Жаңалықтар

Бүгін ұсталған атышулы Хасан Қасымбаев туралы не білеміз?

Бүгін ұсталған атышулы Хасан Қасымбаев туралы не білеміз?
Фото: Коллаж El.kz 04.11.2024 13:03 1973

Қазан айының басында бір топ жігіттің қолынан қаза тапқан 10-шы сынып оқушысы Шерзат Болаттың өлімі жайлы қаралы хабар бүкіл Қазақстанға жылдам тарады. Бұл қылмыстың артында «Хутор» бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтің аты да қоса айтылып жатты. Көпшіліктің қызу талқысына түскен Хасан бүгін ұсталды.

Айта кетейік, қоғамда үлкен резонанс тудырған қанды оқиға 4 қазан күні кешкі уақытта Талғардағы «Қамажай» дүкенінің алдында орын алған еді. Дүкеннен сыра алып, оның ақысын төлемей кеткен бейтаныс адаммен арада жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. 13 адамнан құралған топ қолдарына қару мен пышақ алып, дүкен иесінің 16 жастағы ұлы Шерзатты аяусыз ұрып-соғып, бірнеше жерінен пышақтап тастаған. Салдарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды.

Қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов төбелеске қатысқан бұзақылардың арасында «Хутор» деп аталатын топтың мүшелері болған деген мәлімдеме жасады. Жергілікті тұрғындарының сөзінше, Талғарда мұндай криминалдық оқиғалар жиі болып тұрады және мұның артында «хутор» бандиттері тұрған.

Хасан Қасымбаев кім?

Әлеуметтік желідегі жазбаларға үңілсек, қылмыстық топ қала тұрғындарының зәресін ұшырып, бұған дейін де жантүршігерлік қылмыстың болғанын жазып жатыр. Қылмыстың орын алуына жергілікті құзырлы орган қызметкерлері кінәлі, бұл жерде жергілікті полиция, учаскілік инспектор жұмыс істемеген дегенде пікір айтылып жатыр.

«Хутор бандиттері» қылмыстық тобын үш адамның басқаратыны туралы деректер айтылды. Олар – Хасан, Аслан және Ержан Қасымбаевтар. Халықтың наразылығы туындап, ел арасында «Хутор» бандасының басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаев туралы жағымсыз пікірлер көбейгесін, Хасан күтпеген жерден әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, өзінің бандаға еш қатысы жоғын және бұрын сотты болмағаны туралы сұхбат берді.

Банда, ұйымдасқан қылмыстық топ деп жатыр. Мұндай іске менің қатысым жоқ. Заң алдында бұрын-соңды сотталған емеспін. Заңмен ешқандай проблема болмаған. Әрине, інісі сотталған анау-мынау деп айтып жатыр. Інім 2017 жылдан бері өзінің жазасын түрмеде өтеп жатыр. Заң бәрімізге ортақ. Хасан өйткен-бүйткен деп көп нәрсе айтылуда. Заң орындары бар, болмаса маған тікелей келіп немесе заң орындарына арыздарын жазсын, – деп Хасан видеоүндеу қалдырды.

Алматы облысы полиция департаменті Хасан Қасымбаев 2 қараша күні ұсталғанын мәлім етті.

2024 жылғы 2 қарашада Азамат Қ. 2021 жылы маусымда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, азамат А-ны ұрлау күдігімен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайын жан-жақты, толық, объективті түрде қамтамасыз ету үшін кешенді тергеу амалдары жүріп жатыр. Іс материалдары сотқа бұлтартпау шарасы үшін жолданды. Тергеу облыстық полиция департаменті басшысының бақылауында, – делінген полиция департаментінің хабарламасында.

El дауысы ютуб каналының ақпаратынша, халық арасында айтылып жатқан тағы бір факт бар. Бұл сол оқиғаға қатысы бар күдіктілер арасында тағы бір адамның бостандықта жүргені. Ол тіпті полиция өкілі деседі.

Бұған дейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалхаров «Хутор бандиттері» атты қылмыстық топтың жоқ екенін айтып түсінік берген еді.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың не екені туралы нақты түсінік беретін бап бар. Ол үшін ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше рет қылмыс жасаған болуы қажет. Бірақ мұнда бір ғана оқиға. Әлеуметтік желілерден «Хуторскийлер» туралы ақпаратты да көрдік. Егер сіз Талғар ауданында тұрсаңыз, кеңес заманында осылай аталған «Хуторская» ауданы туралы естіген шығарсыз. Қазір қателеспесем, «Бірлік» деп аталады. Барлық тұрғындарды осы қылмыстық топтың мүшесі болды деп айта алмаймыз. Бізде мұндай қарақшылар мен топтар жоқ, – деді Серік Шалхаров.

Өнер иелерінің Хасанмен қандай байланысы бар?

«Хутор» бандасының басшысы саналған Хасан Қасымбаевтың аты-жөні жиі айтылғанымен, ғаламторда ол туралы мардымды дерек жоқДесе де, әлеуметтік желіде Хасанның қазақстандық жұлдыздармен түскен суреті көп. Соған қарағанда өнер иелерінің Хасанмен бір байланысы бар деп желі қолданушылар жарыса жазды.

Артынша танымал әнші Жанар Айжанова Хасан Қасымбаевпен түскен суретіне байланысты пікір білдірген еді.

Хасан деген бәле болды. Желкемнен келіп суретке түскен екен. Мен енді арқамнан суретке түскен адамдарға жауап бермеймін ғой. Маңдайында не деп жазулы тұрғанын қайдан білейін. Түссе анау, түспесе, көкірек деп айтасыңдар. «Жазығым жоқ, үш баланың әкесімін, өзіммен өзім шаруашылықта жүрген адаммын» деп сайрап отыр. Егер шын ақиқатты білетін болсаңдар, барып қол-аяғын байлап, менің алдыма әкеліңдерші. Айтатынымды оған да айтам. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазаның маған не қатысы бар?! Сендер айтқаннан кейін, Хасан екенін біліп жатырмын. Бір томпиған бала артымда тұр. Ол қай жылы түскен сурет, қай жерде түсірілгені есімде жоқ. Тағы басқа да әншілер тұр, – деді өнер иесі.

Ауыл тұрғындары Хасанды кінәсіз санайды

Хасанға қатысты көзқарас әртүрлі. Тіпті біреулер оның сөзіне сенім артты. «Хутор»  – Талғардағы Рысқұлов ауылының бұрынғы атауы. Рысқұлова ауылында 60-қа жуық жергілікті тұрғын мешітке жиналып, олар халық арасында «бандиттік» белең алғанын жоққа шығарған еді.

Хасан бауырымыз керісінше, осы ауылдың бірлігіне-тірлігіне шапқылайды. Мектепке көмектеседі, мешітке де пәленбай ақшасын берді. Осылай шапқылап жүрген жігітті алып қаралап кетті. Бәрі өшін ала алмай жүр ме? Хасанның інісі түрмеде отырған шығар. Ол өз жазасын алып отыр. Өйтуге болмайды ғой, халқым, – деді ауыл тұрғындары.

Тұрғындар диванда отырып алып, «Хасан бүйткен, Хасан сүйткен» деп жаза бермей, келіп, дәлел бар ма көрсетіп, құзырлы органдарға берулерін айтқан еді.

Қазіргі заңда Хасанды полиция органдары қасақана ауыр зиян келтіру бабымен тергеп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға