Елімізде жыл сайын қыркүйектің бірінші жексенбісінде мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні аталып өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Бүгінгі таңда мұнай-газ саласында 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Энергетика министрі Мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала мамандарының ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Министрдің айтуынша, мұнай-газ саласы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық экономиканың тұрақты дамуына және өңірлердің өркендеуіне тікелей әсер етіп отыр.
Бұл — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін, экономиканың дамуын және өңірлерде тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған мамандардың мерекесі. Әрбір тонна мұнай мен газдың артында мыңдаған геологтар, бұрғылаушылар, инженерлер, операторлар, қайта өңдеушілер мен тасымалдаушылардың еңбегі жатыр, — деді ол.
Энергетика министрі қазақстандық мұнайдың тарихына тоқталып, алғашқы мұнайшылардың жанкешті еңбегін еске алды. Бүгінде бұл сала заманауи технологиялармен дамып, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып келеді.
Саладағы басты жетістіктер қатарында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған жобалары аталды. Министр жуырда Қазақстан алғаш рет жылына 100 миллион тонна мұнай өндіру көрсеткішіне қол жеткізетінін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш еліміздің әлемдік энергетикалық нарықтағы орнын одан әрі күшейтпек.
Құрметті әріптестер, осы жетістіктердің барлығы ортақ еңбектің жемісі. Энергетика министрлігі және өз атымнан баршаңызға алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, амандық және жаңа табыстар тілеймін! Кәсіби мереке құтты болсын!, — деп құттықтауын түйіндеді министр.

