйлесім мен өзара түсіністік бәрінен маңызды екенін аңғаруға болады.

Үйге келгенде «тамақ қайда?» деп сұрамаймын. Өйткені тамақ ең алдымен маған керек. Денсаулық – менікі. Сондықтан біреуді міндеттеу дұрыс емес. Кім ерте келсе – тамақты сол істейді. Бірде мен пісіремін, бірде ол дайындайды. Бұл біз үшін проблема емес, болмауы да керек, – деп түсіндіреді ол.

Баланы махаббатқа бөлеп өсіру керек

Самат Ихласов үшін әкелік тәрбиедегі басты мақсат – балаларын махаббатқа бөлеп өсіру екенін айтады.

Ұл тәрбиелесең де, қыз тәрбиелесең де махаббатқа бөлеу қажет. Онымен сөйлесіп, жеке әңгімелесу керек. Өйткені баланың болашағы сенің қолыңда. Қыз бала ертең бойжетіп, өз отбасын құрады. Сондықтан олардың тәрбиесі аса маңызды, – дейді ол.

Әкенің рөлі тек қамқорлықпен шектелмейді. Самат қыздарының алдында ер азаматтың қандай болуы керегін күнделікті өмірімен көрсеткісі келеді.

Спортта да, жұмыста да, қарым-қатынаста да, мақсат қоюда да – барлығында олар маған қарап үлгі алуы керек. Сол үшін өзім де дұрыс өмір сүруге тырысамын, – дейді ол.

Кейіпкеріміз баланы тәрбиелеу үшін ата-ананың өз іс-әрекеті дұрыс болу керек екенін атап өтті.  

Дұрыс емес дүние істеп отырып, балаға оны істеме деу жараспайды. Балаларыма бере алатын ең шынайы тәрбие – өзімнің дұрыс өмір сүру дағдыларым, – дейді Самат.

Әкенің жылы қабағы, күнделікті қарым-қатынасы бала болмысына оң әсерін тигізеді.

Балаға айтып қана қою жеткіліксіз. Қандай болуын қаласаң, өзің сондай болуың керек. Олар ата-анасын қайталайды, – дейді ол.

Балаға махаббатты балалық шақта молынан беру маңызды екенін де ерекше атап өтеді.

Бала балалық шағында махаббатқа тойып өсуі керек. Өйткені жасөспірім шақ келгенде қатты сөйлеп, талап қоятын кездер пайда болады. Әр нәрсенің өз уақыты бар, – дейді Самат.

Отбасымен шетелге көшу тәжірибесі

Биыл жазда Самат Ихласов отбасымен шетелге көшу туралы шешімді саналы түрде қабылданған. Ол мұны ең алдымен қыздарының болашағы үшін жасағанын айтады.

Біз шетелге балаларымыздың көкжиегі кеңісін, жаңа әлемді көрсін, өзге тілді меңгерсін деген мақсатпен көштік, – дейді ол.

Олар бар болғаны бір ай ішінде шешім қабылдап, Малайзияға жол тартады. Таңдаудың дәл осы елге түсуінің де өзіндік себебі бар.

Малайзияда өмір сүру арзан, адамдары қарапайым, ешкім міндетсінбейді. Өмір сүру жеңіл. Ең бастысы – ағылшын тілін үйренуге өте қолайлы орта, – дейді Самат.

Осылайша Самат Ихласов қыздарының жаңа мектеп көріп, ағылшын мен қытай тілін қатар үйренуіне жағдай жасағысы келген.

Әрине, бөтен ортаға бейімделу бір күнде бола қоймайды. Басында бәріне үйрену қиын болады, біртүрлі күйзеліс байқалады. Бірақ адам жайлы ортаға бейімделіп алса, одан шыға алмайды. Сол үшін жаңа ортаға бару да – дамудың бір жолы, – дейді ол.

Самат отбасымен Малайзияда небәрі төрт ай тұрса да, бұл уақыт олардың дүниетанымын өзгерткенін айтады.

