Жаңалықтар

Бұл діни көзқараспен байланысты. Димаштың анасы бабалар жолынан тайып бара жатқанымызды ескертті

Бұл діни көзқараспен байланысты. Димаштың анасы бабалар жолынан тайып бара жатқанымызды ескертті
Фото: instagram.com/sveta_aitbaeva73 24.08.2023 17:15 7603

Астанада өткен Тамыз кеңесінде әлемдік деңгейдегі әнші Димаш Құдайбергеновтің анасы - Светлана Айтбаева бала тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарымыздың діни көзқарастың  көлеңкесінде қалып жатқаны көңіліне кірбің түсіретінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Салт-дәстүрімізден ажырап, өзге ұлттардың ұлттық дүниелеріне қарай бет алып бара жатқанымыз мені алаңдатады. Бұл діни көзқараспен байланысты. Өте қиын жағдай. Ата-бабамыз қалыптастырып кеткен жолдан тайып бара жатқандаймыз. Біз үшін ең бірінші құндылық – тіліміз, - деді ол.

Сондай-ақ Светлана Айтбаева қазақ мектебін бітірген балалардың орыс тілінде білім алғандарға есе жібермейтінін тілге тиек етті. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Астанадағы бірінші сыныпқа баратын балалардың 40 пайызы орыс мектебін таңдап жатқаны туралы ақпаратқа өз пікірін білдірді.

Әлемдік өркениетте жұтылып кетпеу үшін баланы қазақ мектебіне беру қажет

«Қазақы бала бала емес» деген түсініктен ажырайтын кезіміз келді. Қазақ мектебінде оқыған балалар бүкіл әлемде еліміздің атын шығарып жүр. Өзінің қазақы болмысынан ажырамай, домбырасын тартып, ән-күйін көрсетіп, ұлттық болмыстан алған үлгі-өнегесін бүкіл төрткүл дүниеге маңдайы жарқырап көрсетіп жүрген балаларымыз бар. Сондықтан егер әлемдік өркениетте жұтылып кетпейік десеңіз, қазақ мектебіне беріңіз, - деді ол.

Ұлттық құндылық әр қазақтың жүрегінде қай деңгейде тұр?

Ол ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға ден қоюымыз керек екенін айтты.

Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтар ерекше маңызға ие. Ұлттық құндылықтар деп жиі айтамыз. Ол не нәрсе? Ол – ұлттың бет-бейнесін, болмыс-бітімін көрсететін ең құнды ұғым. Мен үшін ұлттық құндылық пен қазақ ұғымы егіз. Қазір біз осы ұлттық құндылық дегенде өзімізге мынадай сұрақ қоюымыз керек: ұлттық құндылық әр қазақтың жүрегінде қай деңгейде тұр? Одан ажырап бара жатқан жоқпыз ба? Рухани жұтаңдық жоқ па? Ұлттық құндылықты баланың бойына сіңіру тек мектептің еншісінде деп қарап отыруға болмайды. Әрбір балаға ұлттық дүниетанымымызды қалай сіңіретінімізді ойлануымыз керек, - дейді ол.

Димаштың анасы бала тәрбиелеуден бұрын әр адам өзінің іс-әрекетіне назар салу керек екенін айтты. Оның сөзінше, бала ата-анасынан көргенін істейді. Сондай-ақ ол қазір ұлттық құндылықтарымыздан ажырап, теріс бағытқа кетіп бара жатқанымызға алаңдаушылық білдірді.

Қазір ата-аналар эгоист болып кетті – ұстаз

«Жаңа ұрпақ» мектебінің басшысы Асхат Әбжановтың айтуынша, балалардың қылмысқа баруы, өзіне қол жұмсауы сияқты проблемалардың тамыры тереңде жатыр. Ең алдымен үйленер алдында жұптар ниетін түзеуі керек дейді ол.

«Қыздар тұрмысқа шыққанда, күйеуім мені асырайды, материалдық жағдайымды түзеймін деп шығады. Ал ер азаматтары тамағымды жасап, киімімді жуып береді деген ниетпен үйленеді. Қазір бәрі эгоист болып кетті. Мұндай тұтынушылық көзқараспен отау құрмауымыз керек. Отбасы – ең алдымен саналы ұрпақ тәрбиеленетін орта. Отбасын құрғанда, тәрбие мен махаббатқа бөленіп өсетін ұл мен қыз тәрбиелеймін деп үйлену керек», - дейді ол.  

Бала құқықтары жөнідегі уәкіл бала тәрбиелеудегі екі проблеманы атады

Астана қаласының Бала құқықтары жөнідегі уәкілі Әсима Бимендина бала тәрбиесіндегі екі үлкен проблеманы атады.

Біз ата-аналарға сауалнама жүргіздік. Олардан екі сұрақты сұрадық. «Қандай проблемалар бар? Осы проблемаларды шешуге қандай көмек керек?» Сол кезде ата-аналар үшін ең үлкен проблема – балалардың ұялы телефондарға тәуелділігі екенін анықтадық. Екінші орында – отбасылық жағдайлар, - деді уәкіл.

Қырық жылдан астам білім беру саласында қызмет етіп келе жатқан ұстаз сондай-ақ қазіргі таңда ажырасудың көбейіп кетуі бала тәрбиесіне салқынын тиігізіп жатқанын айтты.

Мен қаншама жыл ұстаздық қызмет еттім. Сонда байқағаным бала үшін әкенің орны ерекше биік. Қазір біздің қоғамда әкелердің балаларына немқұрайлы қарауы – үлкен проблема. Кез келген бала қадам жасардың алдында әкесінің қолдауын, батасын, басынан сипағанын тосады. Әкенің балаға деген бағасы, көзқарасы бала үшін үлкен маңызға ие, - дейді ол.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға