«Бүкіл елдің байлығын желге ұшырады». Тоқаев үнемшілдікті үйрену керек дейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында су мен жарықты үнемдеу туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі. Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды, - дейді Президент.
Сонымен қатар рухани ысырапшылдық туралы сөз қозғады.
Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз. Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе, - дейді Мемлекет басшысы.