Бұл марапат үлкен сенімнің белгісі деп білемін – актриса Жанар Мақашева
Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында бірқатар азаматтар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Солардың қатарында «Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК әртісі Жанар Мақашева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Осы орайда актрисадан алған марапаты мен шығармашылығы туралы пікірін сұраған едік.
Жанар Мақашева марапат алған сәттегі сезімін жасыра алмады.
Шынымды айтсам, мұндай марапат аламын деп ойламадым. Өйткені біз күнделікті дайындықпен, спектакльдер мен фестивальдерге, репетицияларға қатысумен жүреміз. Ал дәл осындай сәтте мемлекет басшысының қолынан марапат алу – әрбір өнер адамы үшін үлкен мәртебе болып отыр, – дейді ол.
Шығармашылық жолын небәрі он жеті жасында бастаған актриса бүгінде театр сахнасында 23 жыл аянбай қызмет етіп келеді.
Мен үшін бұл – шығармашылық өмірімдегі екінші үлкен марапат. 2008 жылы Жастар сыйлығының лауреаты атансам, міне, араға жылдар салып, 2025 жылы осындай мемлекеттік марапатқа ие болдым. Бұл – маған деген үлкен сенімнің белгісі деп білемін, – дейді ол.
Жанар Мақашева үшін марапат тек құрметтің көрінісі ғана емес, сонымен қатар шығармашылық жолындағы жаңа серпіннің бастауы.
Бұл марапат мені алға жетелейтін бір үлкен күш деп айтсам, қателеспеймін. Әрбір өнер адамына марапат, мадақ сөз, тіпті жылы пікірдің өзі ерекше қуат береді. Бұл – соны дәлелдейтін сәт. Самғайтын жаңа қанатым пайда болғандай күйдемін, – деп бөлісті ол.
Актриса алда барша әріптестерінің де еңбегі еленетініне сененді.
Театрда марапатқа әбден лайық әріптестеріміз өте көп. Әрқайсысы өз саласының майталманы. Олар да өз сәтін күтуде. Сол күн алыс емес екеніне сенемін, – дейді өнер иесі.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Жанар Мақашева барша әріптестеріне жүрекжарды тілегін жеткізді.
Барлық әріптестеріме шабыт, сәттілік, қайрат пен табандылық тілеймін. Өнер – жүрек пен жанның жұмысы. Театр – соның ең бір ыстық алаңы. Өнерге деген махаббаттарыңыз ешқашан сөнбесін, - дейді ол.

