Жаңалықтар

Бүгін – Халықаралық әйелдер күні

Бүгін – Халықаралық әйелдер күні
Фото: vkurier.by 08.03.2023 09:18 1657

Бүгін Қазақстанда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі аталып өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл күннің тарихы әйелдер құқығы үшін күреспен тікелей байланысты. 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркте жұмысшы әйелдер манифестке жиналды. 

Олар 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі құрғақ жұмыс орындарын, ер адамдармен бірдей жалақы мөлшерін талап еткен еді. Әйелдер сол кездері 16 сағат тер төккен еңбектеріне өте аз жалақы алатын.

Ал 1910 жылы Копенгагендегі социалист әйелдердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері Клара Цеткиннің ұсынысымен наурыздың 8-ін Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды.

1914 жылдан кейін бірнеше елде 8 наурыз әйелдер мерекесі ретінде аталатын болды. Бұл күн – әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күні. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, сол жылғы наурыздың 8-інен бастап Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады. Қазақстан Республикасында да бұл мерекеге аса мән беріліп, осы күні елорда мен барлық облыстарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға