© El.kz/Ербол Бекболат/Midjourney

Бүгін – металлургтер күні

Бүгін  еліміздегі ауыр өнеркәсіп саласының негізгі тірегі саналатын металлургтер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Аталған дата  – ауыр өнеркәсіп саласының қызметкерлеріне арналған кәсіби мереке. Бұл күн – тек бір саланың ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген қажырлы еңбек иелерінің құрметіне арналған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл күннің тарихы Кеңес Одағы кезеңінен бастау алады. Алғаш рет бұл кәсіби мереке 1957 жылы ресми түрде бекітілген. Кеңес Одағынан қалған дәстүрді Қазақстан, Ресей, Беларусь және басқа да бірқатар ТМД елдері сақтап қалған. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында Металлургтер күні ресми кәсіби мерекелердің бірі болып саналады.   2003 жылы сол кездегі ел Президентінің Жарлығымен шілденің үшінші жексенбісі металлургтер күні ретінде белгіленді.

Металлургия – экономиканың ең маңызды әрі стратегиялық салаларының бірі. Темір мен болат өндіру – индустрияландырудың басты көрсеткіші. Қазақстанда бұл сала ежелден дамып келе жатқан бағыт. Кеңес одағы кезінде еліміз тұтас одаққа металл өнімдерін жеткізуші негізгі орталықтардың біріне айналған еді. Қазіргі таңда да Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Павлодар, Балқаш, Жезқазған сияқты ірі өндірістік өңірлер металлургия саласының арқасында дамып келеді.

Металлург мамандығы – әлемдегі ең ауыр әрі күрделі кәсіптердің бірі. Қызған пештің жанында жұмыс істейтін бұл мамандар болат балқытудан бастап, металл өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңдерді бақылайды. Өндіріс орнында қауіпсіздік техникасын сақтау – басты талап. Себебі әрбір сәтсіз әрекет адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан металлург мамандығын – темірдей төзім мен оттай ыстық еңбекпен өлшенетін кәсіп деуге болады.

Бүгінде заманауи технологиялардың дамуына қарамастан, металлургтің жұмысы толық автоматтандырылған жоқ. Сондықтан да бұл саладағы әр маман қажырлы еңбек пен жоғары біліктіліктің үлгісі болып отыр.

Еліміздің металлургия кәсіпорындары болат, алюминий, мыс, қорғасын, мырыш секілді түрлі металдарды өндіріп, ішкі нарықпен бірге шетелге де экспорттап келеді. Металл өнімдері әлемнің ондаған еліне жөнелтіледі. Бұл салада мыңдаған адам тұрақты жұмыс істеп, отбасыларын асырап отыр.

Ұлттық статистика бюросының былтырғы жылғы мәліметінше, ел экономикасының жетекші салаларының бірінде бүгінгі таңда 90 мыңға жуық адам жұмыс істейді.