Өкінбейміз. Әлеміміз кеңейді, санамыз өзгерді. Қыздарымыздың да ой-өрісіне әсер етті. Тілді де тез үйреніп қалды – практика бәрін тездетеді, – деп түсіндіреді Самат.

Бизнесіне байланысты елге қайтуға тура келсе де, олар бұл тәжірибені үлкен мектеп деп санайды.

Бұйырса, алдағы уақытта тағы шетелге көшіп, тұрып көруге қарсы емеспіз, – дейді ол.

Бұл – мен үшін сабақ болды

Самат Ихласов үшін стоматолог ретінде кәсібін бастаған жылдар оңай болмаған.

Оралда кәсібімді енді бастаған кезде, 2016 жылы тұңғыш қызым дүниеге келді. Сол кезден 2022 жылға дейін күндіз-түні тоқтамай жұмыс істедім. Бір қарасам, үлкен қызым бірінші сыныпқа баратын болып қалыпты. Ақшаның артынан жүремін деп оның балдай тәтті кездерін өткізіп алдым. Сол менің жанымды ауыртты, – дейді ол.

Осылайша кейіпкеріміз 6 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, бірінші қызының қалай өскенін байқамай қалған. Сол себепті отбасының болашағы үшін үлкен шешім қабылдап, Оралдан Астанаға көшеді.

Қызым жақсы мектепте оқысын деп Астанаға көштік. Өзім екі қаланың арасында жүріп жұмыс істедім, – деп еске алады.

Ол өзінің мінсіз еместігін де жасырмайды.

Мен әуелден мінсіз болмадым, қателестім. Үлкен қызымның кішкентай кезінен естелік жоқ. Бұл – мен үшін сабақ болды, – дейді ол.

Содан бері ол бар бос уақытын отбасына арнауды бірінші кезекке қояды.

2022 жылдан бері қызым жасөспірім болғанша жанында болайын деп шештім. Мектебіне барып, жиналыстарына қатысамын, киімдерін бірге таңдаймыз, үнемі қасында болуға тырысамын, – дейді Самат.

Одан кейінгі екі қызына да дәл сондай қамқорлық көрсетеді.

Қазір Саматтың күн тәртібі мүлде өзгеше. Ол таңғы бесте тұрып спортпен айналысуды, балаларды балабақша мен мектепке апаруды, кешкісін жұмыс аяқталған соң отбасының жанында болуды күнделікті әдетке айналдырған.

Жұмысым алтыда бітеді. Содан кейін әйеліме уақыт бөлемін. Бірге қыдырамыз, шоппингке, қонаққа барамыз. Жұмыс пен отбасының арасындағы балансты сақтауға тырысамын, – дейді ол.

Мінезді бір-біріңе келістіру керек

Самат Ихласовтың айтуынша, әкенің отбасындағы орнын күшейту үшін бірінші кезекте ер адам жауапкершілікті терең сезінуі тиіс.

Қазіргі таңда ер адамдардың ұсақталып кеткенін байқаймын. Әйелімен ұрысып, ренжісіп жатады. Бірақ сол ұрысып отырған адамы – өзінің таңдауы екенін түсінбейді, – дейді ол.

Саматтың пікірінше, көп отбасының берекесін қашырып тұрған – бір-бірін тәрбиелеуге құлықсыздық пен сабырдың аздығы.

Кейбір ер адамдар үйленуде асығыс шешім қабылдап, кейін оның жауапкершілігін мойнымен көтере алмай жатады. Сәл нәрсеге бола ұрысып, «ажырасамын» деп айту – ер азаматқа жараспайды. Мінезді бір-біріне келістіруі керек, – дейді ол.

Ол ер адамның өмірінің ең маңызды шешімі – үйлену екенін де атап өтеді.

Ер адам үйленген соң отбасына жауапкершілік алу керек. Егер «мен ештеңеге міндетті емеспін, өзім өмір сүргім келеді» десе, онда үйленбеуі керек, – дейді Самат.